«Тағдыр тағылымы» кітабы музейге табысталды

 

Артында өшпейтұғын із қалдыра білген тұлғалар баршылық. Қазақ қоғамы үшін, елінің ертеңі үшін біртуар тұлғаның бірі де бірегейі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеуші ғалым және мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков. Арда азаматтың ұлы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі әрі «Ozbekali Janibek» қоғамдық қорының директоры Бауыржан Жәнібеков әкесінің «Тағдыр тағылымы» кітабының жаңа басылымын жарыққа шығарып, біршама данасын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кітапханасына сыйға тартты.

«Бұл құнды туындыда Өзбекәлі Жәнібековтың өмір жолы, мәдени мұраға сіңірген еңбегі және тағылымды ой-пікірлері көрініс тапқан. Жаңа басылым музей кітапханасының қорын байытып, зерттеушілер мен музей-қорық қызметкерлеріне маңызды дереккөз болмақ» дейді музей кітапханашысы М.Көпеева.

Бес жүздей беттен тұратын кітапты бір деммен оқуға болады. Қайраткердің есімін елімізде білмейтіндер жоқ шығар. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне алаңдап, оны жақсартуға, төл мәдениетімізді дамытуға, дана халқымыздың дәстүрлі өнерін күллі әлемгк танытуға өзіндік үлес қосып, саналы ғұмырын арнады. Ел жастарын игі істерге бастаған ұзақ жылдар, кеңес қызметінде жүріп бастан кешкендер, тарихи және мәдени ескерткіштерді мемлекеттік есепке алу, қорғау, қайта ұқсату және пайдаланудағы бесенелі бейнет, сол сияқты әділет пен келешек қамы үшін күрескен кешегі дүрбелең дәуір автор қаламынан шыққан ізгі шежіредей, бір сөзін аттап кете алмайсыз. Кітаптың бағамды бай тілі, тартымды өткір желісі, алуан өткелдер, тағдыр тағылымы оқырманды алысқа жетелей түседі.

Түркістан қаласы