«Туған жерді түлету – перзенттік парыз» 

Оңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» салтанатты кездесуі өтті. Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен елімізге танымал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнер майталмандары және кәсіпкерлер сияқты  түрлі салада қызмет етіп жүрген 150-ден астам азамат қатысты.

Тәуелсіздік тойында қастерлі Оңтүстіктің төрінде меценаттармен бас қосып, ортақ істі бірлесе жоспарлауды мақсат тұтқан өңір басшысы табанын жерге, арқасын елге тіреген азаматтарымыз әр қиырда аянбай еңбек етіп, абыройға бөленіп жүргенін облыс жұртшылығы мақтан ететінін жеткізді. 

94a79a57-d829-484b-b2d7-f92b8bb19061

«Татулық пен тұрақтылықты ту еткен Қазақ елінің ендігі мақсаты – әлемде дамыған отыз елдің арасынан өз орнын табу. Бұл жолда Елбасының жанқиярлық ерлігіне ел болып бірлесіп қолдау білдіруіміз қажет. Сондықтан да қасиетті Тәуелсіздіктің тойында ел перзенттерінің басын қосып, ортақ ісімізді ойласып алуды көздеп отырмыз. Ұлт көшбасшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде жиі айтып, мемлекетті өркендету мақсатына лайықты үлесін қосқан кәсіпкерлерді назарынан тыс қалдырған емес. Бүгінгі басқосуымыз да Президент әкімшілігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ендеше «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» деп аталатын жиынымызға қош келдіңіздер!», — деді Ж.Түймебаев.

8c2f5a0c-722b-49ea-9556-839c1ba1856e

Сонымен қатар, облыс басшысы барша жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, аймағымыздың өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосқан көптеген кәсіпкерлерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Салтанатты шарада туған жерді түлету туралы толғаныстары мен пікірлерін ортаға салған жерлестеріміз елге қызмет ету, туған өлкеге қамқорлық жасау – перзенттік борыштары екенін атап өтті. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбай, жазушы, драматург Дулат Исабеков, Мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Терещенко, «Атакент» корпорациясының төрағасы Халық Абдуллаев, «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Болат Жылқышиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Байділдә Жылқышиев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиевалардың жан тебірентерлік сөздері, елді, өңірді көркейтудегі ұсыныстары жиналған көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Ал меценат, кәсіпкерлер Серікжан Сейітжанов, Дінмұхаммед Ыдырысов, Бахриддин Әбіләзімов, Қайрат Молдасейітовтер таяу арада өңірімізде өздерінің бастамаларымен салынатын түрлі әлеуметтік нысандардың жай-жапсарынан хабар берді.

ff319db8-eeb2-4a0b-8b8d-f5a4ef75edcb

Оңтүстіктің өзгелермен салыстырғанда даму мүмкіндігі мол. Климаты, топырағы, халқы, табиғаты бәрі-бәрі өз үйлесімін тауып тұр. Енді тек нағыз іскер азаматтар бейтарап қалмай, бірігіп аймақтың дамуына күш салуы керек деп, өңір жанашырларын бірлесе жұмыс істеуге шақырған облыс әкімі туризм, ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын бірқатар жобалармен бөлісті.

Мәселен, әкім көне Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленгенін айтып, Қ.А.Яссауи кесенесінің аумағын абаттандыру жоспарланғанын жеткізді. Өңірімізді көркейтудегі жобалардың қатарына «Сарыағаш» курорты аумағын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеру,  Шардарада жағажай туризмін дамыту мақсатында Шардара су қоймасы аумағында демалыс аймақтарын орналастыру үшін инвесторлар тарту, облыс аумағында тау-шаңғы туризмін дамытуға бағытталған халықаралық стандарттарға сай «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенін іске асыру, өндірістік жылыжайларды көбейту, Шымкент қаласын дамыту сынды жоспарлар да бар.

308c60dd-4cdb-484c-87cf-4d321d971b16

Салтанатты кездесу соңы «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» басқосуына қатысушыларының үндеу қабылдауына ұласты. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрлан Өнербаев оқыған жүрекжарды сөзде Оңтүстіктің мол мүмкіндіктерін пайдаланып, елдің еңбексүйгіштігін еселей түсу үшін неғұрлым жаңа ұмтылыстар мен жарқын құлшыныстар қажеттігі айтылған. Сонымен бірге, үндеуді қабылдаушылар Оңтүстік Қазақстан облысының, шырайлы Шымкент шаһарының, түркі дүниесінің текті төрі саналатын Түркістанның, сондай-ақ, Сайрам, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Арыс, Ордабасы, Мақтарал, Шардара, Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би, Түлкібас аудандарының керемет көркейіп-гүлденуі үшін бәріміз бірлесе көмектесуге тиістігімізді айтып, еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ шетелдерде, өңіріміздің өзінде еңбектеніп жүрген барлық түлектерді – мемлекет және қоғам қайраткерлерін, алуан түрлі салалардағы басшыларды, бизнес өкілдері мен күллі кәсіпкерлерді, ғалымдарды, ақын-жазушыларды, суретшілерді, өзге де өнер қайраткерлерін, өз өлкесін, қаласын, аудан-ауылын перзенттік махаббатпен сүйетін, терең тебіреніспен құрметтейтін барлық азаматтарды туған жерді түлетуге шынайы ниетпен, ақ пейілмен, перзенттік ықыласпен жәрдемдесуге шақырды.

Егемендіктің ширек ғасырлық тойына арналған торқалы той Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің концертімен жалғасты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі