Ақпаратқа қолжетімділік – жаңғыртудың жарқын жолы

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші бағытын Дариға Назарбаева басқаратын жұмыс тобы әзірлеген заңдар іске асыруға тиісті болатын. Осы «100 нақты қадамның» ішіндегі 94, 95, 96-қадамдарды іске асыру тетіктерін қамтамасыз ететін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын әзірлеген жұмыс тобын Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ басқарды. Біз депутаттан осы заң туралы айтып беруін сұрап әңгімеге тартқан едік.

– Мәулен Сағатханұлы, алдымен елімізде демократиялық жүйе құру үдерісін жаңғырта түсетін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысындағы жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.

– Президенттің «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші реформасын іске асырудың 94, 95 және 96-қадамдары «Ашық үкімет» атты бастаманы Қазақ­станға енгізуге бағытталған. Біз «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысын­да көптеген мемлекеттердің тәжі­рибесін зерттедік. Өйткені, мұн­дай заң біздің елімізге ғана емес, демо­кратиялық бағытты ұстан­ған барлық елдерге де тән. Шетелдіктердің өткен жолда­рын, тәжірибелерін білу – өте маңызды. Сондай-ақ, біз олар­­дың заң жасау бағытында еңбек­­тенетін мамандарының, сарап­­шы­ларының пікірлерін де тың­да­дық, олардың арасынан бірне­ше кеңесші алдық. Әсіресе, Эконо­мика­лық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мем­ле­кеттердің тәжірибелерін қарас­­тырдық. Соның ішінде Ұлы­брита­ния, Германия, АҚШ, Ресей мемле­кеттерінің осындай заңын зерттеп, тәжірибелерін ескердік. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ және Ха­лықаралық журналис­тер ұйымымен де осы заңның төңірегінде пікір алмастық.

Шетелдіктердің тәжірибесімен қа­тар, өз еліміздің мемлекеттік бас­қару тәр­тібінде, саяси жүйесінде шетел­дік­терге ұқсамайтын, өзі­міз­де ғана қалып­тасқан кейбір ерек­шеліктері бар екенін де ескердік. Зерттеулердің нәти­жесінде осы заң бойынша өзімізге қолай­лы озық механизмдерді табуға тырыс­тық. Айта кететін жайт, бұл заң жобасын дайындауға Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы баста­машы болып, оны әзірлеуді бізге жүктеді. Заң жобасын әзірлеу барысында ­депу­таттармен қатар, біз үкіметтен де, ­үкі­меттік емес ұйымдар қатарынан да ма­­мандар тарттық. Сондықтан, бұл заң көп­­пен келісіліп, барлық пікірлер мен ұсы­­ныстар ескеріліп, толыққан­ды бо­лып туған заң деп айтуға толық негіз бар.

– «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, барлық тараптардың ұсыныс-пікірлері ескерілген екен, ендеше ол хал­қымызға зор пайдасын тигізетін заң болар деген үміттеміз. Енді осы заңның ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз.

– Заңның ең бірінші ерекшелігі сол – онда қандай ақпараттарды ашық алуға мемлекет шектеу қой­майды деген сұраққа жауап беріліп, олардың нақты тізімі де бе­рілген. Соның ішінде азамат­тардың қауіп­сіздігі мен денсау­лығына қатер төндіретін төтен­ше жағ­дай­лар мен апаттар және олардың сал­дарлары, санитарияның, демо­графияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеу­мет­тік қорғаудың, сондай-ақ қыл­­мыс­­тық ахуалдың жай-күйі, терроризм актілері, экологияның, өрт қауіп­сіздігінің жай-күйі, сани­тарлық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнім­дерінің қауіпсіздігі, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар мен жеңілдіктер, Ұлттық банктің алтын-валюта қорының мөлшері, мемлекеттік құпиялардан басқа нормативтік-құқықтық актілердің мәтіні мен олардың жобаларын қамтитын ақпараттар және т.б. туралы мәліметтерге ешқандай шектеу қойылмай, бәрі де қолже­тімді болды. Бұл тізбені барлық мемлекеттік органдардың шенеу­ніктері ақпарат беруден жалтарып, шығарыпсалма жауап бермес үшін әдейі нақтылап жаздық. Заңның бұл талабы – оның негізгі нормаларының бірі.

Осы заңда біз негізінен екі жаңа ұғым енгіздік. Оның біріншісі – «ақпарат пайдаланушылар». Бұл ақпаратты сұра­татын немесе пайдаланатын барлық жеке немесе заңды тұлғалар. Қарапайым тіл­мен айтқанда халықтың барлық өкілдері. Екіншісі – «ақпарат иеленушілер». Оған мемлекеттік органдар, мемлекеттік ұйымдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектордың субъектілері жатады. Соны­мен қатар, мемлекет тарапынан қаржы алатын заңды тұлғалар мемлекеттен алатын қаржының пайдалану мәселелеріне байла­нысты ақпаратты халыққа шек­теусіз беруге міндетті. Бізде та­биғи монополистер бар екенін біле­сіздер, солардың бағаны қалай қалып­тас­тырып жатқаны туралы ақпа­рат­тар да сұраған халыққа шектеу­сіз көрсетілуі керектігі заңда жазылды.

Осы заңның тағы бір ерек­шелігі сол, онда ақпаратқа қол жет­кізуді қамта­масыз етудің нақты тәсілдері айтылып, олар сана­малап көрсетілді. Атап айт­қанда, ақпараттар сұрау салу бойын­ша, ақпарат иеленушілер орналас­қан үй-жайларда және осы мақсат­тарда бөлініп берілген өзге де орын­дарға ақпаратты орналастыру арқылы беріледі. Сондай-ақ, Парла­мент палаталары отырыстарын, облыс­тардың, республикалық маңызы бар қалалардың өкілетті органдарының отырыстарын, мем­лекеттік орган­дардың жыл қоры­тындылары бойынша өткізілетін алқа отырыстарын интернет-ресурс­тарында онлайн режімі арқы­лы ашық көрсетуді қамтамасыз ету арқы­лы ақпараттар ашық жеткізіледі.

Заң бойынша, барлық орта­лық атқарушы органдар (Қор­ға­ныс ми­нистр­лігінен басқа) мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерін тыңдау мен талқылаулар ашық түрде өткізіліп, пайдаланушының қалауынша ақпарат толығымен беріледі. Сонымен қатар, ақпа­раттар БАҚ, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсына, «Электронды үкімет» веб-порталының тиісті құ­рамдастарына орналастыру арқылы ашық болып, барлық пай­даланушыға қолжетімді болады.

– Жасыратыны жоқ, біздің көптеген заңдарымыздың іске асыру тетіктері нақты бел­гі­ленбегендіктен, оның орындалмай жататын кездері де кездеседі. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң осындай олқылықтарға жол бермес пе екен?

– Жоқ, біз ондай дүниелердің болатынын алдын ала ескеріп, заңның жемісін халық толығымен көруін қамтамасыз еттік деп айта аламын. Атап айтқанда, біз ақ­паратқа қол жеткізудің нақты тетіктерін ширатып тұрып жаздық. Рас, бізде кейбір заңдардың орындалу тетіктері көрсетілмегендіктен, оның талаптарының орындалуына қол жеткізу қиын болып жатады. Біз сондай олқылықтарды қай­таламау жағын қатаң түрде ескер­дік. Мысалы, бір азаматымыз мемлекеттік органға ақпарат алғысы келіп сұрау берсе, оған жауап қанша күнде келуі керек, кім жауапты, жауап қандай түрде берілуі керек, ауызша не сұрауға болады, жазбаша сұраулар қандай түрде болады – бәрі ширатылып, осы заңның талаптарында қарастырылды.

Соның ішінде ауызша сұрау салу­шыға ақпарат иеленушілердің құры­лымдық бөлімшелері, пош­талық және электронды мекенжайы, анықтама қызметтерінің телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәлі­меттер, ашық конкурстық сауда-сат­тықтар (аукциондар, тендерлер) өткізу уақыты мен орны, бос қызметтік орындарды біле алатын телефон нөмір­лері және т.б. ақпараттардың бері­летіндігі нақты айтылды. Осыған дейін мұндай ақпараттарды ауызша сұрағанға көбінесе ешкім жауап бермейтін. Заңның 11-бабында осы мәселелер толығымен қамтылды.

– «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, бү­гінгі жас­тар интернет-ресурс­тарды қалай қолдануды меңгеріп, оның сүйегін шағып, майын ішетін болып алды. Сондықтан, интернет-ресурстарда ақпараттар орналастырудың маңызы зор. Заңда осы мәселе ескерілді ме?

– Әлбетте. Заңның 16-бабына біз осы интернет-ресурстарда ақпарат­тарды қалай орналастыру нормала­рын толығымен кіргіздік. Онда ақпа­­рат иеленушілер мемлекеттік орга­н­­ның ұйымдық құрылымы мен басшы­­лары туралы мәліметтерді, ресми жаңа­лықтарды, алда болатын оқиға­лардың күнтізбелерін, басшы­ларының ресми сөйлеген сөздері мен мәлімдемелерінің мәтіндерін веб-сайтқа орналастыруға міндетті екені айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалар, тұжырымдамалар мен доктриналар, аймақтарды дамыту жос­парлары, саланы дамыту стратегиялары және т.б. ашық көрсету талап етіл­ген. Республикалық және жер­гілікті бюджеттер, Ұлттық қор қара­жаттарының пайдаланылуы тура­лы ақпа­раттар, нысаналы және өзге де бағ­дарламаларға қатысу, т.б. туралы ақпа­раттар берілуі нормада көрсетілген.

Осы заңды дайындаған маман­дар­дың ойынша, интернет арқылы ақпарат беру алдағы уақыт­та ақпа­ратқа қолжетімділіктің негізгі тәсіл­дерінің бірі болады. Сондық­тан, біз осы нормада бәрін де қам­туға тырыстық. Сонымен қатар, «Элек­тронды үкіметтің» веб-порталына байланысты мәселелер де осы заңға кіргізілді. Оны «қазақстандық ноу-хау» деп айтсақ та артық болмайды деп ойлаймын. «Электронды үкіметтің» веб-порталында төрт ішкі портал болады. Оның бірін­шісі ашық деректер, екіншісі ашық бюджеттер, үшіншісі ашық нор­мативтік-құқықтық актілер және төртіншісі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталдары.

Осының біріншісіне барлық мемле­кеттік органдардың статис­тикасы, яғни экономикалық, әлеу­­меттік деректері шоғыр­лан­дыры­лып, орналастырылатын болады. Мысалы, біреуге экономикалық мәсе­лелерге байланысты ақпараттар керек болса, соның бәрі бір жерден та­былады. Бұл журналистерге ғана емес, жеке кәсіппен айналысатын аза­­­маттарымызға және жалпы ха­лық­­қа да тиімді болады деп ойлаймыз.

Екінші, веб-порталда барлық мем­лекеттік органдардың мемле­кеттік бюд­жеттері жарияланады. Соның ішін­де облыстық, қалалық, аудандық әкім­діктердікі де бар. Жалпы, бюджетке қатысты барлық мәліметтер, қаражаттардың кірісі мен шығысы барынша ашық болуы керек. Сондай-ақ, бюджет жобалары да ашық болады. Осы жобалар бойынша халықтың ұсыныс-пікірлер айтуына мүмкіндік беріледі. Мысалы, бір жол салу мәселесі бойынша жоғарыдан жасалған жобадан гөрі жергілікті халықтың ұсынысы орынды әрі тиімді болуы мүмкін.

Үшінші мәселеге келсек, заңды әзірлеген барлық мамандар бүкіл норма­тивтік-құқықтық актілердің бір жерге шоғырланғанын қалайтынын айтты. Сол ескеріліп, заңдармен қатар, Үкіметтің барлық қаулылары, әкімдіктердің нормативтік-құқықтық сипаты бар барлық құжаттары осы порталға орналастырылатын болады. Бұл да жұрттың бәріне тиімді болады деп ойлаймыз.

Төртінші, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін бағалау интернет-порталында баға беру жүйелері туралы ақпараттар орналастырылады. Сонымен қатар, халықтың тарапынан бағалау жүйелері де кіргізіледі. Оның тетіктері қазір ойластырылып жатыр. Ол комментарий не­ме­се рейтинг түрінде болуы мүмкін. Не­месе сауалдама жүргізу түрінде де бо­­луы ар­тық болмас еді. Осыны заңды орын­­даушылар қазір қарастырып жатыр.

– Осы заңның барынша пайдалы әрі тиімді болуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Ол үшін заңның жетістіктерін, іске асырылу тетіктерін халыққа жаппай түсіндіруіміз керек. Соның ішінде БАҚ қызметкерлеріне артылатын жүк аз емес. Алдымен журналистердің өзі осы заңды пайдаланып, аталған портал­дармен жұмыс істей білуі керек. Оның жұмысына баға беріп, кем-кетігі болса жазып, хабарларына түсіріп, халық­қа жеткізгені дұрыс. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де осы заңның тиімді жұмыс істеуіне атсалысқандары жөн болар еді. Қоғамдық ұйымдар осы төрт порталдың мүмкіндіктерін алдымен өздері пайдаланып, сосын оның тиім­ділігі туралы халыққа айтулары керек.

Мысалы, бюджет жобасы талқы­ланып жатса, веб-порталдан ондағы деректерді білетін қоғамдық ұйымдар өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін айтса дұрыс болар еді. Міне, осылай демократиялық үрдістерді іске асыру тетіктерін халқымыз жаппай қолданатын болса ғана оны тиімді пайдалана аламыз.prog

– Заңды іске асыру бағытында қазір қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінгі таңда Инвестициялар және даму министрлігінде ақпаратқа қолже­тімділік және оның әрекетін анықтау мәселелері бойынша арнайы комиссия құрылып жатыр. Сол комиссияға мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, ҮЕҰ мен журналистер қауымының өкілдері де кіретін болады. Бұл комиссия осы заңды іске асыруда жалпы бағытты айқындап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін беріп отырады және заңның орындалуына мониторинг жүргізеді.

Бізде көп заңдардың орындалу тетіктері нақтыланбауымен қатар, жауапкершілік қарастырылмағандықтың кесірінен олар жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалып жатады. Осы олқы­лық қайталанбас үшін біз заңға жауап­кершілік мәселесін де енгіздік. Егер мемлекеттік органдар тарапынан осы заңның талаптары орындалмаса, Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексіне енгізілген толықтыруларға сәйкес тиісті шенеуніктер өз қалтасынан айыппұл төлейтін болады. Кодекске енгізілген толықтыруда айыппұлдың көлеміне дейін көрсетілді. Міне, осы тармақты біз заңның орындалуын нақты қамтамасыз ету үшін арнайы енгіздік.

Дегенмен, заңның орындалуы, жүзеге асуы жолында бұдан басқа да көп жұмыстар істеуге тура келеді. Барлық мемлекеттік органдардың сайттарын жаңғырту керек, қазір ашып қарасақ, олардың көбінен керекті деректерді, ақпараттарды, жаңалықтарды таба алмаймыз. Егер ақпарат толық болмаса, жаңалықтар күн сайын жаңартылмаса, ол «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңды тікелей бұзушылық болып табылады. Сонымен қатар, комиссияның тиімді жұмыс істеуіне атсалысуымыз керек. Сондай-ақ, «Электронды үкіметтің» төрт порталының ақпаратпен толтырылуы­на бәріміз де мүдделі болғанымыз дұ­рыс. Ал заңның тиімділігін жаппай ай­тып, халыққа түсіндіру жұмысына бар­лық БАҚ белсенді түрде атсалысуы керек.

Қазір Ұлттық комиссияның тапсырмасымен бірнеше семинар өткізу қарастырылып отыр. Әкімдіктердің, министрліктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің белсенділіктерін пайдалану да көзделуде.

Жалпы, осындай жұмыстарды жү­зеге асырамыз деген ойымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен: Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»