2050-де Ұлы даламызда 50 млн-ға қалай жетеміз?

«Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туылады,

бұл 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары.

Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек».

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

Дат тақсыр!

Қадірлі Нұрсұлтан аға!

Жоғарыдағы сіздің арқа-жарқа қуанышыңызға біз де қосыла қуанамыз. Иә, бұл үрдіс алдағы уақытта сақталса, кәнеки! Соңғы 15 жылда дәйекті табиғи өсім есебінен 18,8%-ға өсіп, 17,7 млн. адамға жетіппіз. Балалар өлімі 27%-ден 9%-ға азайған. Елімізде күн сайын 1000 бала дүние есігін ашады. Яғни, Жолдауда айтылғандай, бір жылда 400 мың бала іңгәлап келіп, ата-анасын қуантып жатыр. Ана өлімі соңғы 25 жылда 4 есеге азайған. Бірақ, бажайлап қарасаң, бала туу өсімі әр облыста әрқилы. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда 17,648, ал Солтүстік Қазақстанда бар болғаны 115 бала дүниеге келеді екен… Сізді Алла Тағаламның өз қалауымен біздің халқымызға патша етіп қойғанына шүкірлік етеміз. Өзіңіздің данышпандығыңызбен ешбір мемлекет білмейтін, Совет одағы деген империя құлағаннан кейін далада қалған, көзін аша алмайтын сәбидей әлсіз Қазақстан деген кішкентай елді аз уақыт ішінде бүкіл ғаламға таныттыңыз. Тыныштық әлдилеген сол сәбиіңізді анадай өбектеп өсірдіңіз. Жәй өсірген жоқсыз, тәрбиелеп, күш-қуаты мол, ақылды, жан-жақты, сұлу, өнерлі, баһадүр жігіт етіп өсірдіңіз. Өткен жылы осы жігітіміздің жиырма беске келгенін тойладық. Мынау алмағайып заманда талай «мен» деген мемлекеттер, елдер ынтымақ-бірлігі жоғынан, өзіңіз сияқты дана көсемі болмағандықтан өзара соғысып, өзгелердің, яки кім көрінгеннің жеміне айналып жатыр. Тфә, тфә, тіл көзден сақтасын, сіздің айқын да, дұрыс саясатыңыздың арқасында қазақ жұрты гүлденіп, дағдарыстарға, ауыртпалықтарға қарамастан қуатты елге айналып келеді. Ұзағынан сүйіндірсін! Қиын-қыстау кезеңде Сарыарқаның төсіне Астананы көшіруіңіз талайларды ренжіткен. Болашақтың тамырын басатын көрегендігіңіз осы жерде тағы да көрінді. Қазір айдай жарқыраған Астана ғажайып қалаға айналды. Тек Астана ғана емес, Алматы қаласымен қоса облыс орталықтарының өздері ай қасындағы жұлдыздардай қазір құлпырып тұр. Ауылдарымыз қайта түледі. Кәсіпкерлерімізге деген мемлекеттік қамқорлықтар жетіп артылады. Тек еңбек ет, зейнетін көресің. Сізге, қысқасы, халқыңыз дән риза.

Қадірлі Нұрсұлтан аға!

Биылғы халқымызға арналған кезекті Жолдауыңызды, сондай-ақ, өзіңіздің билікті бөлісу жөніндегі ұйғарымыңызды еліңіз ерекше ықыласпен қабыл алды. Біз де оқып шығып, Қазақстанымыздың үшінші жаңғыруына өзімізше үн қосып, үлесімізді тигізгіміз келеді. Әрине, өзіміз батаңызды берген «Қазақстан ZAMAN» газеті биыл 25 жасқа толды. Өзіңіз білесіз, басылым осы уақыт ішінде әрқашанда сіздің саясатыңызды шынайы қолдап, халқымыздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан бірден-бір газет. Біздің сіз қуана жеткізген табиғи өсімімізді одан әрі өсіруге деген ойларымыз, тілектеріміз бар. Себебі мынау Ұлы даламызға иелік ететін негізгі ұлт — қазақ халқы. Қазақты ақбоз үйдің шаңырағына теңесек, оның уықтары — қалған 130 этнос өкілдері. Сіз жасаған ынтымақ-бірліктің арқасында біз бәріміз қалайда өсіп-өркендеуіміз қажет. Қазақтың ұлы даласына көз сұғын қадағандар жетерлік. «Көп — қорқытады, терең — батырады» демекші, көбеймесек, бетін әрмен қылсын, күндердің күнінде сырттағы халқы мол елдер қол сала ма деп қорқамыз. Қазір сіз бен біз қуанған табиғи өсім көңілімізді көншіте ме?

