Тағдырлар тоғысы
—Еее, жаратқан ием, құдайым ай. Не кінәміз бар еді? Құдайдан сұрап алған жалғыз баламыз осылай болып қалатындай кімнің алдын кесіп кеттік екен. Алла ай, Алла. Не істесек болады?-деп тынымсыз зарлап отырған әйелі
Жаңылға, күйеуі Кемелбек
—Зарлай бермеші әй. Миымды ашытып жібердің ғой. Сенің жалынып жалбарынғаныңды еститін болған да Құдай баяғыда көмектесер еді. Бұндай да Құдайдың да құлағы керең, көзі соқыр болып қалатын әдеті емес пе? Қысқартшы зарлауыңды.-деп ұрардай болып ақырып жіберді.
Кемелбек биыл 55 жасқа толған кісі ағасы, уақытында біраз қызметтің басын шалған «мем қайраткер». Қайын жұрты мықты жерден болғасын уақытында бұның наны жүріп тұрды. Көптеген мықтылар мен дәмдес болды. Үріп ішіп шайқап төгіп, шалқып өмір сүрді. Кемелбектің қайын жұрты, тәуелсіздіктің басында өздерінің үлесін » қарпып асап» жағдайды жамбасқа басып қалғандар. Ол кезде үріп ауызға салғандай, Кемелдің өзі айтқан
«жүзімнің суындай» балауса Жаңылды ұнатып қалған болатын. Жасы 25 ке келген тіс қаққан жігіт, азырақ күн Жаңылмен әуейленіп жүрді де
«алып қашты».
Кемелдің бұрынғы» жүріп жүрген» қызы тым қарапайым болып көрінді.
Ешкімнен артықшылығы жоқ кәдімгі Қазақтың бидай өңді қызы. Тек күлгенде көздері ұшқынданып, екі бетіне моншақтай екі ойық түсіп жайнап кететін. Әке шешесіде қарапайым, елден асар ештеңесі жоқ-тын. Оның қасында
Жаңыл талғаммен, жақсы киініп өзін сыпайы ұстап өз бағасын білетін «ханшайым» еді. Сонысымен Кемелбекті «сындырып» алды. Хош, сонымен Кемелбек «қатын алма, қайын ал дегендей» солардың арқасында тасы өрге домалады. Жұрттан озық үй салды, елден ерек көлік мінді. Жаңыл әуелгісінде Алматыдан, соңынан Қырғыздан киім кешек әкеліп сатып бастады да соңынан алыс, жақын шетелден келген қымбат киім сататын салондар ашты. Екеуі, үш төрт жыл жүріңкіреп барып жалғыз ұлды болды. «Құдай бір бала берді, оның да мұрны пұшық» болды дегендей ерке, шолжаң баланың тілі шығып болмай әуреге салды. Кейін тілі шығып сөйлей бастағанда, мейманасы тасып тұрған Кемелбекте, баланың нағашылары да бетінен қақпады, керісінше дөрекілікке, боқтық айтуға үйретті.
Жасына жетпей көлік мінді, әлденеше машинаны соғып та алды. Ақшамен Алматыға оқуға түсіп әйтеуір бір дипломның иесі атанды. Сол оқыған жағынан бір қызбен танысқан еді, соңында соған үйленді. Кемелбек пен Жаңыл шабылып той, дүркіретіп құдалық берді. Жасынан ерке, айтқанын істетіп үйренген баласы
Ринат, келін босанғанда жігіттер мен «моншаға» барып «жуған», өздері де жуынған. Сол монша да тайып құлағанын болмаса біреу итеріп құлатқаны белгісіз, қарақұстан оңбай жарақат алған.
Жұлын зақымдалып, денесі қимылсыз қалды.
Қытай, Корея, Түркия мамандарына көрсетіп келді, бірақ жақсару жоқ. Міне осылай жатқанына үш жылдан асып кетті.
