“Бауырым, сен ол жақта, мен бұл жақта, қайғыдан ҚАН жұтамыз…” деп Мағжан ақын айтқандай, біз сіздермен біргеміз, түрік бауырлар!

“Бауырым, сен ол жақта, мен бұл жақта, қайғыдан ҚАН жұтамыз...” деп Мағжан ақын айтқандай, біз сіздермен біргеміз, түрік бауырлар!

Түркиядағы зілзала  Алланың сынағы ғана емес, сапасыз салынған ғимараттардың да лаңы…

Түркия мен Сирияда болған зілзала «апат айтып келмейтінін» әлемге әйгіледі. Екі мемлекеттің де (дүние-мүлікті қойшы) адам шығыны шаш етектен. Қираған үйінділер астынан қазып алынған сәбилердің бейкүнә жүзінде «Біздің қандай жазығымыз бар?»  деген сұрақ тұр. Екі бірдей мұсылман мемлекетінің басындағы сынақты дұшпанға да тілемейміз. Шаһит болған марқұмдарды Алла алдынан жарылқасын. Бұл мақаламда Түркия туралы тереңірек жазбақпын. Екі бірдей алпауыт мемлекеттің көкпарына айналған, даласы оқ пен оттан қан сасыған, зәулім-зәулім ғимараттар тыныш күнде нысанаға айналып, саясаттың «құрбаны» болған, халқы үдере көшкен, бір заманда ғылым мен білімнің шоқ жұлдызы болған Шам қаласы бізді кешірсін. Ол туралы жазуды тарихтың еншісіне қалдырдым. Мұнай мен шылқыған байлығы көзге күйік болып, біресе Американың, енді бірде Ресейдің бомбалаушы ұшақтарынан зәрезап болған  Сирияның миллиондаған халқын босқындар мәртебесін беріп,  құшағына басқан  Түркия туралы жазуға бекіндім. Мұсылман елдері ішінде Сириядағы жазықсыз жандарға араша түсіп, дін ислам үшін басын бәйгеге тіккен осы түрік халқы, оның басшысы Режеп Тайып Ердоған ғана болатын.

Трагедия Турции: больше 9000 жертв, Эрдогана обвиняют в халатности

Алыс-жақын ел танитын, туризмімен даңқы жер жарған Анадолы халқы табиғи апаттың алдында дәрменсіздік танытты. Қанша жерден Алла Тағаланың сынағы десек те, бұл жерде сапасыз салынған құрылыстың, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың исі шығып тұр.  Қынадай қырылған халықтың, зардап шеккен  тұрғындардың, тұл жетім қалған ұл мен қыздың обалы кімге?

«Біткен іске сыншы көп» десек те, Түркиядағы жер сілкінісінен кейін көптеген ғимараттың қирауына құрылыс ережелерінің сақталмауы себеп болғаны айтылуда. Осы орайда ВВС арнасы апат кезінде опырылып түскен жаңадан салынған ғимараттар туралы ақпараттарды тексеріп көріпті. Құрылыс нормаларын сақтамаудың зардабы көрінеді.  Біздің ел бұдан сабақ ала ма? Қауіпсіздік ережелері заңға қаншалықты сай? Таулы аймақтағы елді мекендерге үй салып жатқан компаниялар ісіне адал ма? Ар алдында да, дар алдында да жауап беруге қаншалықты дайын?

Түркияда қауіпсіздіктің қатаң стандарттары 1999 жылы Измитте 17 000 адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісінен кейін енгізілген. 2018 жылы табиғи апаттардан кейін талап тағы да күшейтілді. Соңғы ережелерге сәйкес, жер сілкінісі болу қаупі бар аймақтардағы құрылысшылар болат темірмен нығайтылған жоғары сапалы бетонды пайдалануы керек. Бағаналар мен тіректер жер асты дүмпуіне төтеп беретіндей салынуы қажет. Алайда бұл ережелер дұрыс сақталмаған деседі. Мәселенің бір ұшы бұрынғы ғимараттарды қайта жаңғырту жұмысы өте аз жүргізілгенінде және жаңа ғимараттар нашар салынғандықтан деген баға берілуде. Дамудың белесіне көтерілген Түркиядағы жағдай осындай болғанда, отыз жыл бойы ойына келгендерін жасаған «ескі гвардия»  өкілдерінің құрылыс компаниялары жауапкершіліктен сытылып кетпесе екен деймін.

Мысалы, жер сілкінісі қаупі жоғары елдердің бірі Жапонияда құрылыс нормалары өте қатаң қадағаланады. Құрылыс қауіпсіздігіне қойылатын талаптар ғимаратты пайдалану мен қауіпті аймақтарға жақын орналасуына байланысты өзгереді. Қазақстан билігі алдағы уақытта Жапонияның құрылыс қауіпсіздігіне ден қойғаны дұрыс.  Әйтпесе кешігеміз. Топырақтан қазақ жасай алмай жатқанда, биік-биік ғимараттарға құштар қазақтарды қайтсек тоқтатамыз?  Ең қауіпті аймақ саналатын Алматының бөктеріне, Алатаудың асқарына салынып жатқан зәулім-зәулім үйлерден көз тұнады. Ол үйлердің сапасын қадағалап жатқан кім бар?

6 ақпан күні таңертең Түркияның Қахраманмараш провинциясында болған 7,7 балдық жер сілкінісі  (дәл қазірге дейін) 30 мыңнан аса адамның ғұмырын жалмады. 25,2 мыңы – Түркия тұрғыны, 5,5 мыңы – сириялықтар. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Өте қайғылы жағдай. Тосыннан келген апат.

