«Өрлеу» жобасын іске асыруда Оңтүстік бірінші орында

Оңтүстік Қазақстан облысында «Өрлеу» жобасын іске асыруға көп көңіл бөлініп отыр. Өйткені осы жобаның арқасында жаңа кәсіп ашып, өзін ғана емес, өзге де бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігіне қол жеткізіп отырғандар саны артып келеді. «Өрлеудің» арқасында кәсіппен айналысуды бастап, жұмысын өрлете бастаған шағын кәсіпкерлермен жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі арнайы жүздесіп, ашқан кәсіптерінің аяқ алысымен танысып көрді. Шағын ғана бөлмені тігін цехына, шаштараз бөлмесіне айналдырғандар алғашқы табыстарына қол жеткізіп, кәсіптерін одан әрмен дамытқысы келетіндерін жасырмайды. Мемлекеттен осы секілді нақты қолдаулар болып тұрса, өз-өзін жұмыспен қамтитындар қатары күрт өсетініне жергілікті тұрғындар сенімді.

Жұмыссыздарға 3 түрлі мемлекеттік қолдау

Оңтүстік Қазақстан облысында «Өрлеу» жобасын іске асыру және атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу бойынша да нақты жұмыстар қолға алынуда. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Н.Сейдуалиева төмендегідей түсіндіреді.            «Елбасының бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде оңтайландырылу және жаңғырту жұмыстары өткізілді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіле бастайды.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі — аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек кешенді болып, өз ішіне 3 түрлі мемлекеттік қолдауды алып отыр. Олар: атаулы әлеуметтік көмек төлемі; жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, яғни жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жіберіліп, олардың орналасуына, жолына, біржолғы ыстық тамағына (техникалық және кәсіптік оқу орындарында білім алған жағдайда) шығыстарды өтей отырып, оқуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу; мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу; жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру; әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығару үшін кешенді қарастыруды көздейді.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті дене мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамдардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғыз басты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Бұл орайда қойылатын шарт — жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер — жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері — отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет — отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50 пайызға, ал қайталанған жағдайда 100 пайызға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.

Отбасыларға арналған 3 әлеуметтік төлем

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады. Бірінші — отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек. Екінші — отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы. Оның мөлшері осы жылы 1,05 айлықтық есептік көрсеткіш немесе 2 383 теңгені құрайды. Үшінші — кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.

Бұл жерде атап өтетін жәйт, адамға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруы үшін көмек көрсетіледі. Түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жібереді және шағын несие береді. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады.

Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті. 2015 жылы пилоттық жоба облыстың 4 өңірінде, ал 2016 жылы барлық аудан, қалаларында ендіріліп, 11,1 мың адамға 468,0 миллион теңгеге шартты ақшалай көмек төленді. 2083 еңбекке жарамды алушылар жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 2016 жылдың «Өрлеу» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша республикалық рейтинг жүйесінде Оңтүстік Қазақстан облысы үшінші орын алды.

2017 жылдың 1 қарашасына 20 703 отбасындағы 118 879 адамға 7,2 миллиард теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалды. 24,6 мың еңбекке жарамды азаматтардың 23,3 мың адам немесе 95 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Олардың 19,7 мыңы немесе 84,7 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды.

Халыққа «Өрлеу» жобасының ерекшеліктерін көрсету, әлеуметтік көмек алушылардың санын тиімді төмендету үшін облыста шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық берілуде. Шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасы жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға пайдаланылуда. Ағымдағы жылдың 10 айында «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 1160 адам өз ісін ашып, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелді.

Облыста «Өрлеу» жобасын іске асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 4,3 есеге артып, орта есеппен айына 1 адамға 24,3 мың теңгені құрады. Әлеуметтік көмек алушылардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 23 пайыз, оның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың үлесі 1,3 пайыз, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алушылардың саны 7 пайызға төмендеді.

«Өрлеу» жобасын іске асыру аясында 2017 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша республикалық рейтинг жүйесінде Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші орын алды.

2018 жылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 296,5 мың адамға, оның ішінде 25 пайыз шартсыз ақшалай көмек және 75 пайыз шартты ақшалай көмек көрсетілетіні жоспарланды. Еңбекке жарамды 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік көмектің жаңа форматына өту үшін не істеуге болады?

Келесі жылы әлеуметтік көмектің жаңа форматына «ауыртпалықсыз» өту үшін тиісті шаралары атқарылуда. Біріншіден, 2017 жылдың 1 жартыжылдығында халық арасында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 36 мобильді топтар құрылып, 721 елді мекендерде халықпен кездесулер өткізілді. Баспасөз басылымдарына 68 мақалалар ұсынылды.

Екіншіден, жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мамандарына, ауылдық округтерінің әкімдеріне облыстық дәрежеде және аудан, қалаларға шығу арқылы тоқсан сайын оқу семинарлары ұйымдастырылған. Әр ассистент пен консультант «Өрлеу» жобасын іске асыру ережелері бойынша құрылған комиссия алдында әңгімелесуден өткен. Жұмыспен қамту орталықтары мамандарының, ассистент пен консультанттардың және ауылдық елді мекендері әкімдерінің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында тестілеу жұмыстары жүргізілді.

Үшіншіден, жұмыспен қамту орталықтары жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша дайындық жұмыстарын ұйымдастыруда. Аз қамтылған азаматтарды қабылдау орны мен материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралары атқарылуда. Келесі жылы жұмыспен қамту орталықтарына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің кемінде 2 маманнан көмек көрсету үшін уақытша бекітілді.

Төртіншіден, Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасына сәйкес, 2017 жылдың 4 тоқсанында медиа-жоспар әзірленіп, қазан-қараша айларында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті көрсету бойынша талаптарын түсіндіру мақсатында халықпен кездесулер, оқыту семинарлар бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылып, облыстық және жергілікті баспасөз басылымдарына мақалалар ұсынылады.

Бүгінгі таңда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен Сайрам, Төлеби, Шардара және Отырар аудандарында оқыту семинарлары өткізілді. Семинарға ауыл округтерінің әкімдері, жұмыспен қамту орталықтарының мамандары, көмекшілер мен кеңесшілер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 17 қазанында басқарма тарапынан 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталатын жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының мамандарына, көмекшілер мен кеңесшілеріне біліктілік деңгейін арттыру мақсатында 18-25 қазан аралығында облыс деңгейінде практикалық оқыту семинарлары өткізілді.

Қосымша халықты әлеуметтік бағдарламаларға қатысуға тарту, азаматтардың ақпараттандырылуының жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету мақсатында облыс деңгейінде және аумақтарда арнайы материалдар, буклеттер әзірленіп, таратылуда. Бүгінгі таңға дейін 12 516 дана ақпараттық-түсіндіру материалдары әзірленіп, халық көп шоғырланған жерлерде ілініп, таратылды және аудандық, қалалық газеттерде 26 мақала жарияланды. Аудан, қалалар тарапынан бекітілген кестелерге сәйкес әр елді мекендерде халықпен кездесулер өткізілуде. Бүгінгі таңда 417 елді мекендерде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.

Орынбасар осылай дейді. Ал ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев жерлестерін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында 2017 жылы Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен меморандумдар түзіліп, облыстан 686 мүшесі бар 163 отбасы қоныс аударғанын мәлімдеді.

«Біздің өңірден қоныс аударған азаматтар жермен, тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға республикалық бюджеттен 11 429,8 миллион теңге бөлініп, 64 314 адам қамтылатыны көзделді. Сондай-ақ, 2017 жылы 1500 адамды кәсіпкерлік негіздерге оқытуға, 813 адамды шағын несиелеуге қатыстыру жоспарланып, жалпы 2313 адамды қамтуға 5823,4 миллион теңге қаржы қаралды», — деді Мұхит Отаршиев.

Көп балалы ана Оразкүл «Өрлеуге» риза

Жалпы, «Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 миллиард теңгеден астам шартты ақшалай көмекті 20 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық алған. Облыста «Өрлеу» пилоттық жобасын іске асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың табысы 4,2 есеге артып, орта есеппен айына 1 адамға 23 мың теңгеге жетіп отыр.

Сондай-ақ, «Ырыс» Микроқаржы ұйымы осы уақытқа дейін жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгені құрайтын 15 956 жобаға қолдау көрсеткен. Ырыстан қолдау тапқан жобалар аясында 13 697 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2017 жылдың 9 айлық көрсеткішіндегі статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері жалпы сомасы 5 465,300 мың теңгені құрайтын 2010 жобаны қаржыландырды. Соның ішінде 3 556,5 миллион теңгені құрайтын 1138 жоба мал шаруашылығына тиесілі болса, көктемгі егін егу-жинау жұмыстарын ұйымдастыру үшін 1 522,1 миллион теңгені құрайтын 890 жобаға қолдау көрсетілді.

Жылыжайды кеңейту және құрылысын салу да «Ырыс» микроқаржы ұйымының жоспарлы қаржыландырылуына еніп, бұл саладағы 50 жобаға 199,2 миллион теңге несие берілді. Құс шаруашылығы бойынша жалпы сомасы 70,2 миллион теңгеге 10 жоба қолдау тапты. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді ұйымдастыру үшін ашылған 3 жобаға 10,2 миллион теңге несие бөлінді. Нан-тоқаш өнімдерін шығару үшін 2 жоба мақұлданып, 16 миллион теңге қаражат бөлінді. Өндірістік қызмет үшін 12 миллион теңге қаржы берілді. Сауда және қызмет көрсету саласы үшін «Ырыс» МҚҰ» 17,6 миллион теңге қаржы бөлді. Нәтижесінде 8 жаңа жоба ашылды. Балабақша ашу үшін 6 жоба мақұлданып, жоба иесіне 57 миллион теңге несие берілді.

Біз басқарма басшылығы тарапынан берілген осынау мәліметтердің аудандардағы көрінісінің шынайылығына көз жеткізу үшін бірнеше аудандардағы жұмыс барысын саралап көрдік. Мәселен, Арыс қаласындағы 646 отбасы «Өрлеу» жобасы аясында мемлекет қолдауына ие болып, пайдасын көруде екен. Олар осы жоба арқасында жеке іс ашып, өздерінің шағын кәсіптерін өрлетуде. Солардың бірі, көпбалалы ана — Оразкүл Ақжігітова. Ол отағасымен бірге өткен жылы мемлекеттен 265 332 теңге көлемінде шартты ақшалай көмек алып, пластиктен есік, терезе жасайтын құрал-жабдық сатып алып, кәсібін ашты. Отағасымен аталған қаржыны тиімді жұмсағандықтан, осы жылдың сәуір айында тағы да осы бағдарламамен 265 332 теңге тағайындалды. Олар осылайша, істерін кеңейтіп, өрлеудің өркендеуіне көз жеткізіп отыр.

«Өрлеу» бағдарламасының шарттарын дұрыс орындаған арыстық Қашқынбекова Зада да осы жылы жалпы көлемі 600 мың теңгеден астам көмекке ие болып, оған тігін машинасын сатып алып, қолөнермен айналысуда. Шағын тігін цехында көрпе, көрпеше, қыз жасауы сынды қолөнер бұйымдарын тігуде.

Арыс қаласында осы жылдың 9 айында аталған жобаға 661 отбасы, яғни 3668 адам қатысқан. Оларға отбасына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнының айырмасы төленеді. Бүгінде 646 отбасына республикалық бюджеттен 113 миллион 449 мың 700 теңге, ал жергілікті бюджеттен 90 миллион 468 мың 700 теңге шартты ақшалай көмек  тағайындалды. «Өрлеу» жобасы бойынша 90 адам әлеуметтік жұмысқа,  20 адам қоғамдық жұмысқа, ал екі адам жастар практикасына, 11 адам қайта даярлау курсына, 563 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Отырар ауданы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 2017 жылдың 1 қазанына дейінгі орындалуы туралы мәліметіне де көз жүгіртіп көрдік. Аудан бойынша халықты жұмыспен қамтамасыз етудің 2017 жылға кешенді жылдық жоспары 2334 адам болса, 9 айда орындалуы тиіс 2081-дің орнына 2252 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 108,2 пайызға орындалған. Оның ішінде санаттары бойынша жұмыссыздар есебінен 1068 адам жолданып (9 ай бойынша жоспар — 908 адам), 118 пайызға, өздігінше жұмыспен қамтылғандар қатарынан 652 адам, (9 ай бойынша жоспар 650 адам) жоспар 100,3 пайызға орындалды. Жұмыс іздеушілер қатарынан 9 айдағы жоспар 523 адам болса, орындалуы 532 адамға жетті. Жұмыспен қамтылған халықтың 24,1 пайызы табысы аз азаматтар нақты 543 азамат (9 айдағы жоспар — 540 адам).

Бағдарламаның 3 бағыты

Аталған бағдарламаның бірінші бағыты — кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту бойынша 2017 жылға жоспар 378 адам, оның ішінде қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 269 адам, кәсіби оқуға 109 адам жолдау жоспарлануда. Бүгінгі таңға 269 адам қысқа мерзімді қайта даярлау курсына жіберілу керек болса, ол толығымен орындалды.

Екінші бағыт — жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2017 жылға шағын несиемен қамту 140 адамға жоспарланған. Бүгінгі таңға өтініш берушілерден құжаттары жинақталып, нақты 72 азамат 224 770,0 мың теңге шағын несиемен қамтылды. Оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы қаржысынан 46 азамат 112 280,0 мың теңге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамтудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша «Отырарауылнесие» қаржы ұйымынан 5 азамат 35 490,0 мың теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 21 азамат 77,0 миллион теңге несиемен қамтылды. Осының арқасында 79 жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлік негіздерінде оқыту бойынша жылдық жоспар 150 адам болып бекітілсе, нақты 154 азамат оқуға жолданып, сертификаттарын алды.

Үшінші бағыт — жұмыспен қамту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша тұрақты және жаңа жұмыс орындары бойынша жылдық жоспар 1125 адам болса, нақты орындалғаны — 1056 азамат. Олар бос жұмыс орындары және мемлекеттік аймақтық бағдарламаларды дамыту, жеке бастамалар бойынша жұмысқа жолданған. Олардың 818-і тұрақты жұмыспен қамтылып, мемлекеттік аймақтық дамыту бағдарламалар негізінде жолданған 238 адам жұмыспен қамтылды.

Әлеуметтік жұмыс орны бойынша жылдық жоспар 160 адам болса, нақты 214 азамат 54 жұмыс беруші мекемеге жолданды. Қаралған қаржы — 39,4 миллион теңге. 9 айдың қорытындысымен оның 30,400 мың теңгесі игерілді. Жыл соңына қаралған қаржысы толығымен игеріледі деген жоспар бар.

Жастар практикасы бойынша жылдық жоспар 100 азамат болып белгіленсе, бүгінде қамтылғаны — 110 азамат. Олар 58 жұмыс беруші мекемеге жолданды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен бөлінген қаржы — 34,5 миллион теңге.

Халықты жұмыспен қамтамасыз етудің 2017 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес мүмкіндігі шектеулі мүгедектердің жұмыспен қамтылуы бойынша жылдық жоспар 80 азамат болса, 9 айдың жоспары бойынша 76 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнымен 30 адам, бос жұмыс орындарына 14 азамат, жастар практикасына 2 азамат жолданды. Шағын несиемен қамтылған 7, қысқа мерзімді қайта даярлау курсына жолданған 12, ақылы қоғамдық жұмыс орнымен 8, кәсіпкерлік негіздері оқуымен 3 азамат қамтылды. Ақылы қоғамдық жұмыс орнына жіберу бойынша жылдық жоспар 400 адам деп белгіленсе, 9 айда 377 азамат жолданған. Бұл туралы Отырар аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы М.Амангелді мырза айтып берді.

Шардара ауданы бойынша «Өрлеу» жобасына орай республикалық бюджеттен 155 736,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 58 000,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Оның бүгінгі таңда 648 отбасына республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан 116 802,0 мың, жергілікті бюджеттен қаралған қаражаттан 46000,0 мың теңге игерілген. Әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларына 648 отбасының 3 мүшесі қоғамдық жұмысқа, 53-і әлеуметтік жұмыс орнына, 10-ы қысқа мерзімді оқуға, 627 азамат тұрақты жұмыс орнына, жалпы 693 адам әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларына қатысып, 25 адам жеке кәсіпкерлігін ашты. Жеке кәсіпкерлігін ашқан бірқатар азаматтар, атап айтқанда, Шардара қаласы сол жағалау елді мекенінің тұрғыны Андасбекова Нұргүл 286,0 мың теңге алып, жылыжай құрылысын, Т.Тоғай елді мекенінің тұрғыны Туменова Ләйлә 285,0 мың теңге алып, наубайхана ашқан. Қ.Турысбеков ауыл округінің тұрғыны Ермаханова Зухра  336,0 мың теңге алып,  50 бас ешкі малын алса, Алатау батыр ауыл округінің тұрғыны Тимашов Ескендір 255,0 мың теңге алып, шаштараз ашқан. Шардара ауданы мал шаруашылығына тиімді өңір болғандықтан, негізінен «Өрлеу» жобасына қатысқан отбасылар мал алып, мал басын көбейту, мал бордақылау істерін қолға алған. Бүгінгі таңда «Өрлеу» жобасына қатысып, шартты ақшалай көмекті алып, өз істерін ашып, табыс көзіне айналдырған азаматтар алдағы уақытта кәсіптерін ары қарай дамытуды жоспарлап отыр.

Иә, осы секілді шағын кәсібін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар әр ауданда бар. Бүгінде олардың бастау алған шағын жұмыстары ертеңгі күні үлкен шаруаға ұласып жатса, кұба-құп. «Өрлеу» бағдарламасының да негізгі мақсаты осы кәсіпке баулу, өз-өзін жұмыспен қамту. Ендеше, бағдарлама мақсатының жүзеге асуы елді де, билік өкілдерін де қуантып отыр. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.   

Әзірлеген Шадияр Мекенбайұлы,

Оңтүстік Қазақстан облысы