Түркістанда Сауран Елеуовтің шығармашылық кеші өтті
Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, композитор, ұстаз Сауранбек Елеуовтің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары мен қонақтар қатысты. Кеш барысында мерейтой иесінің өнер жолы мен шығармашылық еңбегі кеңінен насихатталып, сахна төрінде ыстық лебіздер мен құттықтаулар айтылды. Сондай-ақ, мерейтой иесінің мәдениет пен өнерді дамытудағы зор еңбегі еленіп, Қазақстан Композиторлар одағының «Алтын медалі» табысталды. Концерттік бағдарламада жергілікті және республикалық деңгейдегі өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, кештің шырайын ашты. Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен бір топ билік өкілдері сазгерді арнайы құттықтап, ел руханиятына қосқан үлесі үшін алғыс пен сый-құрмет көрсетті. Қонақтар қазақ мәдениеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан мерейтой иесіне айрықша құрмет көрсетіп, жылы ықыластарын білдірді.
Сауранбек Еркінбекұлы 80-ге жуық әннің, 35-тен астам ғылыми мақаланың және бірнеше оқу-әдістемелік құралдың авторы ретінде танымал. Ұлағатты ұстаз ретінде де өнер мен білім саласына өлшеусіз үлес қосып келеді. Сазгердің «Апатайым анашым», «Туған жер», «Армысыңдар, адамдар», «Түркістан», «Айдында жүзген аққулар», «Домбыра сазы», «Бесік жыры», «Ардагер қарттарым-ай», «Айналайын» сияқты туындылары халықтың жүрегінен берік орын алған.
Түркістан қаласы




