Өмір деген — ұлы сапар осынау

Мұқағалидың өмір туралы жазған толғауын жіберуді жөн көрдім, керемет жазылған. Қабыл алыңыздар.
Өмір деген — ұлы сапар осынау,
Қиындықтар кезіксе де жасымау.
Өмір деген — қарап жүрмей досым-ау,
Жұмыс жасау, жанұяңды асырау.
Өмір деген — міне солай жан бағу,
Әр қызыққа тамсану да, таң қалу.
Өмір деген — өкініш пен қуаныш,
Өмір деген — алдау және алдану.
Өмір деген — өз-өзіңді басқару,
Басқара алмай кейде шалқып мастану.
Өмір деген — баю, тою, шірену,
Өмір деген — тиын санау, аш қалу.
Өмір деген — жалындыру, жалыну,
Өмір деген — сырқаттану, сауығу.
Өмір деген — күнә жасап, артынан
Тәубаға кеп заңдылыққа бағыну.
Өмір деген — жыл қарсы алып, жас қосу,
Танымайтын біреулермен достасу.
Өмір деген — бір адамды қарсы алып,
Бір адаммен мәңгілікке қоштасу.
Өмір деген мақталу да, датталу,
Жан досыңа бар сырыңды ақтару.
Өмір деген — күн артынан күн өту,
Бірде жылап, енді бірде шаттану.
Өмір деген — азу, тозу, семіру,
Жастық өтіп қартыққа да жеңілу.
Өмір деген — сағыну һәм ұмыту,
Өмір деген — ғашық болу, жеріну.
Өмір деген — арғы жақты сөз қылу,
Өз-өзіңе риза болу, жазғыру.
Туған күнді тойлай жүріп бір күні,
Өмір деген — аңдаусызда көз жұму.
Біздің мекен — бағзы өлке, ескі алаң,
Кімдер сірә, табанымен баспаған.
Жердің жүзін билегісі келсе де,
Мәңгілікке ешкім есік ашпаған.
Міне сондай, мен қозғаған ой мынау,
Өмір деген — тек тіршілік жайлы дау.
Қойшы досым, адамбыз ғой бастысы,
Жоқ болғанда қайтер едік деймін-ау…

М. Мақатаев