Өзекті мәселелер қаралды
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің төрағалық етуімен кезекті кеңейтілген аппаратық кеңес өткізілді. Кеңеске қала, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.
Аппараттық жиын басталмас бұрын аудан әкімі кешегі саяси науқан – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында қызмет атқарған комиссия мүшелері мен байқаушыларына алғысын білдірді.
Жиын барысында күн тәртібіндегі алғашқы тақырып – «Инвест-форум» іс-шарасына дайындық жұмыстары мен кәсіпкерлікті дамыту картасының жобасы бойынша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Оңласын Мұқашов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Одан әрі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекенге жұмыс істеу үшін келген жас мамандарды қолдау шаралары сөз болып, бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері айқындалды.
Бағдарламаның басты мақсаты — ауылды аймақтарды қажетті сала бойынша мамандармен қамтамасыз етіп, мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие, 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01% мөлшерiндегі сыйақысы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын қамту.
Үшінші мәселе бойынша аудан тұрғындарын «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесіне тіркеу және сақтандырылмаған тұрғындармен атқарылған жұмыстар жайы айтылды.
Айта кету керек, «Бекітілген халық тіркелімі» порталы арқылы әрбір участкелік дәрігердің жеке логині, құпия сөзі арқылы кіруге, бекітілген халық тіркеуіне, диспансерлік топтар бойынша тіркеп жүргізуге, туу және қайтыс болу (соның ішінде перинаталдық өлім) фактілерін тіркеп, бастапқы медициналық құжаттамасының есептік нысандарын шығарып алуға мүмкіндіктері бар.
Кеңес соңында Марат Қырғызәліұлы алда атқарылар жұмыстардың бағытына тоқталып, негізгі міндеттерді нақтылап, тиісті сала мамандарына тапсырма берді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі