Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие діңгегі Түркістанда «Аялы әже» форумы тұсауын кесті

Әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген асыл бейне, аялы алақан, талай тағдыр талқысы жасырылған терең әжім, оған мойымаған алып тұлға келеді. Иә, әже деген алып тұлға! Ол  – ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ саулығының діңгегі. Асыл аналарымыз бен ұлы әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз әңгімелер мен жыр-дастандарды тыңдап өскен Абай ұлы ақынға айналса, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқанның шоқтығы биік болды. Ал заңғар жазушы, маржан сөз құдыретінің егесі Шерхан Мұртазаның әжесі Айша немересінің бойына үлкен қасиетті құндақтан сіңіре білген абыз әже. Міне, әже тәрбиесімен тау тұлға болып өскен ұлт мақтаныштары жайында айтылар әңгіме, келтірер мысал таусылмақ емес.

 

 

Бұл жобаның ұрпақ тәрбиесіне берері мол

 

Сәрсенбінің сәтінде қасиетті Түркістан төрінде ұйымдастырылған «Аялы әже» форумы осы құндылықтарды қазіргі ұрпақ құлағына құйған құнды іс-шара болды. Көркейген Түркістан шаһарындағы зәулім сарайда салтанаты артқан шара Түркістан Облыстық Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» 10 жылдық мерейтойына орайластырылды. Осы күнгі көркем көрініс жүрекке жылу сыйлап, көңілге еріксіз қуаныш пен сағыныш ұялатты. Ұлттық аспаптар ансамблінің кейде ақырын тербеп, кейде толқындай толқытқан қоңыр үн құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиеді. Қайда қарасаңыз да ұлттың ары секілденген ақ кимешек киген әжелер. Фойеде ұйымдастырылған көрмеде жеті қазына, құрақ, тоқыма, ат әбзелдері, ұлттық бас киім, ағаштан жасалған бұйымдар, ұлттық тағамдар, ұлттық аспап түрлері, ұлттық киім кию үлгілері насихатталыпты. Әсіресе, ағаштан өрілген әнебір композиция өзіне еріксіз назар аудартады. Қолөнер авторы Гауһарбек Құмқожаев ол туындысын «Ұлы дала сыры» деп атапты. «Мұнда қазақ елінің бүкіл мәдениеті, философиясы бейнеленген», – дейді автор. Жуырда осы секілді ағаштан өрілген 9 туындысын Астанаға арнайы шақыртумен алып барғанда оны тамашалаған Франция Президенті Эмманюэль Макрон ризалықпен қолын алыпты. Өз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да ризалығын жасыра алмаған.

 

 

Ұлттық жабдық-жасаумен жабдықталған қазақы үйдегі ата мен немере әңгімесі, әже мен балауса қыз арасындағы ұрпақ сабақтастығы ұлт құндылығын ұғындырғандай әсер етті. Ақ кимешектегі әженің әңгімесін тыңдағымыз келді. Өзін Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным деп таныстырды. Ұлт мақтанышы, дәстүр жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың қолында жүріп, бес жыл оқыған немере қарындасы екен. «Бүгін біз көрермендерге бүкіл жасауымен жабдықталған қазақы үйді ұсынып отырмыз. Бір кездері аналарымыз, өзіміз де қолдан кілем, қоржын тоқып, құрақ көрпеше құрайтынбыз. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы мен мақсат-маңызы бар. Мәселен, құрақ көрпешені қызға не үшін берген? Барған жеріңде құралып, үй болып кет деген тілек-мақсаттан туындаған. Ал жүннен тоқылған кілем қазіргі синтетикалық кілемдер секілді емес, табиғи таза, жылы, зиянсыз. Мұны қазір де ешқандай техникасыз тоқуға болады. Жалпы, бүгінгі форумның мақсаты – қазіргідей жаһандану заманында жастарымыздың рухани жан дүниесі байыту, салт-дәстүр сабақтастығын сақтау. Жастармен тәрбие жұмысын салт-дәстүрімізді сабақтастыра отырып жүргізу жаһандануға жұтылып кетпеудің жалғыз жолы», – дейді Айғаным апа.

 

 

«Аялы әже» форумының салтанатты жиыны «Әжелер алқасы 10 жыл белесінде» атты бейнеролик көрсетумен басталды. Әжелер алқасы 2013 жылдың 17 сәуірінде Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған. Сол жылдан бері алқа ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда, әрі қыз балалар арасында қоғамдық сананы ояту, жастарға ұлттық құндылықтарды таныту, шынайы достық пен кең пейілді қатынастардың орнығуына белсенді ықпал етуде. Бүгінгі таңда жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағын тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, ене мен келін татулығы, сол арқылы әулет ынтымағына қол жеткізуді қолға алған әжелер алқасы облыстағы барлық 17 аудан-қалада, 528 елді мекенде нәтижелі жұмыс атқаруда. Жауапкершілігі мол жұмысқа 10 мыңға жуық әжелер мен аналар тартылып, 10 жыл аралығында 306 іс-шара, 200-ден астам танымдық-тәрбиелік басқосу ұйымдастырылған. Оған 25 мыңнан астам жастар қатысты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында Әжелер алқасының мүшелері белсене араласып, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге білек сыбана кіріскен. Пандемия кезеңінде абзал аналарымыз қатерге бас тігіп, мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алған сәтте де алдыңғы шептен көрінген осы асыл жандар болды.

Форумға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ардагерлерді құттықтап, олардың қоғамдағы, ұлт тәрбиесіндегі алар орнын атап өтті.

 

 

– Түркістан өңірінің дала дәстүрін сақтаған, салтын жалғастырған өзіндік жолы бар. Өткен жылы елге сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені ерекше атап айтқан болатын. Қайбір жағдайда, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерде болмасын Түркістан облысының әрдайым ынтымағы, бірлігі көрініп отырады. Бұл осы өңірдегі халыққа, ұрпаққа өзіндік үлгісін көрсетіп отырған аяулы әжелеріміздің, қадірлі ел ағаларының еңбегі деп бағалар едім. Шынында да Түркістан өңірінің осы өнегесі қазақ халқының мінезінің ерекше болмысы деп айта аламыз. Облыстық ардагерлер кеңесі және оның төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ағамыз осы ұйымды, оның ішінде «Әжелер алқасын» жаңа үлгіде, жаңа бағытта жүргізуде нәтижелі жұмыс істеп жүр. Бұл жобаны облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы да тікелей қолдап, бірқатар іс-шаралардың ортасында болып, өзінің қолдауын, көмегін ұсынып келеді.

Қазіргі уақытта ұрпақ тәрбиесінде көптеген түйткілді мәселелер бар. Білім беруде, тәрбиелеуде әртүрлі жаңашылдық бағыт қолға алынғанымен, ұрпақты ұлт тамырынан ажыратпайтын ол сіздердің ұлттық құндылықтағы тәрбиелеріңіз. Біздің қоғам, қазіргі ұрпақ бұған әрдайым сусап келе жатыр. Сол олқылықтың орнын осы сіздер толтырады деп ойлаймыз және шын мәнінде сіздер жаңа ұрпақты, жаңа буынды ұлттық құндылыққа сай тәрбиелеуде еңбектеріңізді арнап, үлестеріңізді қосып келесіздер, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

 

Бос ұранмен, бүгінгі сәтпен тоқтамайық!

 

Форумға қадірменді қонақ ретінде шақырылған қоғам қайраткері, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының Президенті Сәуле Мешітбайқызы да әже ретінде өз ойын ортаға салды.

– Бүгін, сәрсенбінің сәтінде қасиетті Түркістан жерінде үлкен той өтіп жатыр. Баяғы әжелер тойы. Бүгін мен бүкіл әлем той тойлап отырғандай күй кешудемін, өйткені әжелер еңсесін көтеріп отыр. Қашан да анасын құрметтеген ел бақытты. Ырымшыл қазақпыз ғой, түнгі жаңбырда елдің амандығын, бауырдың бүтіндігін, берекелі, бейбіт заман болуын тіледім. Бүгінгі форум ерекше форматта өтіп жатыр. 10 жыл тарих үшін қас-қағым сәт десек те, осы жылда бүкіл республикаға үлгі боларлық жүйелі жұмыс атқарылғанын мен ана, ұстаз ретінде айта аламын.

Иә, біз шын мәнісінде ұлттық құндылықтардан ажырап барамыз. Көп нәрсеге әжелердің шамасы келмей, ұрпағымыз телефонға құл болды. Телефон, смартфон дегендер бізді мейірімділіктен, қанағатшылдықтан айырып, алауыздықты өршітуге себеп болуда. Әрине, телефонның пайдасы, жақсылығы да жетерлік, бірақ зияны шаш етектен. Ұрпағымызды «көксандық» аздырмасын, тоздырмасын десек, онымен әжелер де, бүкіл қоғам болып күресу керекпіз. Бұл сөзіміз ұран күйінде қалып қоймау керек, іспен көрсетейік. Дәл осы кезде Зере, Айғаным, Айша, Қызтумас аналарымыз арамызда жүрген секілді. «Бастарыңды көтеріңдер, ұрпақтарыңа ие болыңдар» деп аманаттап тұрған сияқты. Осы бағытта жұмыс жүргізіп келе жатқан Ардагерлер кеңесіне, оның төрғасы Жеңісбек Мәуленқұловқа сахнада тұрып басымды иіп, алғысымды айтамын. Не нәрсеге де бастаушы керек, облыс әкімдігіне де алғысым шексіз. Бүгінгі мерекенің үлкен тәрбиелік мәні бар. Эстафетаны Әулие атаның, Айша бибінің еліне берудің өзі керемет сабақтастық. Құрметті әжелер, біз бос ұранмен, бүгінгі сәтпен тоқтап қалмайық. «Көктемірдің» құзырына ауысып кеткен ұрпағымыздың тәрбие-тізгінін қолға алайық, ұрпағымызға ие болайық! – деді Сәуле Мешітбайқызы.

 

 

Бүгінгі форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бірқатар түйткілді мәселелерге қозғау салды.

– Өткенімізге ой салсақ, қазақ жері қай заманда да ен байлыққа көз тіккен жат елдің шапқыншылықтарынан көз ашпай, нешеме ғасыр өмірі жаугершілікпен өтіпті. «Үйде туып, түзде өлуге» тас-түйін бекіп, ат үстінде жігер-күшін шыңдап өскен қазақтың әрбір баласы ата-баба қанымен аманат болып жеткен елді, жерді сақтауды өзінің айнымас парызы санаған. Ал, қазақтың әрбір бұрымды, бұраң бел қаракөзі сол ел қорғаны болған азаматының шаңырағының жылуын сақтап, ұрпағын көбейтіп отырған. Еш жерде жазылмаған бұл Ұлы дала заңы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қалайша бұлжымай орындалып отырды? Әрине, бүкіл бір рулы елге бас болған абыз ақсақалдардың аталы сөзімен, кимешегі иығына төгілген әже ертегісімен, ана әлдиімен, әке ақылымен бала санасына сіңіп, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Әсіресе бала тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған Әженің орны қашанда жоғары болғаны айнымас шындық.

Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұрмысының қалыпты заңдылығын бұзған кеңестік идеология, одан кейінгі ден қойған нарықтық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды. Осы орайда Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын», – деген екен.

Шындығында, оқушы балалармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында өткен кездесулердің бірінде қазақтың әрбір баласы білуі тиіс ұлттық салт-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап бере алмағанын көріп, бүгінгі жас ұрпағымыздың ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құндылықтарымыздан мақұрым қалып бара жатқан жоқпыз ба деген ой мазалады. Сондықтан, бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылығымыздың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы  3 сәуірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасының» іргесін қаладық.

Бұл бастамамыз аз уақытта-ақ өз жемісін бергеніне бүгінгі күні бүкіл облыс халқы куә болып отыр. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптастыруға көмектесуді мақсат тұтқан осындай «Әжелер алқасы» облысымыздың барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері мен 528 елді мекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі 75 326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда. «Әжелер алқасы» құрылғаннан бергі осы он жылда «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып, таратылды.

 

 

Өткеннің жауһарын сүзіп алып, бүгіннің озығымен ұштастырып отырған бұл ұйымның жұмысы Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр. Биылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Біздің «Әжелер алқасы» Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған осы мәселені, яғни отбасындағы тәрбиені қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен істер атқарып отырғаны даусыз. Осындай маңызы бар істің біздің оңтүстік өңірінен бастау алғанына қуанамын және мақтаныш тұтамын.

Иә, бала тәрбиесінде халқымыздың бар асыл қасиетін бойға жиған дана әжелеріміздің орны қашан да биік екенін қайталап айтудан жалықпаймыз. Бар баланы құшағына алып, мейірім шуағын төгуден шаршамайтын әже ертегісін тыңдап, ата өсиетін құлағына құйып өскен баланың жаманы болмайды. «Елім, жерім, ұлтым» дейтін ұлан да сондай баладан шығады. «Адамның ала жібін аттама, ақты төкпе, үлкеннің жолын кеспе, біреуді жамандама, ұят болады, обал болады, жаман болады» деген сияқты ырым-тыйымдарымен-ақ мың мектептің бере алмайтын тәлім-тәрбиесін бір өзі беретін ата мен әженің қадір-қасиетін қайтарып, қарттарымыздың көкірегіндегі мол көмбенің көзін ашар кез жетті. Ұлтымыз үшін аса маңызды осы ұлы іске бір кісідей болып жұмылып, асыл әже, ғасыр әжелерімізді ұлықтайық.

