Түркістан қаласының кітапханасы –оқырман үшін құтхана

Киелі шаһарда облыстық «Фараб» кітапханасынан бөлек, бірнеше кітапхана оқырман үшін қызмет етеді. Соның ішінде Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі – қала тұрғындарына мәдени, білім беру мен ақпараттық қызмет көрсететін маңызды мекемелердің бірі.  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде бір орталық кітапхана мен бір балалар кітапханасы, сонымен қатар 11 кітапхана филиалдары және Жаңа қалада орналасқан Заманауи кітапхана кіреді. Бұл кітапханалар қаладағы тұрғындарға бірдей стандарт бойынша қызмет көрсетіп, кітапханалық үдерістерді жүйелі түрде жүргізуді қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі заман талабына сай жаңарып, жаңа технологиялармен жабдықталуда. орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басты мақсаттарының бірі – тұрғындар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, мәдени  — ағартушылық іс шаралар ұйымдастыру және жастардың рухани дамуына үлес қосу. Осы мақсатта кітапханаларда түрлі әдеби кештер, кездесулер, көрмелер, байқаулар және тағы басқа түрлі форматта іс-шаралар өтеді. Кітапханашылар оқырмандарға сапалы қызмет көрсету үшін үнемі ізденісте жұмыс істейді. Олар библиографиялық кеңес беру, тақырыптық көрме ұйымдастыру және жаңа әдебиеттерді насихаттау жұмыстарымен айналысады.
Жалпы жүйе бойынша І жарты жылдықтағы кітап қоры 350 мыңнан асып отыр.

Түркістан қаласы