2020 жылы Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған 500 мың шаршы метр үй салынады

Биыл Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған 500 мың шаршы метр тұрғын үйлердің құрылысы аяқталады. Бұл — 20 тұрғын үй кешені. 8 мыңға жуық үлескер пәтер иегері атанып, үй құжаттарын рәсімдей алады.
Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапары барысында «Жастар 4», «Арыстан», «Гарант» сияқты бірқатар үлестік құрылыс нысандарын аралады. «Тұрғын үй кешенінде жұмыстар қайта басталды. Пәтерімізді жыл сайын күттік. Ал қазір құрылыс жұмыстарының жанданғанын өз көзімізбен көріп тұрмыз. Өткен жылдың күзімен салыстыратын болсақ, көп жұмыс атқарылды. Өзіміз үшін де, басқа да үлескерлер үшін де қуаныштымыз», — деп атап өтті тұрғын үй үлескерлері. Елорда әкімі Алтай Көлгінов барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін айтты. «Пандемияны ескере отырып, нысандарда барлық талаптарды қатаң сақтау қажет. Жұмысты тиісті деңгейде жүргізу маңызды. Құрылыс сапалы болуы керек. Қаланы абаттандыру қажет». Өткен жылы 2,5 мың үлескері бар 10 үй пайдалануға берілді. Әрбір үлестік құрылыс нысаны бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленді.