Түркістандық кітапханашылар мерекелерге белсене атсалысты
Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бүгінде киелі шаһарда өз орнын қалыптастырып үлгерген. Оған қарасты N9 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай «Ата Заң – елдігіміздің асыл тірегі» атты іс-шара өтті. Викториналық мақсаты – оқушыларға Ата Заңымыз туралы білім беру, оның қоғам өміріндегі рөлін түсіндіру, азаматтық құқық пен міндеттер туралы түсініктерін дамыту.
Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Заманауи кітапхананың кітапханашылары мен «Winner kids» спорт және өнер мектебі бірлесіп, «Ата Заң – бейбіт елдің суреті» атты сурет салу шарасын ұйымдастырды. Шара барысында жас оқырмандар «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында өз қиял-армандарын қағаз бетіне түсіріп, Отанға деген сүйіспеншілігін сурет арқылы жеткізді. Сонымен қатар қатысушыларға арналған қызықты «БиблиоЛото» ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған кітап көрмесі жасақталып, оқырмандарға таныстырылды. Бұл шара балалардың шығармашылығын дамытуға, Отанға деген патриоттық сезімдерін арттыруға және Конституция күніне деген құрметті қалыптастыруға бағытталды.
Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Балауса» жазғы лагерінде балалардың көркем шығармалар туралы білімдерін, сонымен қатар қазақ халық ертегілеріне қызығушылығын арттыру, танымдық және логикалық ойлауын дамыту мақсатында «Суреттегі ертегі» атты іс-шара өтті. Шара барысында балалар иллюстрация арқылы ертегілерді тауып, ертегінің қысқаша мазмұнын баяндап өтті. Балалардың айтуынша өте қызықты әрі көңілді өтті. Белсенді қатысып сұрақтарға дұрыс жауап берген барлық балаларға сыйлықтар үлестірілді.
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл. Бұл уақыт аралығында Ата Заңымызға бірқатар өзгерістер енгізілді. Еліміздің азаматтары үшін аталған маңызды құжат елдегі барлық заңнамалық актілердің өзегі болатыны айқын. 1995 жылдың 30 тамызында референдум өтіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданған болатын. Ата заңымыздың тарихы негізі 1993 жылдан басталады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция 1995 жылы қабылданған еді. Қазіргі таңға дейін бірнеше рет, атап айтқанда 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары Конституцияға өзгерістер енгізілді. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше өзгерістер енгізілген болатын.
Түркістан қаласы





