Түркістанда халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалі өтті

Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Түркістанда халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған өнер додасына әлемнің 17 елінен келген дарынды әншілер қатысып, қазақ ән өнерінің таңдаулы туындыларын шырқады. Байқау қорытындысы бойынша Италия елінен келген талантты әнші Vincenzo Cantiello фестивальдің бас жүлдесіне ие болды.

Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Тунис, Португалия, Румыния, Куба, Италия, Оңтүстік Африка, Сан Марино, Эквадор, Индонезия, Болгария сияқты алыс-жақын шет елдерден келген өнерпаздар қатысты. Олар Ақан сері, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының туындыларын орындап, қазақтың бай музыкалық мұрасын жаһан жұртшылығына паш етті.

Алғашқы күні фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және Түркия және Индонезия елінің өкілдері, шетелден келген өзге де меймандар қатысты. Конкурс қатысушыларын таныстырған бейнеролик көрсетілді.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. «Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Еліміздің мәдени беделін әлемге танытуға бағытталған маңызды жобаны облыстың жеті жылдығына орай Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.

Түрленген Түркістан шетелдік әншілердің көзімен

Фестиваль алдында халықаралық қазақ әндері байқауының қатысушыларымен кездесу өтті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен фестивальдің бас продюсері Мейіржан Алиакбаров шетелдік әншілерге сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар қазылар алқасының мүшелері, талант иелері Бағлан Омаров пен Али Оқапов та қатысты. Фестивальдің қазақ өнеріне қосар үлесі зор екенін жеткізді. Шетелден келген әншілер байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын атап өтіп, алғысын білдірді.

Халықаралық фестивальге қатысушы шетелдік өнерпаздар Түркістан қаласына келіп, киелі шаһардың тарихи-мәдени мұрасымен жақын танысты. Олар ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, ғасырлар тынысы мен көне Түркістанның рухын сезінді. Кесене аумағын аралаған сәтте әрбір кірпіштен тарих пен тылсым үндестігін аңғарып, қазақ халқының рухани ізіне терең бойлады. Түркістан – тек өнердің емес, тарих пен руханияттың да ордасы екеніне шетелдік өнерпаздардың көздері жетті. Экскурсия барысында қатысушылар қазақ халқының дәстүрімен, тұрмысымен және ұлттық болмысымен кеңінен танысып, ерекше әсер алды. Сонымен қатар эксурсия соңында Этноауыл аймағына келіп, «Саялы Сарыағаш» этно-ансамблінің иммерсивті қойылымына қатысып, қазақтың көне күйлерді тыңдап, домбыра, қобыз, сыбызғы секілді ұлттық аспаптарды қолдарына ұстап көрді. Шетелдік өнерпаздар қазақтың бай өнері мен дәстүрлі музыкалық аспаптарына терең қызығушылық танытты.

«Бұл аспапты бұрын тек интернеттен көрген едім… Енді өз қолымда ұстап тұрмын. Бұл жай дыбыс емес, бұл жердің тынысы», – деді Башқұртстаннан келген өнерпаз қыз. Түркістанның киелі атмосферасы мен қазақтың мейірімді көңілі шетелдік қонақтардың жүрегін баурап алды. Олардың қазақ мәдениетіне деген ықыласы мен қызығушылығы арнайы құрметпен ескерілді. Қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Олар қазақ мәдениетіне шынайы сүйіспеншілікпен қарап, тілімізді үйренуге, әнімізді айтуға, күйімізді сезінуге қызығушылық танытып отыр.

Фестивальге дайындық қызу жүргізілді. Әр елден келген қатысушылар сахнаға шығуға бар күш-жігерін салып, күн-түн демей жаттықты. Олар қазақ әнін барынша шеберлікпен орындау үшін вокалдық, тілдік және сахналық шеберліктерін жетілдірді.

Қазақ ән өнері әлем назарында

Фестивальдің шешуші кезеңінде әрбір әнші қазақ әндерін өз стилінде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында Мөлдір Әуелбекова мен Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев өнер көрсетті. «Voice of Turan – 2025» фестивалі Түркістан аспанын әуезді әнге бөлеп қана қоймай, қазақ әнінің құдіретін әлемге тағы бір мәрте танытты. Бұл – өнердің, мәдениет пен руханияттың ұлт пен шекара таңдамайтынын дәлелдеген тағылымды шара.

Қазылар алқасының құрамында еліміздің белгілі өнер майталмандары мен композиторлар, эстрада жұлдыздары болды. Атап айтқанда, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАрт» ансамблінің солисі Сәкен Майғазиев, сондай-ақ Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов, Мейіржан Алиакбаров қатысушылардың өнерін бағалады.

Фестиваль мақсаты – қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Сонымен қатар Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды таныта түсу.

Тұрсынай Шаметова