Абайдың әндеріне арналған кеш
Кемеңгер Абай Құнанбайұлы тек ұлы ақын ғана емес, сонымен бірге қазақтың ұлттық музыкасына терең із қалдырған композитор. Оның әндерін қазақтың ән өнерінің дамуындағы жаңа белес деуге болады. Абайдың ән шығармашылығының ерекшелігіне тоқталсақ, әндерінде терең философиялық ой, өмірлік сыр, махаббат пен мұң қатар өрілген. Музыкасында шығыс саздары мен қазақтың дәстүрлі әуені үйлесім тапқан. Әуездері жеңіл ғана емес, орындаушыдан да, тыңдарманнан да сезімталдықты талап етеді.
Киелі Түркістанда «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ағартушы, дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында «Көзімнің қарасы» атты ән кеші өтті. Кешке кітапхана қызметкерлері, Ұлттық ұлан 5574 әскери бөлімінің сарбаздары, сондай-ақ «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қызмет алушылары белсене қатысып, өнер көрсетті. Абайдың халық жүрегіне жол тартқан «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» сынды сырлы сазға толы әсем әндері орындалды. Сонымен қатар, «АКА» шығармашылық орталығының өнерпаз үйірме оқушылары Абай Құнанбайұлының өмір жолына қатысты сахналық қойылымдар қойып, ақын шығармашылығына деген құрметтерін ән мен жыр арқылы жеткізді. Іс-шараның мақсаты да Абай мұрасын кеңінен насихаттау, ұлы тұлғаның әндері арқылы ұлттық руханият пен өнердің құндылығын дәріптеуге бағытталған
Ел арасында кеңінен танылған белгілі әндерін атап айтайық. «Көзімнің қарасы» махаббат пен сағынышты суреттейтін сырлы ән. «Айттым сәлем, Қаламқас» нәзік сезім мен жастықтың шаттығын бейнелейді. «Желсіз түнде жарық ай» әні табиғаттың сұлу көрінісін суреттейтін, қазақ даласының әуенін сездіретін туынды болса, «Сегіз аяқ» ойлы, мазмұнды, күрделі құрылымды шығарма саналады. Абай әндері – халық жадында сақталып, әлі күнге дейін ел ішінде айтылып, домбыра, фортепиано, оркестр сүйемелдеуімен орындалып жүр. Бұл оның тек сөз зергері емес, нағыз сазгер, халық композиторы болғанын дәлелдейді.



