Әже аманаты
Әжеме қатты еркелеуші едім. Жарықтық асты-үстіме түсетін. Түні бойы ұйқы көрмей, жатысы жаман мені қымтаумен бозала таңды көзімен атқызатын…Ертегілер айтатын! Бітпейтін ертегілер! Одан кейін батырлар жайлы дастандар кетеді. Таң қаламын, осынша дүниелерді есте сақтау деген, оны тамылжытып, рухтандырып айту деген… тыңдап жатып ұйықтап кетемін. Әжем ақырын ғана маңдайымнан сүйіп, құран сүрелерін оқып денемді сипайды.
Ойыннан әбден шаршап ұйқылы-ояу жатқан маған: “ Құлыншағым сол, биссмиллә” деп ұйықташы. Ұйқың тыныш болады дейтін! Фатиха, Ықылас сүрелерін әжем қырағатпен жаттататын…
Көкірек көзі ояу, арапша
оқығаны бар әжемді бір рет қатты ренжіттім.
Дарвин іліміне тойып алған бір мұғалім “Адам маймылдан жаратылған. Ол эволюциялық жолмен дамыған. Карл Маркс айтқандай “ Адамды адам еткен еңбек” деп миыма құйып жіберсін!
Үйге келе сала “ Құдай жоқ! Адам маймылдан жаратылыпты!” деп сүйінші сұрағандай айтып жатырмын! Әкем де, шешем де үндеген жоқ. Тек әжем ғана “Құлыншағым олай айтпашы! Құдайдың қаһарына ұшырайсың” деп иегі кемсеңдеп далаға шығып кетті.
Байқаймын кешке дейін ұнжырғасы түсіп, көңілсіз жүрді.
Әдеттегідей түнде әжемнің қасына жаттым. Басымнан сипап, күбірлеп бірдеңе оқвды да, ары аунап иығы селкілдей жөнелді. Әжемнің мойнынан қүшақтап еркелей бастап едім, қолыма жас тамды.
Сөйтсем әжем егіліп жылап жатыр екен! Бала болсамда жүрегім атқақтап кетті!
“Әже, әжетай сізге не болды? Неге жылап жатырсыз?” деп, әжемді құшақтап өзім ботадай боздайын!
Әжем алдына өңгеріп, маңдайымнан сүйіп тұрып бар айтқаны: “ Құлыншағым, Сенен өтінерім, ешқашан Аллаға күпірлік келтірме! Аллаға тіл тигізбе! Сенен осыны сұраймын” деді.
Ойын баласы болсам да әжемнің жас жуған жүзінен сүйіп жатып ант еттім: “Әже, ешқашан Аллаға күпірлік келтірмеймін! Тіл тигізбеймін!
Әжетай, ант етемін! Маған сеніңіз” дедім екі көзім жасқа толып!
Әжем көңілденіп кетті білем, қолын жайып ұзақ дұға етті. Мен де қолымды жайып отырып ұйықтап кетіппін.
Одан бері қырық жылдан аса уақыт өтті. Әжем баяғыда аруаққа айналған!
Әжемнің дұғасы болар, талай-талай өлімнің аузынан қалдым! Түрлі қиындықтарды, сынақтарды бастан кештім!
Бірақ Аллаға тіл тигізіп көрмеппін!
Осы фб-да Исламға күйе жағып, Аллаға күпірлік келтіріп, пайғамбарға (с.ә.у) тіл тигізіп жүргендердің әжелері болмаған-ау деймін. Атасы мен әжесіне еркелеп өссе, олардың тәрбиесін көрсе құдайдан қорқар еді ғой деймін өз басым!
Топырағы торқа болғыр әжем “ Балам, ел аузында жүрген, бағы үстем, мәртебесі биік жақсы адамдарға үнемі дұғада бол! Тілектес бол!
Олар бағы асқан адамдар, қолыңнан келсе қастарынан табыл, қолдап қорға! Одан жаман болмайсың” дейтін.
Әжем марқұмның бұл аманатын да шамам келгенше орындап келемін.
Жақсы көретін адамдарыма жасырын да, жария да дұға жасап қоямын!
Әжемнің аруағы риза болсын деп!
Нағашыбай Қабылбек

