Бәріміз ойланайық ағайын!

ОҚО-да кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің 800-ден астам фактісі тіркелді – Ұласбек Сәдібеков

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесінде ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту қажет. Бұл туралы бүгін Астанада  ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті.

«Жас қыздарымыздың ерте ана болуы тұрғысында көкейкесті мәселе бар. Әрине, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, яғни үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың, мұғалімдердің  жұмыстары қамтылуда. Дегенмен де, бұл саладағы жұмыстар жетілдіруді қажет етеді. Атап айтқанда, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту қажет. Қыз тәрбиесіндегі  ананың, ұл тәрбиесіндегі әкенің рөліне ерекше мән берген дұрыс. Сонымен қатар жас қыздардың ерте ана болуы тұрғысында  жігіттердің де арасындағы тиісті жауапкершілік мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Жігіттерде қыздардың болашақ өміріне жауапкершілікпен, намыспен қарау деген мәселе ұмыт болып бара жатқан секілді», – деді Ұ. Сәдібеков Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысының алдында тілшілерге берген сұхбатында.

Осы орайда ол балалар әлеуметтік желілерді көбірек пайдаланатынын, сол арқылы таныс тауып, оның салдары өкінішті жағдайларды туындататынын атап өтті.

Ұ. Сәдібеков өңірде жастардың саны 700 мыңға жуық екенін айта келе, оның ішінде 90 мыңнан астамы 15-17 жас аралығындағылар екенін жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, 2015 жыл мен биылғы жылды қоса есептегенде ОҚО-да кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің  800-ден астам  фактісі тіркелді. Олардың негізгі бөлігі 17 жастағы қыздардың үлесінде екен.

Өз кезегінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесі Ақтөбе облысы бойынша өзекті болып отырғанын жеткізді.

«Себебі, 2015 жылдың қорытындысы бойынша өңірде жасөспірімдер арасындағы жүктілік жағдайлары 175-ке жетті. Ағымдағы жылдың екі айында 28 факті тіркелді. Әрине, бұл оқиғалар бізді алаңдатып отыр. Осы мәселемен  мемлекеттік органдар айналысып келсе, енді  қоғамды көбірек тартуды көздеп отырмыз. Өйткені, бұны тек мемлекеттік органдардың күшімен еңсеру мүмкін емес, яғни осы өзекті мәселеге қоғам араласуы керек. Бұл тұрғыдағы проблемаларға жаһандану үдерісі, Интернеттегі ақпараттың жастарға қолжетімділігі әсер етуде»,-деді А. Шериязданов

Оның пайымынша, жүкті болып қалған жасөспірімдерді сынға алып, жазғырғаннан гөрі түсіндіру жұмыстарын жүргізген дұрыс болады.

«Қазіргі кезде ата-аналармен тиісті шаралар қамтылып, жоғары сынып оқушыларымен, жасөспірімдермен тәрбие жұмыстарына ерекше мән беріліп отыр.  Сонымен қатар олардың арасында сауалнама жүргізіліп, жастарға сенім телефондары арқылы білікті психологтардың көбірек ақпарат беруі бағытында жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз»,-деді әкімнің орынбасары.

 

 

Автор: Руслан Ғаббасов