«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

«ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ Басқармасының Төрағасы Малелов Нұрлыбек Төлебайұлы және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры Жалмұханов Ержан Жоламанұлы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұл меморандум «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және АҚИҰ арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара ұтымды негізде стратегиялық серіктестіктің және тиімді ынтымақтастықтың негізін құрайтын болады.

Қазақстандық аграрлық сектордың үлкен әлеуетін ескере отырып, бұл ынтымақтастық отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға, өндіріс көлемін арттыруға және сыртқы нарықтарға шығуға ықпал жасайтын болады.

Меморандум шеңберінде ақпарат және тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды қаржыландыру, экспортты және инвестицияларды ілгерілету, кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірлескен іс-қимылдар, Қазақстан Республикасы АӨК басым бағыттары бойынша өзара әрекеттесуді іске асыру қарастырылған.

Атап өтетін жағдай, АҚИҰ 2011 жылғы 28-30 маусымда Астана қ. болып өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының ашылуында айтылған Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылуда.

Бүгінгі күні АҚИҰ-ға 31 мемлекет кіреді (Джибути, Судан, Сомали, Комор аралдарының одағы, Палестина, Мавритания, Уганда, Буркина-Фасо, Сьерра Леоне, Гамбия, Гвинея, Гвинея-Биссау, Мали, Нигер, Ауғанстан, Иран, Түркия, Суринаме, Қазақстан, Ливия, БАӘ, Бенин, Сауд Арабиясы, Египет, Кот-д-Ивуар, Бангладеш, Мозамбик, Тәжікстан, Қатар, Камерун және Кувейт).

Бұл ұйымға мүшелік Қазақстан Республикасына азық-түлік экспортының әлеуетін кеңейту, ауыл шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға және/немесе жаңарту, инфрақұрылымдық жобаларға қаражат тарту, исламдық қаржы құралдарын қолдана отырып еліміздің экономикасына тікелей инвестициялар тарту бойынша тікелей ұтымдылықтар береді.