Денесі ауру сезбеседе, жата жата сартап болып арқа терілері қызарып бастаған, тек күшті крем, жақпа майлардың арқасында әйтеуір жидіп түсіп қалмады. Ринат сол құлаған күннен Кемелбектің отбасының берекеті кетті. Ринаттың мына жатысына 8-ай ғана шыдаған келін қызын алып кетіп қалды.
Жақында ғана заңды түрде ажырасқан соң тағы да күйеуге шығыпты деген хабар естілді.
Қайын атасы мен қайын енесі, Кемелбектің әке шешесі де бақилық болған бұл кезде. Мансаптың буымен жүріп доста жинамаған екен. Бұрын қасында өріп жүретін «Амал достар» іздерін суытқан. Мансапта төмендей төмендей қарапайым қызметкерге дейін төмендеді. Ар жағыңда сәуле, сауат болмаса біреудің арқасында келген мансап тұрақсыз болады екен. Жаңылда баласының еміне шет елдерге көп шығам деп дүкендерін бірінен соң бірін сатты. Кемелбектің сырт айналған «амал достарының» бір қатары жәй кеткен жоқ, бұны әжуалап,»Қайын жұрттың арқасында шардай үріліп едің,енді желің шыққан шығар.Бұл әлі аз.Баяғы қылықтарың үшін көмусіз қаласың» деп мазақ қылып кетті.
Бала күнгі достардан тек Жеңіс деген құрдасы қалды. Сол келіп араласып, сөйлесіп тұрады. Кемелбек, бастық боп тұрған кезінде осы Жеңіс жұмыс сұрай барғанда «Сендер ақ тіленесіңдер де жүресіңдер. Көмектес, көмектес дейсіңдер де жүресіңдер. Осы маған көмек кезде біреуің табылмай қанды ішесіңдер ғой» деп қарқ қарқ күлген. Жеңіс ештеңе деместен кабинеттен шығып кеткен.
Көп жылдар көзіне түспей жүрген, осы күндері Кемелбектің басына «бұлт үйірлгенде» жанашырлық танытып, көңілін бөліп арасында асқа шақырып «сен жалғыз емессің» дегендей жанына жалау боп жүр. Жеңістің үйіне барған сайын, Кемелбектің көңілі босап, жан дүниесі бір аударылып түседі.
Ешқандай мансап, байлық, ақша қарапайым ғана отбасылық бақытқа, ешқандай жеке бастың пайдасын ойламайтын достыққа жетер ештеңе жоқ екен. Соны түсініп, мансап қуып, ақша байлық деп жүріп өмірінің босқа өткеніне қатты күйініп өкінішке батады. Жеңістен үйренгені қарапайым ғана сыйластық деген ұғым, дүниенің бар байлығынан артық екені.
Жеңістің үйретуі бойынша, оның немерелері Кемелбекке де «Ата» деп сөйлейді. Қалтасына сала барған тәттілерге кәдімгідей таласып «менің атам» деп бұның алдына отыруға таласатыны өте керемет өзгеше рахат сыйлайды.
Бұндай рахат сезімді Кемелбек мол дүниенің ішінде жүріп ешқашан сезінбеген еді.
Ринаттың жағдайы жақсарар емес, сол баяғы қалпы. Белден төмен жағында жан жоқ, тіпті шеге тығып алса да сезбейді. Оң қолының саусақтары әрең қимылдайды, сол қолы қимылдатуға келеді, бірақ қасық ұстап ас ішсе тез шаршап қалады.
Сондай бір өкініш пен уайыммен өтіп жатқан күндердің бірін де, Ринаттың емдеуші дәрігері қалаға мықты «неміс маманы» келгенін, жасы отызға жаңа келседе әйгілі нейрохирург екенін айтқан.
Нейрохирургиядан тәлім тәжірибе жинап, ғылым қуып жүргенін айтқан, егер соның алдына бір жетізіп апаралса Ринатқа мүмкіндік, үміт пайда боларын айтқан. Әйтседе бұл «немістің» тек диагноз қоюының өзі мың жарым евро екенін ескертіп өтті.