ebdfbbd8304391973548ed99445

Сіз «Қазақстан — 2050» стратегиясын тамаша ойлап таптыңыз. Ал сол 2050 жылы біз қанша боламыз? Жыл сайын 400 мыңмен есептегенімізде, 13 млн. 200 мыңға көбейеді екенбіз. Бірақ өлім-жітімді есептегенде, бұл сан тым азайып кетеді. Мәселен, 25 жылда 1 млн. 200 мыңға ғана көбейіппіз. Оны аздап көбейткеннің өзінде 20 миллионның о жақ-бұ жағына ғана жетеміз. Солтүстік Қазақстанда бір жылда 115 бала дүниеге келетінін жоғарыда айттық. Солтүстігіміздегі, Шығысымыздағы облыстардағы көрсеткіштер осы деңгейде. Ол өңірлердегі халқымыздың саны азаймаса, көбеймейді. Қазір қала түгілі ауылда тұратындар отбасыларының санын шектеп отыр. Олардың дені бала санын екеуден, үшеуден асырмайды. Батыстық тәрбие мен үлгі-өнеге өңмеңдеп біздің қазекеңді де жаулап алды. Шаңырақ көтерген үш отбасының біреуі ажырасып жатыр. Түсік жасату үйреншікті нәрсеге айналды. Міне, мұның бәрі біздің табиғи өсімімізге тежеу салатыны анық. «Неге бұлай? Мұның себептері қандай?» деп мемлекеттік орындар арнаулы зерттеуді қажет ететін өте көкейтесті мәселе бұл. Тек зерттеп қана қоймай, бұған тосқауыл қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Жастар мәселесіне өзіңіз тікелей зор қамқор болып жүрсіз. Олардың Отанына деген патриоттық сезімін өсіру үшін қаншама шаралар өтіп жатыр десеңізші! Бірақ, өкінішке қарай, олар отбасы болған кезде тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлар жан-жақтан қысқанда оның бәрін ұмытып кетеді. Әрине, материалдық және тұрғын үй жағдайы қазіргі жастарымыздың өмір сүрудегі басты мәселесі екендігі сөзсіз. Одан ешкім де қашып құтыла алмайды. Жолдаудағы айтылған 1,5 млн. адамға берілетін тұрғын үйлер кімдерге беріледі? Солардың дені жаңадан шаңырақ көтергендерге берілсе, шіркін! Көбеюдің бір үлкен тетігі шеттегі қазақ бауырларымызда жатқандығы сөзсіз. 5 млн. қазақ! Әрқашанда олардың атажұртқа оралуына көмектесіп келесіз. Соңғы кезде тоқыраған көшті қайта елге бұрсаңыз жақсы болар еді.

i-am-poster

Бала тууына байланысты берілетін бір жылғы жәрдемақы мөлшері биыл 27 пайызға өспек. Бұл өте тамаша! Яғни төртінші баланың тууына байланысты берілетін бір жылғы мемлекеттік жәрдемақы 142 947 теңгеге жетеді. Осы қамқорлығыңыз алдағы уақытта табиғи өсіміміздің өсуіне игі ықпал ететіні сөзсіз. Демографияны өсіруде мемлекетіміз мүмкіндігіне қарай осы жәрдемақыны бәлкім 2 млн. теңгеге жеткізсе деген арман бар. «Біздің тұрмыстық, әлеуметтік жағымызды жақсартса, біз он балаға дейін туамыз» деп ауылдағы келіншектер кесімді түрде айтып, ол тілектерін өзіңізге жеткізуді аманат етті.

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Журналистік сапармен ауылдарды жиі аралаймыз. Қалың ел, қарапайым адамдар сізге ризашылық сезімдерін жеткізіп жатады. Оларға көп нәрсе қажет емес. Отбасының амандығы, әлеуметтік жағдайларының жақсы болуы. Ең бастысы — бейбіт өмір. «Осының бәрі бір Алла және Елбасымыздың арқасы» дейді олар мақтанышпен. Біз де сол қарапайым адамдардың тілектеріне қосыламыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Халқымыздың саны өсіп, 2050 жылы 50 миллионға жетсек деген арманымыз орындалсын. Әрқашанда ынтымақ-бірлік болып, елімізді тыныштық әлдилесін!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі,

«Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы