Қайран, Ыбырай-ай!?.
Абай жарықтық «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» деп өзінің айналасындағы надандарға кейіп өтіп еді…
«Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық» деп бүкіл қазақ даласына білім қоңырауын қаққан Ыбырай Алтынсарин бүгінгі ұрпағының түрін көрсе, не істер еді?!.
Қазір Қазақстандағы барлық арнада дерлік бір жарнама жүріп жатыр. Жарнаманы жарнамалауға құлқымыз жоқ. Осындай жарнаманың күндіз-түні эфирден беріліп жатқанына таңбыз. «Берик, Серик, кел, братишкалар, оқылық» деген жарымжан жарнаманың елдің намысына тиюден басқа түк те пайдасы жоқ.
Туған тіліміздің шұбарланғанына бір ғасырдан асты. Зебра мен жирафтың шұбарлылығы жақсы екен ғой, қазақ тілінің шұбарлануы шекті мөлшерден шығып кетті. Екі ортада не орыс емес, не қазақ емес шаталар көбейді. Мына жарнама да сондайларға арналған сияқты. Бірақ қалған қалың елдің көзін, сөзін, өзін елейтін кім бар?!.
Бүгін «братишкалар» деп жаһанға жар салып отырғандардың ертең «аташкалар, ажешкалар, татешкалар, женгешкалар, сестришкалар» деп сөз балалатып жатпасына кім кепіл?
Қармаққа жем іліп, балыққа тастасаңыз, көп балықтың ішінен бір-екеуі әлгі жемді түртіп көреді. Мына жарнаманы жарыққа шығарушылар да қазақтың шамасын солай түртіп байқағысы келетін тәрізді…Ешкім үндемесе, одан да зорын шығарады.
Қазақстан Республикасының Тілдер туралы, Жарнама туралы заңдары бар. Сол заңдар қазақ тілін қорғай ала ма?!.
Бізде біреу біреуді зорласа, заң жүзінде жауапқа тартуға болады.
Ал ана тіліңді тал түсте зорласа ше?!.
Қазақ тілін қалай болса солай бұрмалап, нешетүрлі бөтен сөзбен былғап, алабажақ қылып шұбарлап жүрген қандас бауырларымыз осы әрекеті арқылы өз анасының тілін зорлап жатқандарын біле ме екен?!.
Тілді шұбарлау – тілді зорлау емей немене?
Тілді шұбарлау – елді қорлау емей немене?
Мемлекеттік тілді шұбарлау – мемлекетті қорлау! Барлық қазақ көзіміз бақырайып отырып, мемлекеттік тілді қорлауға жол бере береміз бе?!. «Кел балалар, оқылық» деген қанатты сөзді шығарған Ыбырай Алтынсаринның аруағын қорлауға беріп қоямыз ба?!.
Мемлекеттік заңдылықтың сақталуын қадағалайтын Қазақстан прокуратурасының бір қызметкері жоғарыдағы жарнаманың жөнсіздігі туралы «бұл қалай?» деген бір ауыз сөз айтқан жоқ.
Ұлт мүддесін көздеп жүрміз деген ұлтшыл-патриоттардың ешқайсысы үн шығармайды.
Мемлекеттік мекемелердің көздері соқыр, құлақтары керең, сондықтан оларға пәлен деудің өзі артық…
Сонда не болды?
Қайран, Абай-ай!..
Қайран, Ыбырай-ай!..
НҮРТӨРЕ ЖҮСІПТІҢ ФБ ПАРАҚШАСЫНАН