Бүгін міне, Жаңылдың зарлап, Кемелбектің ұрысып отыруының басты себебі осы болатын.
«Ияя, ең болмаса сол немістің бір ауыз сөзін естісек, үміт бар жоғын білсек жақсы болар еді» деп ойланып отыр. Әйтпесе ақыл бергіштер тығырықтан шығар жол » ифтаназия». Баланы да өздеріңді де босқа қинамай тағдырға мойынсұнып соны қабылдаған дұрыс деп жүр. Бұлар жалғыз түйір баласын ең соңғы үміттерін қалай қолдан өлтіруге берсін, олай істегенше өздері өлгені дұрыс қой.
—Жоқ-деді, өзінен өзі Кемелбек.
—Мал екеш мал да өлер алдында тұяғын бір серпеді. Баламды өз қолымнан өлтіргенше тырмысып қалам. Құдай сәтін салып әулие әнбиендер қолдаса мен де әлі
Жеңіс сияқты немере ойнатып отырармын болмаса соларды көріп кетермін. Үй жайымды сатайын, қарызға батайын сол немістің аяғында жатайын. Не болса да соның алдына бір апарайын-деді. Тоқтаусыз зарлап отырған Жаңыл да басылып, «ең соңғы тірегім, сенерім өзің» дегендей күйеуіне мол үмітпен қарады.
Екеуі Ринат жатқан бөлмеге кіріп,
—Балам, бәрі жақсы болады. Сенің жолыңа жанымыз да, барымыз да құрбан. Бір нәрсе жасамақпыз, Құдай қолдап, аталарың жар болса әлі де үміт бар, жазылып жүріп кетесің балам—деп, басынан сипап, қолдарын болар болмас қысып дем берді.
Ринаттың,беті аппақ болып солып,жақ сүйектері білініп, көздері шүңірейіп терең шыңырау құдықтың ішіндегі жылтыраған сәуледей болып жатыр, денесінің еті қашқан терісіне ілініп жатқан бір тірі әруақ.
—Әй, папа, мама. Сол құр әуре сияқты. Қозғамаңдаршы мені-деп ентіге үзіп жұлып жартылай сақаулана сөйледі. Түсініксіздеу сөйлесе де, үйреніп қалған әке шешесі түсінді.
—Жоқ балам. Қарап отырғанша қарманып көреміз. Бұлай сені өлімге бере алмаймыз. Ең соңына дейін, сенің кеудеңнен жан шыққанша қарманамыз-деп сеніммен айтты.
Әйелін, баласының қасына қалдырып өзі Жеңіс досымен ақылдасуға кетті.
Жеңіс салған жерден
—Ойбай, оның не айғайы бар. Біздің үлкен келіннің артынан келген боталы түйенің ботасы биыл құнанша шығып тұр. Былтыр тағы боталады, балалардың шәй сүті мен ағарғанына сүт бар әйтеуір. Сол құнаншаны атадым саған, баланың жолына құрбан — дегенде, Кемелбек құшақтай алып —Еее, ақкөкірек досым ау, сенен жақын адамым да қалмапты ау. Кешір, алдыңда кінәлі екенімді біліп тұрсаң да, көмекке ұмтылдың. Кешір—деп жылап, теңселе құшақтап тұр.
Бұндайды күтпеген Жеңіс
—Өйй, құрсын жылама. Жылағаны несі. Саспа бәрі жақсы болады. Балаң жазылады, күліп жарқырап жүресің әлі—деп арқасынан қақты.
Бұрыннан қалған азын аулақ қоры бар, ақшалай қарыз алып қосып Кемелбек жолға дайындалды.
Жолға шығардан бір күн бұрын құдайы садақа таратып, ата баба әруағына құран оқытты.
Садақадан соң Жеңіс досы
—Құнаншаны алмадың, енді оны өзің білерсің. Бірақ менде айтқанымнан қайтпаймын. Атадым сол құнаншаны. Мал қылып бағам десең де, ертең мына бала жазылып келген де той беріп соям десең де, сенікі. Атағаным атаған-деп қоймай тұрып алды. Құдайы садақадан соң шым шытырық түс көріп, түсінде жаны қиналып қайта қайта оянсада алған бағыттан қайтпай шала ұйқы жағдаймен жолға шыққан бұлар кешке таман қалаға жетіп, оңаша пәтер жалдап Ринатты орналастырды.
Ертесіне таң ерте, Неміс профессорды іздеп «сол емхана да болады» деген емханасына іздеп келді. Келсе, ұзына шұбақ кезек. Шуласып бірін бірі түсінбей тұрған кісілерге қарап, ақхалатты біреу жанұшыра сөйлеп тұр.
—Азаматтар, түсініңіздер. Ол кісі ем жасауға келген жоқ. Рейнич Боллер мырза ғылми жұмыстармен жүр, тәжірибе алмасу мақсатында келген—деді.
Оны тыңдайтын жұрт барма, «Көріп қалсақ, көрініп қалсақ» деген үмітпен ентелей түседі. Халықтан оңай құтылмасын білген әлгі дәрігер
—Жақсы, азаматтар былай істейік, осында тұрған кісілер «история болезендеріңізді» жинап маған тапсырып кетіңіздер. Рейнич мырза араласу керек деген сырқаттарға жауап береміз, ал басқалай Қазақстан аумағында емдеуге болатын сырқаттарға емханаларға жолдама береміз.
Бұл кісінің уақыты өте тығыз. Тіпті уақыт тауып сіздерді қарай алады деп те айталмаймыз—деген де, кейбіреулер салы суға кетіп, ұнжырғасы түсіп жатса, енді бірі қағаздарын қопарыстырып бастады. Кемелбек те қолындағы ксерокопиядан өткізіп дайындап әкелген қағаздарын дәрігерге ұстата салды. «Бұл да түк шықпайтын тірлік ау» деген Кемелбек, ұнжырғасы түсіп кейін шегіне берді. Жалдамалы пәтерге, әйелі мен ертеңі белгісіз ұлына баруға дәті шыдамады. «Не деп барады? Не тындырдым?» деп
барады. Бір екі сағат қалада теңселгесін шаршады, амалсыз әйелі мен ұлына келді.
—Енді бәрі бір құдайдың қолын да, қағаздарымды өткіздім.
Қолы тиіп жатса қарайды деген. Негізі емдеу үшін емес, тәжірибе алмасуға келген. Адам қарайма жоқпа белгісіз. Нағыз болмайтын болса, құр қайтпай осындағы білікті мамандарға тағы көрсетерміз—деп жылы жаба салды.
Ыңырсып былдырлаған ұлының
—Папа, әуре болма. Неғыласың? Бәрібір үміт жоқ. Үйге қайтайық. Ендігі тірлік бос әуре—деген, өлімге мойынсынған үнін естіді.
Сондай көңіл күймен жатқан бұлар ертесі таңертең қаладағы клиникалардың бірімен хабарласпақ болып, ауылдағы емдеуші дәрігерден кеңес сұрады.
«Мүмкіндік болса орталық облыстық ауруханаға орналастырсаңыз өздері анализдерін алып тағы да тексерістен өткізеді» деп шарасыз дауыспен жауап берді ол дәрігер.
Әбден шаралары таусылып, енді тек өлім сәтін күтеміз деп отқанда, Кемелбектің қалта телефоны шыр етті. Көтеріп еді,
Европалық акцентпен орыс тілінде— Сәлеметсіз бе? Мен Рейнич Боллердің көмекшісі,әріптесі Пауль боламын. Сіз қалада қай жерде тоқталдыңыз. Рейнич мырза ұлыңызды барып көргісі келеді-деген де, таң тамаша болған Кемелбек
—Жарқыным ау, бұл ойнайтын тақырып емес қой. Алдына кіре алмай жүрген дәрігеріміз өзі келеді деген ге кім сенеді. Қой айналайын. Ойнама олай—деп телефонды өшіре салды.
Ізінше қайта соққан жаңағы дауыс —Кешірерсіз. Сіз мені түсініңіз. Бұл ойын емес. Рейнич мырза көп документтің ішінен сіздің құжатты таңдап алды. Рас айтам, сеніңіз маған—деп өтінішпен айтқасын, бұл жалдаған пәтерінің адресін айтты.
Араға 20-25 минуттай уақыт салып пәтер есігінің қоңырауы соғылды. Кемелбек барып есік ашқанда, кешегі ел алдында сөйлеп тұрған Қазақ дәрігер және бой шамасы мен жас шамасы қарайлас ашаң жүзді екі жігіт кірді.
—Мен, «Ем дауа» клиникасының дәрігері Жансерік болам. Мына кісі Пауль, ал мына жігіт атақты
Рейнич Боллер—деп таныстырды.
Рейнич мырза салған жерден Қазақша
—Науқас қайда, соны көрейік, қалғанын кейін сөйлесеміз—деген де жанына еріп жүрген «Жансерік пін» деген дәрігер бірінші таң қалды. Таң қалғаннан аузына жөндем сөз түспеген Кемелбек
—Әә, сіз қазақша білесіз бе? Жүріңіз, жүріңіз мында-деп Ринат жатқан бөлменің есігін ашып көрсетті. Рейнич, Ринатты бір қарап шықты да, тамырын іздеп тауып
ұстап көріп, таза Қазақ тілінде
— Жылдам, жедел жәрдем шақырыңыздар. Клиникаға тез жеткізейік. Қалған әңгіме сонан соң—деді. Бәрі таң тамаша кейпінен айыға алмай тұр. Жансерік дәрігер қалта телефоннан
—Жылдам көлік жіберіңдер. Құс боп ұшса да мына мекен жайға тез жетсін» деп біреулерге бұйрып жатты.
Бәрі де аяқ астынан, алас қапас асығыс болды, Ринатты клиникаға жеткізіп тиісті екпелерін салып, тыныштандыратын ұйқыға жібергесін, Рейнич мырза кең фоиеге жиналғандарға келді.
Кемелбек пен Жаңыл жаутаңдап баласының жағдайын білгісі келсе, Жансеріктер қазақша білуінің себебін білгісі келді.
Жұмсақ креслоға жайланып отырғасын асықпай сөзін бастады.
—Алғашқы айтарым, Ринаттың жазылып кетеді деген мүмкіндігі бар, ол үшін мен оны германияға алып кетем, ары кетсе алты айда аяғына тұрғызуға тырысамыз.
Ұзақ ұшуды көтеретін жағдайға жеткізіп алуым керек нағыз болмаса ұйқтатып алып кетемін.
Біздің германиядағы клиниканың ұшағын алдырамын. Сіздер тек емдеуге рұқсат берсеңіздер, құжаттарға қол қойсаңыздар жеткілікті —дегенде, Кемелбек пен Жаңыл бір бірінің қолын ұстап «Я, Алла» десті.
—Енді, өз тарихымды, келу мақсатымды айтайын. Мен Қазақпын. Қазақстандық
Андре және Хелена Штрауфтар отбасында тәрбиеленген адаммын. 95—96 жылдары германияға көшуіне байланысты менің тегімді өз аттарына аударып алған содан мен Жак Штрауфпын. Негізгі атым Жақсылық. Туған анам автокөлік авариясына тап болған, мас жүргізуші қағып өлтірген. Әкемді білмеймін. Штрауфтар маған екі тілді меңгертті. Қазақ тілін баса үйретті, мен бар жерде тек қазақша сөйледі. Қазақтың әдет ғұрып, салт дәстүрін бойыма сіңірген солар. Маған тіпті, арнайы қазақша ас пісіріп, қымыз бен сусындатып өсірді. Олар ылғи «Біз қазақ еліне қарызбыз» деп отыратын. Менің туған шешем осыларды паналап алты айдай тұрған, өзі сауда жасап келіп кетіп жүргесін мен осы отбасыда тәрбиеленгенмін. Олардың қолында, менің әке шешем турасында толық ақпараттар бар.
Менің келу себебім, уақытында анамды екі қабат күйінде тастап кеткен әкемді табу еді. Тауып сол кісінің жүзіне, көздеріне тура қарап түкірсем дейтін едім. Бірақ жағдай мен ойлағаннан әлде қайда басқа болып шықты.
Ол адам, яғни менің әкем сіз Кемелбек Байназарұлы. Ия, ия сол сіз «тым қарапайымсың» деп менсінбей тастап кеткен Таңсұлудың ішінде кеткен баламын. Жақсылық Кемелбек ұлы Байназаров пын.
Маған ең көп қойылатын сұрақтардың бірі: Неге? деген болды. Неге Германияда жүрмін. Неге Қазақ бола тұра неміспін деп жүрмін? Сол, жүрген жерімнің бәрінде қойылатын сұраққа «Іштегі реніш болар» деп жауап беретін едім, содан соң Рейнич Боллер деп аталып жүрмін—деп, аз кем тоқтаған да
—Не дейді құдай ау?!? Таңсұлууу!?!?. Ол қашан қайтыс болды. Жүкті екенін неге айтпаған.
Құдай ау, сен сонда менің баламсың бааа!? Не боп кетті өзі? —деп Кемелбек ауа жетпегендей, қолдары ербең ербең етіп біресе Рейничке, бірсе Жаңылға қарап есалаң күйге түсті. Айнала үнсіз, тіпті Жаңылда тілсіз қалды.
Рейнич Жақсылық —Ия, сіздің балаңызбын.Қазақпын десем де менің нағыз әке шешем Андре, Хелен Штрауфтар.
Мен, Жак Штрауф. Жақсылық Кемелбекұлы Байназаров сізді әкем ретінде ресми түрде мойындап кешірдім.Менің биологиялық әке шешем сіздер яғни Жаңыл шешемді де анам деп атаймын. Қалған жерде мен өз миссиямды орындау үшін ғылым, білім қуа жүріп, осы Қазақстандағы «Үмітсіз ауру, сырқаттарды» емдеуге ат салысамын. Мүмкін болашақта елдер өз ара келісе алса клиника ашып кешенді ем жүргізермін.
Біздің отбасылық мәселе өз уақытымен орнымен шешіле жатар. Бір бірімізге айтар сөз көп деп ойлаймын. Бірақ қазір әр бір сәт қымбат. Маған кеше келген сырқаттардың құжаттарының ішінде тағы да 7-8 сырқаттың жедел көмек күтіп тұрғаны бар.
Менің клиникам ұшақ берсе, олардың туыстары рұқсат берсе мен оларды тірі алып қалуға тырысуым ол менің парызым.
Өмірге келуіме себепші болғаны үшін әкеме қарызбын, аштан өлтірмей мені бағу үшін абайсызда көз жұмған анама қарызбын. Кіндік қаным тамып маған Қазақ деген ат берген еліме қарызбын.Әкем мен анамның тағдырын біле тұра өткенімде қарыз қалдырғым келмейді.
Қалған әңгіме тіршілік барысында айта жатылар, осымен таң қалу, танысу сәтін аяқтап іске көшейік.
Ия, қазақтыққа салсам той жасап, ағайын туыс бауырларға көрісіп шығуым керек, бірақ менің тәрбием немістікі. Іске көшейік, жырғалып жүрер уақыт жоқ—деп бір күліп өзіне уақытша бөлінген кабинетке кетті. Фоиеде
Кемелбек пен Жаңыл қалды….
Ия, тәуелсіздіктің басында, қаншама қазақтың қаракөз сәбилері шет ел асты. Солар қазір отыз қырыққа келді. Қаншамасы өмірден өздерінің орнын ойып тұрып алды. Биіктерге шықты… Тек әттең ай олар өздерінің Қазақ екенін білеме екен.
(Әңгімедегі адам аттары өзгертілді, сәйкес кеп жатса кездейсоқтық деп есептелсін)
М. Кенжебаев. Бейнеу.