Reuters’тің жазуынша, 6 ақпан күнгі жер сілкінісі келтірген адам шығыны бойынша ХХІ ғасырдағы ең ірі апаттар арасында жетінші болып тұр. Ондаған мың адам жарақаттанды, жүздеген мың адам баспанасынан айырылды. Бұл көрсеткіш әлі де еселеп өсуі мүмкін. Себебі  үйінде астында жатқандар әлі көп.  Түрік баспасөзінің жазуынша, бұл – 1939 жылдан бергі болып тұрған ең жойқын апат.

Осындайда пенде болғасын Қазақстанның ең ірі қаласы Алматы зілзалаға қаншалықты дайын деген сұрақ туындауы заңдылық. Бұл көпшіліктің көкейіндегі сауалдың бірі. Сейсмикалық қаупі жоғары аймақ Алматыда 1887 және 1911 жылдары алапат жер сілкіністері болғаны тарихтан белгілі.  Сол жолы қыштан жасалған, саманнан қаланған үйлердің бәрі  жермен-жексен болған. Тағы басқа да сейсмикалық қауіпті аймақтарға елдің оңтүстігі мен оңтүстік шығысы жатады. Яғни, Шығыс Қазақстаннан бастап, Қызылорда облысына дейін.  Мамандардың айтуынша, бұл мекендерде 7-9 балдық жер сілкіністері болуы  әбден мүмкін. Соңғы бес жылда Қазақстанда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркеліпті. Бұл Жаратушы Иенің ескертуі болмасына кім кепіл?!

Әлемдік ғалымдар  Түркия мен Сириядағы зілзаланың себебі мен салдарын талдап жатыр.  Соңғы 10 жылда мұндай магнитудалық екі-ақ жер сілкінісі болыпты. Жойқын дүмпулердің зардабы да ауыр болуы сондықтан.  Және зілзаланың түнде болуы да жағдайды күрделендіріп отыр. Себебі халық қалың ұйқыда еді.  Мыңдаған ғимараттардың жермен-жексен болуына зілзаланың қуаты ғана емес, құрылыстың сапасыз жүргізілуі де әсер еткені айтылуда.

Землетрясение в Турции – сильнейшие природные катастрофы 20 века, Япония, Индонезия, Италия - Телеграф

«Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, біз Жер-Ананың дүмпуіне қаншалықты дайынбыз? Ол аз десеңіз, пенделердің масайрап кеткені сондай, Жер-Ананың  ашуына тиіп, адам аузы бармайтын қылмыстар мен әрекеттер жасау шектен шықты.  Бұл енді үлкен сұрақ. 30 жыл бойы ойларына келгенді істеген жемқорлардың «қолтаңбасы» сейсмикалық жағдайы мүшкіл Алматы секілді қаншама қалада тұрғаны бөлек әңгіме.  Қаншама ғимарат қаусап тұр… қаншама жанның өмірі қыл үстінде…

 

100 киіз үйді жеткізудің әлегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Мұны кейбір саясаткерлер аз деуде.  Бауырлас халыққа бұдан да көп қаржы беруге мүмкіндік мол дейтіндер де жоқ емес. Қалай десек те ең бастысы ізгі ниетте, дарқан пейілде. Әйтпесе биыл Астанада Жаңа жыл мерекесін атап өту үшін бюджеттен 300 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл қаржы қаланы безендіру мен түрлі отшашулар, сырғанақтарға кетті. Осыған ішің удай ашиды. Дінге қайшы, дәстүрге жат мерекені тойлатудың өзі үлкен күнә. Бірақ соны тойлатуға құмар шенеуніктер бізде өте көп. Солтүстік көршіміздің санамызға әбден сіңірген «мәдениетінің» бірі осы шырша айналып,  шампан ату. Мұны ата мұрамыздай қастерлеп келе жатқанымыз жанға батады. Қашан біздің ортамыздан бір Ататүріктей тұлға шығып, «Қазақпын деп айту қандай мәртебе,  бақыт!» – деп айтар екен.

Түркияға 100-ге жуық киіз жеткізілді - «Астана» телеарнасы

Елге танымал теолог Досай Кенжетайдың мына пікірінің жаны бар: «Бізде «Жаңа Қазақстан» немесе «Дамыған Қазақстан» және т.б. тіркестер басымдыққа ие болды. Бұл, әрине, жақсы ұстаным. Ал енді идеясы не? Ұстаным, ол –  саты сияқты құрал. Идеясы – мұрат, барар жер, басар тау дегендей… Сонымен сұрақ: Жаңару деген не? Даму деген не? Алдымен мәні біліну керек. Яғни  «не?» деген сұраққа жауап табу керек. Сосын ба… сосын «қалай?» деген сұрақтар легі келеді. Ал егер «не?» білінбесе, «қалайлар?» құрдымға кетеді… Бас басына би болу сонда орнайды…».  Арлы сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Жөн сөз! Жанашыр тілек!

ХХ ғасырда әлемде түрік шаңырағын да, атауын да  ұстап қалған бір-ақ мемлекет болды. Ол – осы Түркия.  Қалған түрік халықтары өзгенің қол астында қалды,  тіпті олардан түрік атауы өшіп кетті десе де болады.  Өзгеден опық жеп қашқан түрік халықтарының босқыны да  ол кезде  осы Түркиядан миллиондап  пана тапты.  Оның ішінде өзіміздің қазақтарымыз қаншама.  Түріктің  мәрттігі өз алдына.  Сондай-ақ, өзге түрік халықтары үшін білекті түріп қойып қақтығысқа  түсуден тайынбайтын   бірден-бір халық – түріктер.  Осыны да қазақ билігі есінен шығармағаны абзал. Анадолы түріктерінің тағы бір мықтылығы  бізден кетіп, бөтеннің ортасында империя құрды,  Еуропаға шейін құзырын жүргізді.  Осы үшін де оларға құрмет ерекше болуы тиіс!

Оғыз қағанның шаңырағын ұстап қалған бауырларымыздың басына қара күн туғанда жан ұшыра  оған жәрдемге келіп жатқан  өзге бауырларының әрекеті, меніңше, тарихта алғаш рет боп жатқан құбылыс, соны байқап отырмын. Ұзағынан сүйіндіріп, жалғасын тапқай!  Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатқаны дәтке қуат. Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды. Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар.

Түркиядағы зілзала: Қазақстандық құтқарушы ит үйінді астында қалғандарды іздеуге кірісті | Inbusiness.kz

13 ақпандағы жағдай бойынша өңірлерде 150 тонна гуманитарлық көмек жиналып, Түркияға жіберілді. Жалпы 32 млн теңге жиналып, тікелей Afad қорына аударылған. Сонымен қатар, қазақстандықтар Қахраманмараш қаласына 100 қазақ үй апарып тікпек. Бірақ алдымызға қырғыздар түсіп кетті. Қызғанғаным емес, шыным. Бәріне біздегі бюрократтық жүйе кінәлі деп санаймын.

Ыстамбұлда тұратын қазақтар Түркияға көмек ретінде 160 мың доллар жинады - zakon.kz

Белсенді журналист, қиналған түрік бауырларға 100 киіз үй апаруды ұйымдастырып Түркияда жүрген  азамат Нұрбек Бекбаудың  (14.02.23) әлеуметтік желідегі жазбасы мынау: «90-ға таяу киіз үйді тиеп алып, көп күткен ұшағымыз келе жатыр. Картаға қарап, бағып отырмыз. Сағат 13:00. Аданаға қонады да, жүктерді Қахраманмарашқа алып келеміз.

Иә, қырғыз бір туғандар бізден бұрын боз үйлерін әкеп тігіп қойды. Неге олар бірінші болды?  Өйткені, біздер киіз үйге қаржы жинай бастағанда Қырғыздың бір депутаты өз Президентіне «Біз де 100 киіз үй апарайық», – деп ұсыныс айтты. Президенті бірден тапсырма берді. Арнайы ауыр ұшақ дайындатып, боз үйлерді тиеп, Түркияға әкеле қойды.

Ал біз ше? «100 киіз үй» науқанының басы-қасында жүрген шөкімдей-ақ, қарапайым азаматтардан құралған топпыз. Бірақ басқалардың мемлекеттік деңгейде қолға алған шаруасын 3-4-ақ адам боп орындай алдық. Айтайын дегенім ол емес.

Казахстанцы начали устанавливать юрты в Кахраманмараше

Киіз үйлерді тез жинадық. Вооот ұшақ мәселесі қып-қызыл проблема болды. «ЭйрАстанаға» шықтық, обалы не керек, «үлкен жүк ұшағымыз жоқ» деп жағдайын айтты. МЧС «тек ақпанның 20-ларында киіз үйлеріңді әкете аламыз. Сол кезде Төтеншенің сарбаздарын әкетуге барамыз.  Ұшағымыз бос кетпес үшін тиеп әкете аламыз», – деді. Тым кеш еді.

Содан «Түркиш Эйрға» КАРГО ұшақ берсеңдер деп өтінішпен шықтық. Келістік. Ол бойынша жұма яки сенбі киіз үйлерді тиеп, әкелуі керек болған. Бірақ біз жай азаматтармыз. Мемлекеттік деңгейдегі шенеунік емеспіз. Сондықтан «Түркиш Эйр» Түркияға шұғыл зат әкелу керек боп, әлемнің әр бұрышына Каргосын айдап кетіп жатты. Бізге «қолы тимей кетті». Егер біздің жүкті Түркияға жеткізу мемлекеттік деңгейде қолға алынса,  сенбі күні ақшаңқан қазақ үйлер жайнап тұрар еді. Бар себеп осы ғана. Қырғыздар өз ұшағымен әкелді. Біз біреудікін сұрап алып жатырмыз. Енді міне, сағат 13:00 Аданаға қонады, иншаАлла.

P/S: Бірінші боп Қырғыз әкеле ме, Қазақ әкеле ме, маңызды ол болмауы керек еді. Қайсыбіреулердің «намыстанып» жер тепкілеп жатқанына таң қалдым. Ең бастысы осы киіз үйлер тез жетіп, тоңған жұрттың бойын, жүрегін жылытсақ болды емес пе? Алла жазса, кешке қазақ үйлер тігіледі. Видеосын жариялаймын. Қазақ елі күн сөнгенше аман тұрсын!»  – депті. Осы бір жазбадан оңай-ақ шешілуге тиіс мәселенің күрделеніп кеткенін аңғармау мүмкін емес.  Ескі жүйеден қалған «бәріне тек Президент араласуы керек» деген тар түсініктен қашан арылар екенбіз, ә?

По данным СМИ, число погибших в результате землетрясения в Турции и Сирии увеличилось до 641 человека

Түркияға киіз үймен бірге жылыту пештері де жеткізіліп жатыр. Қазақ үйлер палаткадан қарағанда жылы, кең әрі көңілі мұңды, қайғылы жандар өзін баспанада тұрғандай сезіне алады. Мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеген. Жеткізу жағын тікелей Түркия жағы мойындарына алған.

Түркия мен Сирияға дүниежүзінің 70 елінен құтқару командалары мен дәрігерлер барған. БҰҰ гуманитарлық көмекке шамамен 25 млн доллар бөліпті. АҚШ Түркия мен Сирияда зардап шеккендерге 85 млн доллар бөлген. Дүниежүзілік банк Түркияға 1,78 млрд доллар көлемінде қаржылай көмек бермек. Бұлардың қасында «екі туып бір қалғаны» біздің берген көмегіміз теңізге тамған бір тамшы судай ғана..

 

Түрік азаматтарының аманатына адалмыз

Жә делік. Түркияда құтқарушылар тынбай жұмыс істеуде. Үйінді астында қалған жас сәбиден бастап, ересектерге дейін құтқарылып жатыр. Олардың арасында ең көбі 150 сағат үйінді астында болғандар. Қаншама періштесі қаққан сәбилер табылуда.  Қаншама мүрделерді жер қойнына тапсыруда.  Жүрегің ауырмай, көзіңнен жас тамбай көруге дәтің шыдамайды.

Бір «Әттеген-ай!» дегізгені,  хайп қуған журналистердің апат  болған жерден таратқан хабарлары көңіл көншітпей тұр. Халық айтса, ешқашан қалып айтпайды ғой. Үйіндінің астынан енді ғана шыққан, өлім мен өмір арпалысынан әлі есін жиып үлгермеген адамдарды шатырға алып келіп, рақмет тілеу деген не сұмдық?! Президенттің атын саудалағаны қай сасқаны? Жойқын зілзаладан кейін ойраны шыққан қалаға барып, өлімнен әзер құтылған адамдардың мазасын алып, сұхбатқа тартудың өзі адамгершілікке жата ма?! Түркия халқы мен Президенті кейін естерін жиған соң, көмекке келген барлық елдерге онсыз да рақметін айтары сөзсіз. Журналистік этика, адами мәселеге мән берілсе дегім келеді.

Олжас Әбіл бауырымның желідегі жүрекжарды сөздері рухымды көтеріп, қанымды тасытты. «Баяғыда  Кемел Ататүрік өзінің  жеті майданда жүргізген әйгілі жорығында  соғыс бастамас бұрын өз жауынгерлерінің рухын  көтеру үшін Бұқарадан  Әмір Темірдің үш алдаспан қылышын алдырып:  «Біздің осы күресімізде атамекен  Орта Азиядан  ата-бабаларымыздың рухы жебегендей болсын!» –   депті. Түріктің ол кезде қасында басқа жебейтін жанашыры да қалмап еді.  Түрік деген халық сол кезде  жойылуға шақ қалған-тын.  Сол семсерлер түріктерге кәдімгідей рух берген көрінеді. Мына біздің ақ шаңқан  киіз үйлер де ырымшыл түріктерге әлдебір белгідей көрінгені хақ. Егер қателеспесем, Анадолы түріктері осы қазір ғана  бірінші рет Орта Азия  халықтарынан осындай айшықты қолдау көріп отыр.  Жасыратыны жоқ,  ұзақ дәуір бойы біз үшін  Османлы түріктері алыстағы жат ағайынның күйін кешкен халық  еді. Қазір қатынас, интернет, байланыс ғасыры арамызды жақындатып жіберді ме, қалай?..» – депті.

Рас сөз. Түріктер – ұйымшыл халық. Олардың Қазақстандағы азаматтарымен 20 жылдай қызметтес болдым. Жақсы білемін.  Тәуелсіздікпен түйедей құрдас «Қазақстан ZAMAN» халықаралық газетін барша қазақ біледі. Алғашқы бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз еді. Одан кейін де қазақтың небір марқасқа жігіттері басшылық қызметте болды. Бұл газет тәуелсіздіктің 30 жылында соқтықпалы-соқпақсыз жолдарды жүріп өтті.  Түркиядағы саяси жағдайларға байланысты аты да сан рет өзгерді. Бірақ түркі азаматтарының біз көрген бет-бейнесі, парасат-пайымы еш өзгермеді.

Саясат шіркін бәрібір өз дегенін жасады. Түрік азаматтары жан-жаққа тарыдай шашылды.  Ақырында түрік ағайындардан аманатқа (бүгіндері «Qazaqstan dauiri») газеті қалды. Аманатқа қиянат жасау ойымызда жоқ. Бұл басылымға өзім басшылық жасап жатқан жайым бар. Былтыр халықаралық саяси-қоғамдық газеттің 30 жылдығын дүркіретіп тойладық.  Зиялы қауымды жинап, ақ батасын алдық.

Арнайы кітап шығардық. Бар ойымыз  – қайткен күнде де аманатқа қиянат жасамау.  Бұрынғылар салып кеткен сара жолдан жаңылмау. Түрік пен қазақ арасына алтын көпір болу. Екі елдің достығына, ынтымағына кір келтірмеу. Сондай-ақ  аға буынның арда тілектері мен асқақ армандарын жүзеге асырып, қазақ журналистикасына  сүбелі үлес қосу. Басқа еш мақсатымыз жоқ.

Сондықтан түрік халқының басына күн туған алмағайып заманда үнсіз қалуды жөн көрмедім. Мен білетін түрік азаматтары отаншыл, білімді, ұлттық рухтары мықты, иманды,  қазаққа жаны ашып тұратын жігіттер еді. Рас, бірін-бірі қолдауға дайын тұратын. Қазақтарды атажұртымыз деп жақсы көретін. Содан да болар, елімізге риясыз қызмет етті. Жас өскіндерді білім нәрімен сусындатты.  Бойларындағы бәрін берді, нәрін төкті… Сол үшін де осындай қиын сәтте түрік халқына  дүние емес, адамның жаны қымбат болып тұр. Бір адам болса да тірі қалғаны керек. Қу дүние содан кейін де табылатынын иман таразыға тартып қойған олар.

Иә, Түркия мемлекеті қара жамылып жатыр. Бәрінен де әке-шешесінен, балаларынан, туған-туысынан айырылғандарға өте қиын.  Алла сабыр берсін деймін. Бұдан кейін басқа бермесін деймін. Бұндай сынақты ердің ері, елдің елі ғана көтере алады. Қиындық көріп жатқанда қу дүниені ойлап қайтсін олар!!! Мемлекеті айбарлы, халқы рухты ең бастысы. Күндер өте шығынның орны толатынына кәміл сенемін.

Түркияда жүрген Батыр Сиябек атты отандасымыздың зілзаланың салдарын өз көзімен көріп, әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын тебіренбей, еміренбей, егілмей оқу мүмкін емес. «Тас түскен жерге өте ауыр түседі екен. Бұған әбден көзім жетті. Жүрегім жарылып та, езіліп те, ауырып та бітті. Фото мен видеодан жылы үйде отырып көру бір басқа, мыңдаған адамдардың қайғысының ортасына түсу бір басқа екен. Жайбарақат, әдемі түс көріп, ұйықтап жатқан жеріңнен біреу оятып, басыңнан бір пергендей… «Ей, оян!!!» – деп.

Пендешілікпен ренжісумен дүние үшін қырылып өтетін өмір бір күндік екен, ағайын. Түкке тұрмайды. Бір мезетте жоғалып, жермен-жексен болып кетеді екен. Дүниені қойшы, адамдар жақындарын жоғалтып, өмірдің сәні мен мәнін жоғалтқанын көргенде қандай сезімде болғаныңды айтып та жеткізе алмайсың… Жүрекке сыймайды бұл сезім, жүрекке сыймайды…

Не көрмедік?

Халықтың көзінен көп мұң көрдік. Бала-шағаларынан айырылды, біреуі төрт баласы болса, төртеуінен де айырылды. Біреулер екі әке-шешесінен де айырылды. Коньяға 400-дей бала әкелді; ата-анасы табылмаған. Аданаға да балаларды алып келген, оларға қарайтын ерікті әйелдер іздеп жатыр.

Алғашқы екі күнде көп тірі адамдар шықты, үшінші, төртінші, бесінші күндері көбісі мәйіт. Өйткені су жоқ, тамақ жоқ, уайыммен, қайғымен бір жерде бастырылып жатқан кезде, асхана болмаса, басқа бөлмелерде үлкендер қайтыс болып кеткен.

4-5-ші күндері кішкентай балапандар әп-әдемі, түк болмағандай шығып жатыр. Олардың айтқан әңгімелері таң қалдырады. Үйдің астында жатқанда әйел кейпінде біреулер келіп, су беріп, тамақтандырып, бақты деп айтып жатыр. Бұны қалай түсінуге болады, мысалы? Алла сақтап қалам десе… Түрік халқының сабырлылығын көрдік. Мысалы: барлық мүліктен айырылды, бизнесінен айырылды, жұмыстарынан айырылды, осының бәрі былай тұрсын, Хатай қаласы 100 пайыз жойылып кеткен. Осылай 10 аудан кетті. 13-14 миллион адам зардап шекті ғой былай қарасаң. Сонда бетін жыртып, шашын жұлып дүние үшін: «Анауым не болды, мынауым не болды?» – деп жатқан бір адамды көрген жоқпыз, бір адамды. «Каша» болып жатқан үйінің алдына дивандарын шығарып алып, от жағып отыр. Жалғыз уайымдары сол: жоғалып кеткен жақындары немесе көршілерінің жақындары»…

 

Жүзі жарқын әкім

Таңқаларлығы, Эрзин – Хатай провинциясындағы 42 мың тұрғыны бар, бірде-бір ғимараты құламаған жалғыз аудан қазір әлем назарында. Осы қалашықтағы мықты ғимараттардың сыры мен құпиясы неде екенін білу менің де қызығушылығымды туғызды.

Түркияда жер сілкінісі болған аймақта бірде-бір ғимарат қирамаған қала табылды: 13 ақпан 2023, 08:54 - жаңалықтар Tengrinews.kz

Сөйтсем, Эрзин қаласының мэрі Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясының мүшесі екен.  Өккеш Елмасоғлы бұл құбылысты тек заң аясында жұмыс істегенімен түсіндіріпті. Ол Эрзинде рұқсат етілмеген ғимараттарды салуға қатаң тыйым салынғанын баса айтыпты. Әкімнің айтуынша, ол тіпті туыстарына да құрылысқа араласуға рұқсат бермеген, салынып жатқан ғимараттардағы құрылыс нормалары жан-жақты тексерілген. «Бір ғимараттың да заңсыз салынуына жол бермедім. Олар маған ашуланып, сынап, қорқытып: «Бұл елде жалғыз өзіңді адалмын деп ойлайсың ба?»   дейтін, бірақ қазір мені арым мазаламайды», – деді Өккеш Елмасоғлы. Міне, азамат! Міне, ел қамын жеген әкім!  Баяғыда үлкендер бата бергенде: «Жүзің жарқын болсын, балам!» – дейді екен. Бұл батаның төресі екен ғой.  Соның жарқын көрінісі осы емес пе? Бұдан «Жаңа Қазақстанның» жаңаша тұрпаттағы азаматтары үлгі алса, қанекей. Ұлттың тағдырымен ойнауға болмайтынын түсінсе ғой, шіркін!

Fitch Ratings агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісінен Түркия 4 млрд доллар экономикалық шығынға батуы мүмкін екен. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» дейді қазақ. Шығынның орны толар, сапасыз салынған ғимараттардың кесірінен көз жұмғандардың орны қайтып толмақ? Алла Тағала адамдардың көз жасын, қанын, жанын, қарғысын, ақысын, қалған көңілін мойнымызбен арқалап өмір сүруден және ақыретке алып барудан сақтасын баршамызды…  Басқа не айта аламыз? Бәрі жоғарыдағы, билік басындағы азаматтарға аманат. Елдің рухын жоғары көтеру тілі мен дініне байланысты екенін түрік халқы әйгілеп берді.  Именшек, жалтақ халықтан қайыр жоқ, шенеуніктері өзге тілде сөйлеп, өзгеше ойлайтын мемлекет құрдымға бет алған жұртпен тең. Осыны Ел Президенті Тоқаев ескереді деген ойдамын.

Түркиялық жастардың біреуі қазақстандықтарды «Бізге көмекке қытайлар келді» деп шатастырып алғаны жайлы да ақпарат желдей есіп жүр ғаламторда. Бұл да болса жаһанданудың салдарынан орын алған әбестік болар. Түсіністікпен қарайық.  Түріктің бір азаматы осы ағаттықты былай жөндепті: «Жастардың біреуі бізге қытайлар көмекке келді дейді. Бұл қытайлар емес, бұл сендердің ата-бабаң – қазақтар дедім. Қазақ халқына мың да бір алғыс айтамын. Құтқарушы топқа алғыс! Алла разы болсын!» – депті және. Қалай риза болмайсың пейілдеріне! Қалай риза болмайсың сөздеріне!

Кіші Азия түбегін мекен еткен түрік қандастарымыз жайында сөз қозғалғанда, сонау орта ғасырдан, дәл осы жерден – ұлы даладан өркениет үлгілерін Анадолы жеріне ала барған бауырларымызды ойға аламыз. Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, қарым-қатынастың түрлі деңгейде дамып келе жатқанын қазақстандықтардың барлығы біледі. Бұл екі ел президенттерінің сарабдал саясатының жемісі, әрине.

«…Ертең не боларын ешкім біле алмайды. Әлемде бүгінгіден өзге жаңа тепе-теңдік орнауы мүмкін. Міне, сонда не істейтінімізді білуге тиіспіз. Біздің Орта Азияда тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға жақындасуға даяр болуымыз керек» деген Мұстафа Кемалдың өсиетіне түрік халқы адал. Қазақтар, біз де туыстыққа бекем, достыққа берік болуға тиіспіз.  Түркияның басына түскен нәубет қазақтың да қабырғасына батқаны даусыз. «Алтайдағы таутекенің тірсегіне тас тисе, Арқадағы арқардың мүйізі сырқырайды» деген осы. Біз бір халықпыз. Біздің тегіміз бір, тамырымыз ортақ.

Тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған  Түркия Президенті Тұрғыт Озал марқұм «Қазақпен кімде-кім жауласса, ол біздің де жаумыз» деп ағынан жарылғаны ел есінде. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған: «Кімде-кім Қазақстанға соқтықса, біз де қарап қалмаймыз!» – деп,  бізге көз алартуға құмар жұртқа  биік мінберден сес көрсеткені естен қайтіп шығар.  Мұндай  сөзді айтуға да шынайы сезім, үлкен жүрек керек, ағайын.

Алаштың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың жауһар поэзиясы түркі тектес халықтар арасында да алтын қазынаға баланады. Түркі  халықтарының тегі бір тұтастығы мен бірлігін жүрегінен өткізе жырлаған ақынның бірі де бірегейі Мағжан болатын. Мағжан Бекенұлының «Алыстағы бауырыма» атты өлеңі бар.

Сонда:

«…Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап қалдың кетіп.

Мен қалдым – жас балапан қанат қақпай,

Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.

Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,

Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай…» деген ақын өлеңінің соңында:

«…Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз.

Біздің атқа

Лайық па құл боп тұру?

Кел, кетелік

Алтайға, ата мирас, алтын таққа!» – деп түрік бауырына деген сағынышын төгеді.  Ол заманда бұлайша жыр жазу ақырған арыстанның аузына барып түсумен тең еді. Сөйте тұра Мағжан ақын алыстағы бауырына мұңын шағады, сырын айтады. Кедей-кепшіктің «мұңын жоқтаған» Кеңес үкіметі де патшалық Ресейдің саясатын ұстанып, түркі халықтарының ара қатынасына шектеу қойды. Түркиямен байланыс үзілді. Жол жабылды. Осылайша тегімізден ажырадық, барымыздан айырылдық. Алайда Алланың көзі түзу екен. «Аққа құдай жақ» екен. Қазақ елінің тәуелсіздігін бірінші болып түрік бауырлардың мойындағаны тарих бетінде қатталып тұр. Мұстафа Шоқай аңсаған, Мағжан ақын қолдаған түркі әлемінің таңы атып келеді. Тек соның ғұмыры ұзақ болғай!

 

Ердоғанның көз жасы

Америка поддерживает мятеж, считает Эрдоган и ищет поддержки у Путина > Блог Павла Аксенова > 29 Пальм - Клуб путешествий Павла Аксенова

Түйін: Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Өз пайдаңды ойлама, халықтың пайдасын ойла, сенің пайдаң соның ішінде», – депті. Неткен әулие еді, жарықтық! Түркия Президенті Ердоғанның күйеу баласы Селчук Байрактар – әйгілі «Байрақтар» компаниясының басшысы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 655 миллион лира көлемінде қайырымдылық жасалғанын жариялағаннан кейін, енді тағы өз қаржысына 1000 тұрғын үй алып беретінін хабарлады. Үлгі болатын бастама. Билікке жақын адамдар елдің басына күн туған кезде өз мүмкіншілігін халық үшін пайдаланғаны қандай жарасымды, қандай әсерлі!

Лондонға, Дубайға қашып кетсе… сүйекке таңба ғой… Олай істемеді, президентпен бір екенін, оған адал екенін көрсете білді.   Әне, жұрттың күйеу баласы қандай? Жарқырап атқан таңдай! Ал біздегі миллиардерлер неге үндемей отыр? Үндемеуге қақысы жоқ қой олардың.

Шындығын айтуымыз керек, түркі әлемінің жанашыры, иісі мұсылманның жоқтаушысы Түркия Президенті Ердоғанның жағдайы қазір тым қиын. Алда сайлау тұр. Оны аяқтан шалғысы келетіндер Түркияның ішінде де, сыртында да жетіп артылады.  Кім білсін, рас-өтірігі бір Аллаға ғана аян, бұл жолғы жер сілкінісі қолдан ұйымдастырылған болуы мүмкін деген әңгімелер айтылуда. Себебі Батыс пен Америка, Израиль массондары – Түркияның ата жауы. Олардан бәрін күтуге болады.  Бір заманда Әбдулхамит ханның түрікшілдігі, исламшылдығы ұйқысын қашырған жымысқы жаулар ел ішіне іріткі салып, құлатып тынғаны еске түседі осындайда.

Встряска Турции: выдержит ли Анкара удар США?

Елім деген ер ғана халқы үшін қамығары даусыз. Дүние деген арсыз. Оның ығына жығылғандар қансыз, нәрсіз!  Түркия Президенті Ердоғанның  көзінен жасы парлап, жылап отырғаны көз алдымнан кетпейді. Қаңтарда жастар қырылғанда біздің биліктегі кейбір тас жүректердің  көзінен бір тамшы жас шықты ма тап осылай. Білмеймін… Көре алмадым… Олай болса қазақты жақсы көрмей, қазақтың тағдырымен ойнауға, оған билік жүргізуге ешкімнің қақысы жоқ.

Зілзаланың Түркия экономикасына әкелген шығыны 84 млрд долларды құрапты. Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 10%-ы. Мұндай есепті Түркияның кәсіпкерлер мен іскер өкілдерінің Конфедерациясы жариялаған. Сарапшылар есебінше, елдің тұрғын үйлеріне келген шығын 70,8 млрд долларды құраса, тағы 10,4 млрд оның зардабын жоюға кетеді. Ал қаза тапқан еңбек күші түрік экономикасына $2,9 млрд шығын әкеледі деп болжанып отыр. Жергілікті NTV телеарнасының хабарлауынша, Анкара 14 ақпанға дейін биржадағы барлық түрік акцияларының саудасын тоқтатып қойған.

Что происходит в Турции: спасатели продолжают извлекать выживших из-под обломков

Журналист Дина Елгезек қызым айтпақшы, сейсмикалық қаупі бар аймақтардағы ғимараттарға кешенді аудит жүргізу бізге де қажет! Бірақ ол аудитті кім қалай жүргізеді? Нақты, шынайы мәліметті айтады ма халыққа? Күмәнім бар. Биліктің бүгінгі командасында сол баяғы жемқор жүйенің негізін қалаған Назарбаевтың шәкірттері көп. Отыз жыл елді жалмағандар енді өзгере қалады дегенге сену қиын. Және ұрлыққа әбден дәндеген ескі жүйе өкілдері «қарға қарғаның көзін шұқымайтыны» анық!

Тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылып, оның жұмысына мемлекеттік қызметкерлермен қатар қоғам белсенділері, құрылыс саласының мамандары, тәуелсіз эксперттер тартылуы тиіс. Себебі Қазақстан сейсмикалық қаупі зорайып келе жатқан ел. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Алла Тағаланың өзі сақтансаң ғана сақтаймын деген.

Қалай десек те Түркия мемлекеті – кешегі Осман империясының  тамыр-діңі қаланған жер. Ислам дінінің көктеген, көгерген жері. Түркиядағы жер сілкінісінде үйінді астында аман қалып жатқан сәбилер діннен алыстаған қауымға Алланың ескертуін, кереметін жеткізіп жатыр.  «A haber» атты түрік каналы үйінді астында 112 сағат болып, кейін құтқарылған 5 жасар ұл баладан: «Осынша уақыт бойы қарның ашқан шығар?» – деп сұрағанда, ол: «Маған ақ киімді бір адам келіп, тамақтандырып, су беріп тұрды», – деп жауап берген.  

Үйінді астынан кішкентай қызды құтқарып, алып шыққан фельдшер көзі жасқа толып: «Не жейсің? Нені жақсы көресің? Су ішесің бе? Шоколад жейсің бе?» – деп бәйек болып жатқанда қыз: «Қарным аш емес. Менің жанымда бір әдемі қыз болды. Ол маған тамақ пен су берді, ойнатты. Сені бұл жерден шығарып алады деп мені жұбатты. Сендер келген кезде, ол кетіп қалды», – деп жауап берген. https://www.facebook.com/reel/894821371827817?mibextid=0NULKw&fs=e&s=TIeQ9V

Мен олардың Алла тарапынан жіберілген періштелер екеніне сенімдімін. Құдды Мәриям анамызға тамақ тасыған Жәбірейіл періштедей, бұлар да адам кейпінде келген періштелер шығар… https://www.facebook.com/reel/583453973399489?mibextid=0NULKw&fs=e&s=TIeQ9V

Мощное землетрясение в Турции и Сирии – случаи спасения детей в фотографиях

Қаншама адамның ғұмырын жалмаған оқиғадан кейін Түркия билігі зілзалада құлаған үйлерді салған кәсіпкерлерді ұстауға кірісті. Жүзден аса күдіктіні ұстауға бұйрық берілді. Қылмыстық іске қатысы бар бірнеше кәсіпкердің ұсталғаны туралы да хабарланды.

Егер болашақты ойласақ, қазірден бастап биік ғимараттарды салатын кәсіпкерлерді қатаң бақылауға алу керек. Ертең бәрі кеш болмас үшін…

Түрік бауырлардан біздің үйренеріміз көп. Олардың бәлкім бізден үйренері де бар шығар. Әйтсе де діл мен тілде, дін мен рух биігінде олар бізден биік тұр. Тіл – ұлттың қатынас құралы. Тіл түркі әлемінің тұтастығының кепілі. Олай болса, қайғы шегіп, қара жамылған түрік елі – көмек қолын созған қазақ бауырларын түрінен емес,  тілінен  тануы тиіс еді. Алғашқы лекте олай болмай шыққаны қандай өкініш!

