Түркістанда жаңа кітаптың тұсауы кесілді
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында жаңа кітап оқырманға таныстырылды. Өзбекәлі Жәнібек атындағы залда өткен шарада белгілі жазушы, «Шалқар» радиосының ардагер жүргізушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері Қабланова Гүлсара Смаилқызының «Екі тағдыр, бір өмір» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек Сұлтанбек Қожанов пен Садық Өтегенов сынды елге еңбегі сіңген тұлғалардың тағдырына негізделген.
Кеш модераторы – профессор, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Хәзретәлі Тұрсын Маханұлы болды. Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды сұхбат ұйымдастырылып, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Автор кітаптың мазмұнына тоқталып, негізгі мәнін аша түсті. Ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы Сұлтанбек Қожановтың жиен қарындасы. Тұлғалы ағасының ет жақыны ретінде оның өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныстырып, тағылымды естеліктерге толы осындай еңбекті жарыққа шығаруы – ерекше қуаныш.
Алғашқы құттықтау сөздерді филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов пен Сұлтанбек Қожановтың еңбегін насихаттаушы Абдурайра Манахов арнады. Кеш шымылдығы халық әні «Беу, айдай!»-мен ашылып, оны жас кітапханашы Жетпісбай Балнұр тамылжыта орындады.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі құрметті қонақтар Сейдулла Садықов пен Абдурайра Манаховқа ұсынылды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, журналист, Созақ ауданының Құрметті азаматы Нұрпейісов Нариман Жұмашұлы кітап авторына жүрекжарды тілегін білдіріп, кітапхана қорына өзінің «Саттартану», «Ақсүмбенің Ақберені», «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты еңбектерін сыйға тартты. Сондай-ақ авторға арнайы «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» кітабын табыс етті.
Шараға мәдениет саласының үздігі, профессор Бекжігіт Сердәлі, ардагер ұстаз Несіпкүл Өтебаева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Роза Нарымбетова, зиялы қауым өкілдері мен қаламгердің туыстары және кітапхана қызметкерлері қатысып, жүрекжарды пікірлерімен бөлісті. Іс-шараны кітапхана ұжымы ұйымдастырған. Қорытынды сәтте инновациялық-әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Гүлнұр Есіркепқызысөз сөйлеп, авторға шынайы алғысын білдірді.
Кітап – тағдыр мен өмір, қайсарлық пен ізгілік хақындағы шынайы сыр. Бұл тағылымды кездесу кітап сүйер қауымға рухани серпін беріп, жас ұрпаққа өнеге боларлық мазмұнды сәттерге толы болды.
Түркістан қаласы




