Бүгін баланы тамырсыз өсірсек, ертең ұлт та тамырсыз қалады.
Біз балаларымызға шет тілін, технологияны үйретіп жатырмыз. Дұрыс. Бірақ өз тілімізді, өз тарихымызды, өз мәдениетімізді жеткілікті деңгейде үйретіп жүрміз бе?
Дене шынықтыру сабағында қазақ күресін күрестіріп, садақ атуды үйретіп, ат үстіне мінгізіп баулымаcақ, ерлік, намыс, төзім қайдан қалыптасады?
Еңбек сабағында шапан пішіп, түйме қадап, атадан балаға жалғасқан қолөнерді үйретпесек, киіз үйдің иісі, әженің ісмерлік даналығы ұмытылады.
Өнер сабағында домбыра үнін сездірмесек, кең даланың самалы мен туған жердің әуені баланың жүрегіне қалай сіңеді?
Тарих сабағында ата-бабамыздың өрлеуі мен сүрінуін терең оқытпасақ, бала өзінің кім екенін қалай таниды?
Ұлттық болу артта қалу емес. Ұлттық болу күш. Ұлттық ерекшелік өміршеңдіктің кепілі.
Егер біз өз мәдениетімізді қадірлемесек, балаларымыз өзге мәдениетке табынып өседі. Сонда бір күні «Қазақ» деген сөз атау ретінде ғана қалуы мүмкін.
Біз әлем азаматы бола аламыз. Бірақ тамырынан айырылған әлем азаматы болмауымыз керек.
Болашақты қорғау деген қару ұстау емес, ұлттық тәрбиені берік орнықтыру.
Бүгін шешпесек, ертең кеш болады.