Түрік елінде тұрып жатқан Ардақ Әшім атты сіңілімнің әлеуметтік желідегі мына жазбасы маған көп ой салды. Мүмкін саған да көп ой салар, қазақ баласы. «Түркиядағы апатты жер сілкінісіне байланысты көптеген мемлекеттерден және біздің елімізден де құтқарушылар келіп көмек көрсетуде. Түрік телеарналарынан Қазақ елінен келген құтқарушыларға түрік халқы үлкен рақметін айтып, ризашылығын білдіріп жатыр. Көптеген достарым менің түрік елінде екенімді біледі. Біз де қолымыздан келген жәрдемімізді жасап жатырмыз. Менен кейбір түрік достарым теледидардан көргені бойынша сұрап жатыр. Көмекке  келген қазақ бауырларымыздың тілі мүлдем басқа екен, түк түсінбедік деп жатыр. Келген құтқарушылар бір-бірімен орысша сөйлесіп жүргесін, әрине, түсінбейді. Түріктер қазақ құтқарушыларының орысша сөйлеп жүргенін біліп те отырған жоқ. Өйткені бұл жақта ешкім де бір ауыз орыс тілін түсінбейді және оның үстіне орыс тілі бұл жақта жарамсыз тіл. Сосын мен амалдың жоғынан былай айттым: «Біздің ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ көптеген өзге этностар көп – бурят, якут, чукча, калмык және тағы басқа этностар…»  Сосын түріктер таң қалып: «бәсее, түрлері де, тілдері де қазаққа келмейді екен» деді.  Егер сол құтқарушы қазақтар қазақша сөйлегенде түріктер оларды түсінген болар еді» деп жазды. Тым болмаса Жаңа Қазақстан құруға талпынып жатқан билік, елдің мерейі үшін, ұлттың намысы үшін ана тіліне жетік азаматтарды қайғы жамылған бауырлас ағайынға жіберуге болар еді ғой. Тілдің қатынас құралы екенін біздің үкімет қашан ұғынар екен, осы? «Кім қай тілде сөйлесе, сол ұлттың өкілі» деген қағидат бар. Ана тілін білмейтін, білгісі де келмейтін шенеуніктер кімнің сөзін сөйлеп жүргенін білмейтін елде өмір сүріп жатқанымыз қызық-ау біздің.

Соңғы жаңалықтарға құлақ түрсек, Түркиядағы жойқын зілзаладан әлі 80 мыңдай адам үйінді астында қалып отыр. Жарақат алған адамдардың саны жүз мыңнан асқан. 6 ақпан күні болған жойқын зілзала 200 мыңнан астам адамның өміріне тікелей қауіп төндірген. Қираған құрылыстың астында қалып, қаза тапқан түркиялықтардың саны 30 мыңға жуықтаған. Үйінді астында нақты қанша адамның қалғаны белгісіз болып тұр. Құтқару жұмыстарының  9-10 күндері өтуде. Үміт оты өшіп барады. Үйінді астында тірі қалғандардың өзінің дәм-тұзы таусылуға жақын.

Турция задумалась об открытии границы с Сирией для отправки гумпомощи |

Ел анасы ретінде бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Қазақ халқы сіздермен бірге. Көз жастарын көл етіп, қайғырып жатыр. Сіздерге дұға-тілектерін арнап қамығып жатыр.  Бұл күн де өтер де кетер. Жаймашуақ көктем де жетер. Рухы мықты түрік халқы әлі талай шыңдарды бағындырар. Атақ-даңқы алысқа кетіп, талайды табындырар.

Түркі әлемінің бірігуінен өлердей қорқатындар осындай қысылтаяң сәтте, ел басына күн туған шақта ынтымақтың ерен үлгісін көрсеткен біздерге қызыға да, қызғана қарайтыны анық.

Мен басшылық етіп отырған «Qazaqstan dauiri»  газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналы ұжымы Түркияға гуманитарлық көмек ретінде Дархан Қыдырәлі басқаратын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ашылған Ұлттық волонтерлік  орталығының арнайы есепшотына бір күндік жалақымызды аудардық. Тамшыдай болса да себесіні тиер…https://fb.watch/iJ-eROREXe/

Дархан Қыдырәлі: Пресс-карта журналистің құқықтық мәртебесін айқындап,  артықшылықтар береді

Алла да иманы кәміл халықты сынайды. Бекем болыңдар, бауырлар! Шәһиттердің алды жарық болсын!  Ауыр азап көргендерге Алла шипасын берсін! Жетім мен жесірлерге Жаратқан Ие күш-қуат берсін!  Әумин!!!

Азаматтықтың ерен үлгісі қиын кезеңдерде сыналады. Әлемнің 80-нен астам елінен Анадолы жұртына құтқарушылар келді. Олардың еңбектері зор. Бейнеттері мол. Әр үйіндінің астына инемен құдық қазғандай үңіліп, әр адамның тағдырына аяушылықпен қарап, әр кірпішті сақтықпен көтеру үлкен ыждағаттылықты, мейірбандылықты қажет етеді. Олардың арасында Қазақстанның азаматтары да жүр қабырғалары қайысып, белдері майысып. Жүректері елжіреп, көздерінен жас мөлдіреп… Сөйткен  ерлердің еңбегі елеусіз қалмаса керек-ті.

«Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң, оларды міндетті түрде марапаттаймыз», –  деді Президент.  Дұрыс шешім.  Адам тағдырына араша түскендерді, қиналғанға жәрдемдескендерді құрметтеу сауапты іс. Ерлік тек соғыста ғана емес, қысылтаяң сәттерде де жасалады. Оларды дер кезінде көріп, асқақтату – ұрпаққа үлгі!

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері