Әулиеатаның қасиетті орындары тізіміне енген Ойранды даласы

Қазақ халқының қилы тағдырында ел есінде мәңгілікке сақталып, ұзақ уақыт аңыз қылып айтып жүретін тарихи жер атаулары да жиі кездеседі. Осындай саяси маңызы бар орындардың бірі «Әулиеатаның Қасиетті орындары» тізіміне енген –Ойранды даласы. Ойранды жері Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тұсындағы тау шатқалына кіреберістегі жазықты алқап. Халқымыздың жер, тау, өзен, көл немесе басқа да дүниелерге ат қойғанда оның белгілі бір сыртқы көріністеріне немесе себеп-салдарына, мағынасына қарап қоятындығы ертеден-ақ белгілі. Сондықтан да бұл аумақтың «Ойранды» деп аталуы да бекер емес. Ол қазақтың «ойран болды, ойраны шықты»-деген сөздермен мағыналас. Ескіден жеткен аңыз-әңгімелерінде бұл дала қалмақтардың қазақтардан жеңіліп, ойраны шыққан жер еді.
Ойранды аумағындағы соғыс алаңында ірі-ірі тастар қатарынан тізбектеліп қойылған. Осы өңірдегі жергілікті халықтың аузында сақталған естеліктерде тізбектеліп қойылған тастар жоңғарлармен соғыс кезінде жау аттарының екпінін қайтару үшін қойылған деседі.
Көнекөз қариялардың айтуынша «Ойранды», «Ақсарай», «Қалмаққия» деген жерлерде үлкен соғыс болған. Қалмақтардың соғысы Қазақ елінің тәуелсіздігіне мейлінше қауіп төндірді. Қазақ халқын талқандауды мақсат еткен қалмақтар өздерінің жоспарын тезірек іске асыруға талпынды. Бірақ Тоғызақ батыр жасақшыларымен тізе қосып, жауға қарсы ерлікпен шайқасып, тойтарыс берген.
Ел аузында кең таралған әңгімелердің бірінде қалмақтар осы Ойранды даласында жеңіліп, асудан қашқан дейді. Олардың алдынан тойтарыс беріліп, қазіргі «Ақсарай» деген жерде жауды күтіп алып, тағы да соққы берілген. Асуға барар жол қазақтардың қолында болғандықтан, жаулар «Қаратас» жанындағы бітеу шатқалмен қашуға тура келген. Асу құз, жартасты болғандықтан, тұрып қалады. Қашарға жер таппаған жау әскері ойраны шығып жеңілген екен.
Тағы бір аңыздарда Ойранды өзенінің маңында бір кездері қырғыз-қазақтың арасында қарулы соғыс болған көрінеді. Екі жақтан да адам шығыны көп болғандықтан, бұл жерді «Ойран болады, Ойранды» деп аталған екен.
Белгілі қазақ қаламгері Әбіш Кекілбаев: «Қалмақпен шешуші соғыс Жамбыл облысы, «Тұтқынсай» деген жерде болған. Бұл жер Әулиебұлақ жеріндегі қазіргі «Ойранды», – деп баяндайды.
Бүгінгі таңда шатқалдың етегінде «Әулиебұлақ» деп аталатын бастау ағып жатыр. Жергілікті халық жиі келіп бұлақтың көзін ашып, зиярат жасайды.

Зәуре Сарманбетова,
тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы