Абай елінде Түркістан облысының мәдениет күндері басталды

 

Бүгін Абай елінде Түркістан облысының мәдениет күндері басталды. Мерекелік шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы қатысып, түркістандықтарға ерекше ризашылығын жеткізді. Қос өңір арасындағы рухани-мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

«Түркістан түркі дүниесінің рухани астанасы ғой. Семей – алаштың алғашқы астанасы. Екі рухани өңірдің бауырластығы, ынтымақтастығы қуантады. Ең бастысы, мұнда баға қолжетімді. Жәрмеңкенің үлкен мерейтойдың кезінде ұйымдастырылғанын халық жақсы қабылдап жатыр. Бұл шара Шығыс пен оңтүстіктің арасын жалғаған алтын көпір болды. Халыққа қажет осындай жәрмеңкелерді алдағы уақытта да ұйымдастыру үшін әріптесім Нұралхан Көшеровке тұрғындардың өтінішін айтып, қолқа салатын боламыз» деді Семей облысының басшысы.

Семей қаласындағы «Арена» кешенінде өтіп жатқан ауқымды шараны Түркістан облысының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев пен Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков таныстырып өтті. Сондай-ақ облыс басшысы Нұралхан Көшеровтың сәлемдемесін жеткізді.

«Абай өңірі, Семей халқы бізді жылы қабылдап жатыр. Талай жәрмеңкелерді ұйымдастырып жүрміз. Бірақ халықтың мынадай ықыласын бірінші рет көріп тұрмыз. Таңғы сағат 7-ден бастап жиналып, өнімдерімізді алып жатыр», – деді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхамбет Құралбеков.

Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шара аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінен құралған жәрмеңке ұйымдастырылып, Абай еліне 540 тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек, балық және өңделген тағам өнімдері жеткізілді. Тұрғындарға сапалы өнімдер қолжетімді бағада сатылып жатыр.

Мәдени күндер аясында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы өтіп жатыр. Бағдарламада қазақтың ұлттық болмысын айшықтайтын фольклор, патриоттық рухтағы әндер, классикалық композициялар, би және вокалдық шығармалар көпшілікке ұсынылуда. Сонымен қатар қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшіліктің ерекше қызығушылығына ие болды.

Түркістан – сан ғасырлық тарих пен мәдениеттің алтын бесігі, ал Семей – қазақ руханиятының күре тамыры. Екі өңірдің өнері мен салт-дәстүрі тоғысқан бұл шара қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Ұлт руханиятын ұлықтаған Түркістан керуені ертең де жалғасады.

Түркістан