29 жасқа дейінгі жастар «Елбасы Медалі» бағдарламасына қатыса алады  

Үміткерлердің әрқайсысы тәлімгер көмегімен өз дағдысы мен дарынын дамытады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. Жас спортшыларды, еріктілерді және мәдени мұраны қастерлейтін жастарды өскелең ұрпақты қолдау және ынталандыруға бағытталған «Елбасы» медалі» бағдарламасына қатысуға шақырады. Бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы әрбір жас қатыса алады. «Әр қатысушыға 7 бағыт бойынша өзін-өзі дамыту бағдарламасы ұсынылады: спорт және дене шынықтыру, дарын мен дағды, еріктілік, туристік саяхаттар, кітап оқу, ұлттық мұра және еңбек тәжірибесі. Қатысушының жас шамасы 14 пен 29 жас аралығында болуы керек. Қалғанының бәрі – тұрғылықты жері, білімі, мамандығы – маңызды емес. Әрбір талапшыл жас қазақстандық «Елбасы Медалі» иегері бола алады», – деді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бастығы Шолпан Қадырова бүгін өткен баспасөз конференциясында. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн-платформасына тіркеліп, ұсынылған – алтын, күміс немесе қола бағыттарын таңдау керек. Содан кейін, өзіңізге арнайы бекітілген тәлімгердің көмегімен өз қалауыңызға сай іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын жасай аласыз. Мүмкіндігі шектеулі жастардың бағдарламаға қатыса алатындай жеке кесте құруына да жағдай жасалады. «Тағы бір ерекше тоқтала кететін жағдай, бағдарлама шеңберінде еріктілердің қызметі Мемлекет басшысының «Еріктілер жылының» ашылуы кезінде айтқан міндеттеріне сәйкес болады. «Елбасы медалі» жастардың тек білімінің және табысының символы ғана болып қалмайды. Бұл болашақ мектеп түлектері үшін де елдегі ЖОО-да білімдерін жалғастыруға бағытталған тың қадам», – деді Ш.Қадырова. Қаламыз бойынша дәл қазір 1351 адам бағдарламаға қатысуға өтініш берген, олардың қатары әлі де артады. Бағдарламаға қатысу тәртібі Үкімет Қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен өтуде. Еске сала кетейік, 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы белсенді және талантты жастарды қолдауға бағытталған жалпыұлттық «El Úmiti» бастамасын көтерді. Жаңа бастама аясында Тұңғыш Президент – Елбасы қоры қазақстандықтар мен мемлекет болашағы үшін бірнеше тың жобаларды іске қосты. Дарынды балаларды демеу үшін «Qabilet» кәсіби бағдарлау құралы секілді басқа да жобалар іске асуда.