Қасиетті түннің қадірін білейік!

       Мінеки, сағына қауышқан Рамазан айының да бітуіне аз қалды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, кей бауырларымыз ораза алдында күннің ыстығынан екі ойлы болып, бірі тәуекел етіп, ауыз бекітсе, енді бірі қалыс қалды. Алла Тағаланың мейірімі шексіз ғой, қай жердің мұсылманынан болмасын сұрай қалсаңыз, «алғашқы апта қоңыр салқын болды, сәл қиналғанымыз болмаса жылдам өте шықты» деген жауап естисіз. Иә, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-нан жеткен хадистің өзінде «Рамазанның алғашқы он күні – Алланың мейіріміне толы» демеп еді?

    Жыл бойына мүлтіксіз қызмет жасайтын, бір сәтке болсын тыным таппайтын асқазанымыз демалып, алғашқы екі-үш күнде кім-кімнің де болмасын әлсірейтіні рас. Дегенмен, Алла Тағала Құранда уәде етілгендей «ешкімге ауырлық қаламайды, жеңілдік қана қалайды». Рахманның ризалығы үшін ауыз бекіткен мұсылмандар асқазан ауруы немесе семіздікпен емес, нәпсімен күресетін болса керек. Қай жағынан қарасаңыз да Рамазанның бірінші он күнінде Алланың мейірімі жұмыр басты пенденің баршасы сезіледі. Одан кейінгі он күні кешірімге толы десек, баршамыз Жаратқан Иемізден кешірім сұрап, тәубе етуді басқа уақыттарға қарағанда үдете түстік. Сондай-ақ, ренжітіп алған туыстармен, жақындармен, достармен, әріптестермен татуластық, араздаспауға бел будық. Ал, соңғы он күні тозақ отына қалқан дегенді ескеріп, жәннатты сұрауды және жаның бір сәтке де шыдамас жәһаннам азабынан құтқара көр деп Аллаға көп сыйындық және түндерінің де қасиетіне иландық.

Бүгін – күллі мұсылманның жаны Алладан медет тілеп, өткені үшін өзімен есептесетін күн. Себебі, бұл күннің түні – қасиетті Қадір түні. Құранда Алла Тағала: «…Қадір түні – мың айдан да қайырлы!» деп осы түннің 1000 айдан да артық екенін айтады. Көбіміз бір-бірімізге «ұзақ жаса, жүз жаса!» деп тілек айтамыз. Расында, жүзге жетіп немесе асып кететіндер арамыздан табылады. Бірақ, солардың өмірінің 83 жыл 4 айы құлшылықпен өткен деп айта аламыз ба? Әлбетте, олай емес. Ең қызығы, Алла Тағала осы түнді Өзіне ғана сыйынып өткізген құлына мың айдан да артық ғибадаттың, жақсылықтың сауабын беремін деп уәде етіп отыр. Ақыл-есі дұрыс адам тегін сауапты текке жібермеуі тиіс деп ойлаймыз. Сондықтан да, дүниеде қадір-қасиеті қалмаған адамдардың өзін қадірлі етіп жіберетін қасиетті түннің қадірін білейік. Түні өте қысқа жаз айларындағы Қадір кеші – мұсылмандар үшін екі есе мүмкіндік. Ендеше, аз уақытта көп амал жасап, мол сауапқа бірге кенелейік! Алла Тағала Қадір түнінде тілеген бар дұға-тілектерді, оқылған құран, намазымызды, берілген садақаны, айтылған жақсы насихат, зікір, салауаттарымызды қабыл еткей!

Құрметпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты