Шахан Мусин атамыз туралы айтпасақ ұят шығар

16 жол өлеңі үшін 18 жыл түрмеге отырып шыққан қазақ Шахан Мусин атамыз туралы айтпасақ ұят шығар Суретте аяулы ақын, сахнаның сал-серісі, театр әртісі, еліміздің Халық әртісі Шахан Мусин. 1913 жылы туған. 1932 жылы оқудан оралған жас Шахан туған жеріне келгенде аштықтан қынадай қырылған халқын көріп ет жүрегі езіліп, көше бойын жағалай сұлап жатқан қаймана қазағын көріп әділдік іздеп «Наркомға хат» деген 16 жолдан тұратын өлең жазады. Осы өлеңі үшін 1936-1954 жылдары бас бостандығынан айырылып, 10 жыл Колымаға, 8 жыл Сібірге айдалып өмірінің 18 жылын азаппен тар қапаста өткізеді. Сол айдалғаннан Сталин өліп, Берия атылған соң, 1954 жылы ғана босап шығып , сол 1954 жылдан өмірінің соңы 1999 жылға дейін 45 жыл бойы театр сахнасынан түспей өнер көрсетеді . Азаппен өткен жиырма жылдай айдауда болса да, Шахаңның сексенге келгенше тісі түпестен, қимылы ширақ болған екен . Бірде атақты ақын Қалижан Бекхожин Шахаңнан сұраған дейді: «Шахан, сен осы түріңді бермей, аса қартаймай қалай сақталып жүрсің?» деп, сөйтсе Шахаң айтыпты: «Е, етті бұзылмасын деп мұздатқышта сақтайды ғой, мені де 20 жылдай 45-50 градустық қақаған аязы бар, қысы 9 айға дейін созылатын табаныңнан өткен ызғар миыңнан бір-ақ шығатын суық жерде сақтады, екіншіден, диета сақтаған адам көп ауырмастан дене бітімі бір қалыпта қартаймай жүреді дейді ғой, мені сан жылдар аш құрсақ ұстады, үшіншіден, ешкім ұрып-соғып кетпесін, жүйкесі тыныш болсын деп 10 жылдап төрт бұрыштан төрт күзетші мылтық ұстап күзетіп тұрды, мен сақталмай, кім сақталады?! Менімен бірге болсаң, сен де қартаймас едің»- депті. Міне, қайсар қайрат пен өр рухтың мықтылығы! Жылдар бойғы айдау, суық жер, тар қапас, мұздай қаруланған күзет атамыздың рухын сындыра алмаған. Ешқандай мойымастан, көрген азабын сыртқы жұртқа сездірместен бойын асқақ ұстап, көзі кеткенше үсті-басы тап-таза, бәтеңкесі мен қыр шалбарына қылшық жуытпай өткен екен. Үлгі аларлық-ақ азамат.

HAPKOMFA ХАТ

Сүйеніш қып сынған құрық-таяғын,

«Қайран өмір, қайда сенің баяғың!»

Деп еңіреп, тепсе темір үзетін

Ер-азамат әрең басып аяғын…

Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп,

Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп.

Күлге аунатып, күресінге тастаса,

Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?!

Қараң қалып сый-салтанат, сән-сауық,

Қабағынан қар емес-ау, қан жауып.

Атамекен, алтын бесік елінен

Әлдеқайда жеті түнде жер ауып.

Айналасы ұлыған аш қасқырдай,

Аш өзегі күйе жеген басқұрдай.

Сонда-дағы жалбарынбай, жасымай,

Жасанды бір құдайларға бас ұрмай.

Өзі шегіп ащы азабын аштықтың,

Көзін сүзіп қала берді бастықтың.

Голощекин атындағы жалаулы

Ұзын «қызыл керуеніне» астықтың.

Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал

Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал.

Құша беріп немересін, қош десіп

Көз жұмысты, босап буын, құрып әл.

Сәбилерін құрым киізге орасып,

Әке-шеше тағы бірер дөң асып.

Сүлдер құрып, Сібірге де жете алмай,

Сұлай кетті айдалада жыласып.

Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген,

Кең далада көмілмеген, көмілген.

Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі,

О замана, бұл азаны кім білген?!

Талақ болып байлық, дәулет, бақ-мұрат,

Енді зар боп сыңар тілім нан сұрап…

Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім

Қаныпезер атқан оқтан қансырап…

Сақалынан ыстық жасы тарамдап,

Өлерде де «елім, далам, балам» деп.

Күңіренді Қақпажартас – қарт куә,

Еңлік тағы иен көрінде мың аунап.

Көрші осыны, ағатайым – бастығым,

Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың.

Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой

Қоймаларда етің, майың, астығың.

Көрші осыны, ағатайым – наркомым,

Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің.

Баласың деп маған егер сенбесең,

Айтсыншы анау Голощекин крайкомың.

Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің,

Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің.

Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып,

Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін.

Қайран елім, қарапайым қазағым,

Тарттың міне ауру, аштық азабын.

Налыма, күт, кезең берген тағдырың

Сыйлар екен тағы қандай мазағын