Павлодар облысында Темірғалы Нұрекеннің мавзолейі ашылды

Павлодар облысында Темірғалы Нұрекеннің мавзолейі ашылды (ФОТО) 30.09 2018 10:06 Қоғам қайраткері Темірғалы Нұрекеннің мавзолейінің ашылуына арналған этноауылға 700-ден астам адам жиналды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ислам дінін таратқан белгілі тұлғаның өмірін зерттеу туралы ұсынысты Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев білдірген. Нәтижесінде мұрағат материалдары мен тарихи суреттер, ұрпақтары туралы мәліметтер табылған.

Темірғалы  Нұрекен 2-Мемлекет Дума депутаты, XIX  ғасырдағы қоғам қайраткері,  Семей облысы Павлодар уезднің Сейтен болысын басқарған. 1905 жылы Қарқаралы, Павлодар уезд қазақтарының атынан Ішкі істер министрлігіне наразылық білдіріп, петиция жазуға қатысқан. Петицияны қазақ тілінен орыс тіліне аударған. 1907 жылы 2-Мемлекет Думаға Семей облысынан депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясының мүшесі болған.  Өмірін ағартушылыққа арнаған жан мешіт пен мектеп ашқан. Бір ғасырдан кейін осы жерде 1992 жылы ауыл тұрғындары мешіт тұрғызып, Темірғалы  Нұрекеннің есімін берген.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұловтың айтуынша, мавзолейдің құрылысы туралы ой облыстық қоғамдық кеңесте айтылған.  — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыру мақсатында ұсыныс мақұлданып, «Шарбақты – туған жер» атты қоғамдық қорын құру туралы ортақ шешім қабылданған, – дейді Сержан Иманқұлов. – Қорға Шегерен ауылдық округінің тұрғындары, мекеме-ұйымдардың қызметкерлері қаржы аударған. Мазарды тұрғызу жобасы облыстық сараптау комиссиясымен бекітіліп, облыс әкімі Болат Бақауовпен мақұлданды. Жобаны жүзеге асыру тамыз айында басталды. Шараға аймақ басшысы Болат Бақауов, облыс және ауданның құрметті азаматтары: Ғарифолла Есім, опера әншісі Шахимардан Әбілов, Темірғалы Нұрекеннің ұрпақтары, демеушілер мен жергілікті тұрғындар қатысты.

 — 1992 жылдан бері Есілбай ауылында мешіт ашылған кезден бастап осында келе бастадым, — дейді шөбересі Камал Бектұрова. — 1937 жылы 150 орынға арналған мешіт жабылып қалған. 1992 жылы атам туралы материалдар іздей бастадым. Мәскеуде оның кітаптары мен суреттерін тауып алып, барлық құжаттарды облыстық өлкетану мұражайына тапсырдым. Біздің болашақ ұрпақ өзінің туған жерінің тарихын білу керек.

Нысанның ашылуына орай Есілбай ауылында он бір киіз үй тігіліп, Құран оқылды, ас берілді. Шара барысында ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Томирис Бекжан

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz