Абайдың сөзі – ақылдың кені
Киелі Түркістан шаһарындағы «Жеңіс» саябағында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абайдың сөзі — ақылдың кені» атты шара өтті. Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен апталықтың қорытындысы ретінде «Абайды оқы, таңырқа…» атты әдеби аялдама ұйымдастырылып, шараның жабылу салтанаты өтті.
Шара барысында Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев хакім Абайдың қазақ руханиятындағы орны туралы ойымен бөлісіп, кешті ашып берді. Сонымен қатар ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Серім Айғаным Абанқызы, Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер қаламгер Роза Нарымбетова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Несіпкүл Өтебаева бастаған зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Олар Абай мұрасының маңызына тоқталып, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны, даналығы, ұрпаққа қалдырған аманатын тебірене жеткізді.
Әдеби аялдама өте қызықы бөлімдерді қамтыған. Мәселен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Әнді сүйсең, менше сүй…!», «Қара сөздер – кемел ойдың кілті», «Хақім Абай: Өмірі, өлеңі, өнегесі» секілді сұрақ-жауап айдары да бар. Алдымен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аялдамасында кітапхананың үздік оқырмандары Абайдың өлеңдерін кезекпен мәнерлеп оқыды. «Әнді сүйсең, менше сүй…!» аялдамасында «Айттым сәлем Қаламқас», «Бойы бұлғаң», «Мен бір жұмбақ адаммын», «Көзімнің қарасы» әндерін қалалық Мәдениет үйінің әншілері орындады. «Қара сөздер – кемел ойдың кілті» аялдамасында Абай Құнанбайұлының қара сөздері орындалды. «Хақім Абай: Өмірі, өлеңі, өнегесі» сұрақ – жауап айдарына көрермендер сұрақтарға жауап беріп, арнайы сыйлықтар табысталды.
Рухани тағылымы мол шарада «Абай — қазақ руханиятының шамшырағы» атты кітап көрмесі жасақталды. Оған инсталляциялық көрме мен ұлттық құндылықты қамти отырып жасақталған қазақтың киіз үйін де қосыңыз. Осылайша дана Абайдың мұрасы келген көрерменге кең көлемде әрі жан-жақты таныстырылды. Түркістандық кітапханашылар Абай ілімін бірге дәріптеуге шақырды.