Шындап келгенде, бәріміз де бір мүддеге – еліміздің ертеңі үшін қызмет етіп отырғанымыз айнымас ақиқат. Дегенмен, ұлттың тірегі де, алтын арқауы да болған, болып та келе жатқан, бола да беретін қазақтың асыл әжелерінің тәлім-тәрбиесін кеңінен насихаттап, оған мемлекеттік маңыз берудің уақыты әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Сондықтан «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының қолдауымен осы бастамаға «Аялы әже» мәртебесін беріп, «Әжелер алқасының» он жылдық жұмысының озық іс-тәжірибелерін республика көлемінде таратуды қолға алғалы отырғанымызды жеткізгім келеді. Осыған орай бүгін біз аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи нақышта бедерленген «Аялы әже» мүсін-таңбасын жасап әкеліп отырмыз. Бұл таңбаның мән-маңызына үңілсек, ол аялы әженің алақанында қазақ халқының барлық қасиетін ұрпағымыз осы тұмардай тағып, бойында сақтасын деген ниеттен туған. Ашық аспан астында желбіреген тұмардың шашақтары ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді, яғни қазақ елінің қасиетін ұрпағы жалғастырады дегенді білдіреді. Біз осы «Аялы әже» деп атаған мүсін-таңбамызды еліміздің барлық облыстарына эстафета етіп жолдаймыз. Алғашқы эстафета бүгінгі «Аялы әже» форумында салтанатты түрде Жамбыл облысына тапсырылатын болады. Түркістан облысынан бастау алған игі бастама еліміздің барлық түкпірінде жалғасын тауып, ұлтымыздың өресін биіктетуге қызмет ете беретініне бек сенім артамыз, – деді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

Форум аясында осы он жыл бойына ұрпақ тәрбиесінде ерен еңбек етіп келе жатқан аяулы әжелерімізге облыс әкімдігі мен мәслихаты, Ардагерлер кеңесі атынан арнайы марапаттар мен грамоталар, сый-сияпаттар ұсынылды. Жиын дастарқан басында жалғасын тауып, ата-әжелеріміздің баталы тілектерімен өрілді. Форум қорытындысы бойынша арнайы үндеу қабылданып, ол көпшілікке таныстырылды. Біз де оқырман назарына осы үндеу мәтінін ұсынғанды жөн санадық.

 

 

 

«Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбы аясында өткен «Аялы әже» форумына қатысушылардың 

ҮНДЕУІ 

 

Біз, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «Аялы әже» форумына қатысушыларға Отанымыз Қазақстанда тарихи кезеңде «Ұрпақтар сабақтастығы» жөнінде баршаңызға Үндеу арнап отырмыз.

Аға буын өкілдерінің ұрпақтар сабақтастығы бойынша мақсаты – жастардың ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрлерді және адами құндылықтарды сақтауға, оны жаңғыртуға, ұлттық және мәдени бірегейлікті дамытуға үлес қосу.

Еліміздегі жасампаз жаңалықтар, орасан зор саяси оқиғалар бәрімізге жоғары жауапкершілік жүктейді. Бірлік пен ынтымақта, татулық пен тұрақтылықта және бірлесе атқарғанда ғана алға қойған мерейлі мақсаттарға қол жеткіземіз. Әсіресе, жаһандану саясаты дендеп тұрған шақта ұрпақ тәрбиесіне, ұлт келешегіне аса көңіл бөліп, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастырып отырған аға ұрпақ өкілдері, яғни Ардагерлер ұйымының жұмысы Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен үндесіп жатыр. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, «…ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек, ұлттың жаңа санасын қалыптастыру, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет» деп атап көрсетті. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты.

Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда, ата-баба аманаттарына адалдықтан айнымай алға апаруда, бала тәрбиесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орасан зор орны бар екені, олардың өлшеусіз рөл атқаратыны ақиқат. Сондықтан «Аялы әже» форумының аясындағы басқосуында айтылған ұсыныстарды, ортаға салынған ойларды, парасатты пікірлерді ескеріп, баршаңызды жұмыла жұмыс жасауға шақырамыз!

Үндеу 2023 жылғы 22 қарашада Түркістан қаласында өткен «Аялы әже» форумында қабылданды.

 

ШАДИЯР МЕКЕНБАЙҰЛЫ,

Түркістан облысы