Жер – еліміз үшін Отан мен Анаға теңелетін қасиетті байлығымыз

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков әлеуметтік желідегі фейзбуктегі парақшасында жер дауы туралы пікір білдіріп, ел бірлігіне қарсы әрекеттер көбейгенін сөз етті.

 “Өкінішке орай, соңғы уақытта осы бірліктің шырқын бұзу, елімізді ұрыс-керіс пен адасушылыққа жетелеу үшін көп нәрселер жасалуда.

Кез келген істе, әсіресе, қазіргідей өндіріс құлдырап, әлемдік экономика күрделі кезеңде тұрған шақта инвестициялық салымдардың маңызы зор екенін барлыгы өте жақсы біледі. Қазіргі заманғы соғыстар мен тайталасу әдістерінің ең алдымен нақ осы инвестицияларға қол жеткізуді шектейтін санкцияларды енгізуді қамтитыны бекер емес. Қазіргі Жер кодексі экономиканың аграрлық секторына инвестиция тартуды жеңілдету, осы салада бизнес жүргізуді оңайлату мақсатында әзірленген едi . Бұл ретте, ол жер алқаптарын шетелдіктерге жеке меншікке беруді тіптен көздемеген еді (!!!).

Осы мәселеге байланысты, әлеуметтік желілерде Австралия билігінің “ұлттық мүдделерге қауіп төндіреді” деген болжаммен Қытайдың жеке меншік компанияларына жер сату туралы мәмілені бұғаттағаны жайында айтылады.
Осылайша, “Австралия секілді либералды елдің өзі өз жерлерін сатпайды, ал бізде ше…” деген пікірді алға тартады.
Бұл ретте, АҚШ, Ұлыбритания, Германия және осы секілді басқа да елдер туралы ешнәрсе айтылмайды. Бірақ, бүкіл болып жатқан істерден, бүкіл мәнмәтіннен бірлі-жарым фактілерді үзіп-жұлып алуға болмайды емес пе?!

Ия, Австралия, нақтырақ айтсақ, Шетелдік инвестицияларды реттеу жөніндегі кеңестің (ForeignINVESTMENT Review Board (FIRB)) арнайы органы Австралиялық компанияны қытайлық инвесторлардың сатып алуы жөніндегі мәмілені бұғаттағаны рас. Бізге Австралияның шетелдік компаниялар мен заңды тұлғаларға Австралия жерін сатып алуға рұқсат бермейді деп жеткізіліп жатқан факт міне осы.

Ал, енді, осы фактіге егжей-тегжейлі үңілер болсақ…
Мәселе S. Kidman & Co компаниясына тиесілі 11 млн. гектар жердің 370,7 млн. Австралия доллары ($289 млн.) сомасына сатылуы туралы болып отыр. Компаниянының негізін Сидни Кидман қалаған (нәтижесінде, 1899 жылы “Мал королі” деген атқа ие болған, Кидман әулетінің көптеген ұрпақтарына (қазіргі өкілдерінің бірі – актриса Николь Кидман) тиесілі ), кейін компания ірі қара мал табыны 185 мың басты құрайтын Австралиядағы сиыр етінің ең ірі өндірушісі болды.
Бұл компанияны сатуды бұғаттаудың өзі мәмілені жоймайды, өйткені бұдан кейін бірден арнайы инвесторлар консорциумы құрылды, оның 80%-ы Dakang Australia Holdings қытай қорына, ал қалған 20%-ы Australian Rural Capital австралиялық инвестициялық компаниясына тиесілі. Бас акционер – Dakang Australia Holdings (үлесі 55%) 2015 жылы S. Kidman & Co компаниясына үлкен қызығушылық білдірген Shanghai Pengxin Group қытай қоры болып табылады.

Қазіргі таңда мәміле Шетелдік инвестицияларды реттеу жөніндегі кеңестің (FIRB) және Австралия қаржы министрі Скотт Моррисонның қайта қарауында жатыр, мәміленің мақұлданатыны немесе мақұлданбайтыны осы қараудың нәтижесіне байланысты.
Алайда, Австралияның заңнамасы жерді шетелдіктерге сатуға тікелей тыйым салмайтынын атап өту қажет (!!!), ал Австралияның ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын инвестициялар 15 миллион австралия долларынан (шамамен 11,4 миллион АҚШ доллары) басталған кезде ғана бекітуді талап етеді. Тек бір мүлтіксіз сақталатын талап, бұл – салық басқармасындағы шетелдік меншік тіркелімін мәмілелер туралы хабардар ету. Ал Австралияда жерді шетелдіктерге жалға беру мүлде шектелмеген.

Біздің жер заңнамамыз шетелдіктер қатысатын мұндай мәмілелерге анағұрлым қатаң талаптар қояды. Біздің заңымыз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтарына және шетелдің заңды тұлғаларына сатуға мүлде тыйым салады. Ал аренданын мерзiмi занмен шектелген.

Біздің азаматтарымыздың дабыл қағуы мен толқуы түсінікті, өйткені жер – бұл біздің еліміз үшін Отан мен Анаға теңелетін қасиетті байлығымыз. Менің ойымша, болып жатқан оқиғалар азаматтарды хабардар ету және жермен байланысты мәмілелердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін бізде де австралиялық Шетелдік инвестицияларды реттеу жөніндегі кеңес секілді институт құру қажеттілігін көрсетіп отыр. Егер азаматтарда басқа да ұсыныстар болса, еліміздің жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органы – Ұлттық экономика министрлігіне жүгінуі қажет деп есептеймін.

Менің бір байқағаным, аграрлық салада тікелей жұмыс істейтін барлық адамдар жоғарыда аталған ақпаратпен таныс, ал алаңдаушылық білдіріп жүргендер мұндай мәселемен бірінші рет кездесіп отырғандар.”

“ЕлАна”