Әулиеаталық әкімдердің ағылшыншасы қандай?

немесе «Үш тұғырлы тіл» саясаты Жамбыл облысында қалай жүзеге асып жатыр?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдың білім мен бәсеке ғасыры екенін үнемі айтып келеді. Әсіресе, білім үйреніп, ғылым меңгеруге мемлекет тиісті жағдайлар  жасап отыр. Абай хакімнің өзі заманында қазақтың көне ауыз әдебиетін, аңыз-әңгімелерін жетік білумен қатар, Еуропа, орыс әдебиеті мен ғылымын да жақсы меңгерген. Бұл үрдіс тек қана әдебиет пен ғылым адамдарына қатысты емес. Сонымен қатар, түрлі салаларда жүрген азаматтардың білім мен ғылымға ден қойғаны өте құптарлық жағдай.

Елбасының «Үштұғырлы тіл» саясаты азаматтарды өзге елдің тілін үйренуге де жетелеп келеді. Әсіресе бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың басым бөлігі ағылшын тіліне жетік. Тіл білгендігінің нәтижесінде, ол жастар аудармашысыз-ақ шетел  азаматтарымен түсінісе алады. Әрі тіл білген адамға әлемнің барлық өркениеті мен мәдениетінің есігі ашылады. Тіпті ел алдында жүрген азаматтарымыз тіл біліп, жастарға үлгі көрсетіп жатса дұрыс-ақ. Жақсылыққа талпынып жүрген жастар ел ағаларына  қарап бой түзеп, ой салмақтайтыны анық.

a5ab9376261240313ca40999af0e55b8_resize_w_1200_h_

Қазақта «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Әкім болу да халықтың қамқоршысына айналу деген сөз. Әрі жастардың қарап бой түзейтін идеалы бола білген абзал. Ал әулиеаталық әкімдердің басым бөлігі жақсы істерімен қатар, жастарға үлгі бола білетін қасиетімен ерекшеленеді. Жамбыл облысының  әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өңір  жастарына ерекше көңіл бөліп жүрегеніне  күнделікті куәміз. Жастардың сапалы білім алуы, жұмысқа орналасуы, қоғамнан өз орнын табуы аймақ басшысының назарындағы негізгі мәселенің бірі. Кәрім Нәсбекұлы іскерлігімен қатар, тіл білетін қабілетімен де жастарға үлгі көрсетіп жүрген азамат. Қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген Кәрім Көкірекбаевтың бұл бастамасы өзге әкімдерге де үлгі болуға тұрарлық іс.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке де ағылшын тіліне жетік маман. Әсіресе облысқа инвестиция тарту мәселесі бойынша шетелдік азаматтармен келіссөз жүргізу кезінде Тимур Амантайұлының бұл ерекшелігі теңдесіз. Бүгінгі таңда Жамбыл жерінде абыроймен қызмет атқарып келе жатқан азамат бұған дейін де талай баспалдақтан өткен тәжірибелі, әрі білімге деген құштарлығымен де танылған  басшы.

Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нүркеновте шет тілдеріне шорқақ емес. Жиындарда ресми тілде еркін сөйлейтін басшының ағылшын тілінде де ағылатынын  көп адам біле бермес? Алайда Бақытжан Балтабекұлы Жаңа жыл мерекесінде тұрғындарға деген тілегін қазақ, орыс, ағылшын тілінде жеткізіп, мойынқұмдықтарға үлгі болуда.

Ал Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев болса, шет тілін ертеден еркін меңгерген екен. Алматы облысында қызмет істеп  жүрген жылдары Қайрат Әскербекұлы таңғы сағат 7.00 мен 8.00 аралығында арнайы маман жалдап, тіл үйреніпті. Осылайша басшы  бар уақытын тиімді пайдаланып, «Үш тұғырлы тіл»  саясатын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан.

Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулетте ағылшын тілінде ауызекі сөйлей алатындығын айтады. Әкімнің сөзіне сүйенсек, қазір Рүстем Рысбайұлы шет мемлекеттерге аудармашысыз іссапарға шыға береді екен. Және келешекте ағылшын тілін толыққанды меңгеруге басшы  бел буып отыр.

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов ағылшын тілін білмейтінін ашып айтуда. Алайда әкім мектеп кезінде неміс тілін оқығанын, енді биыл ағылшын тілі курстарына жазылуға шешім қабылдап отырғанын жеткізді.

Жуалы ауданының әкімі Бахтияр Көпбосыновтың да ағылшыншасы ақсап тұр екен. Бұның себебін аудан басшысы елді мекенде тіл оқыту  курстары жоқтығымен, сол себепті жұмыспен екеуін қатар алып жүру қиынға соғып жатқанымен  түсіндіруде. Десе де, Бахтияр Бейсембайұылының тіл үйренуге деген ниеті бар.

Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев ағылшынша ағылып тұрмаса да, қырғыз және өзбек тілдерінде еркін  сөйлей алады. Аудан басшысының айтуынша, ертекте осы екі елмен етене жақын жұмыс жасап, тіл меңгеріпті.Нәтижесінде бүгінде Балабек Жанбекұлы мемлекеттік және ресми тілді қосқанда, төрт тілде хат танып отыр.

Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков «Үш тұғырлы тіл»  саясатына қатысты тың ойын білдіруде. Оның айтуынша,  ана тілін жетік білген кез келген азамат өзге тілді тез  меңгеріп кетеді екен. Сондықтан Мейірхан Азатұлы «ештен кеш жақсы» деп ағылшын тілін үйренуді биыл  мықтап қолға алмақшы.

Облыс орталығындағы  Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров оқу орнының қабырғасында жүргенде неміс тіліне ерекше қызыққан екен. Осы тілді жетік меңгерген басшы  неміс тілінде еркін сөйлейтін дәрежеге жеткен. Алайда Нұржан Сәбитұлының айтуынша, жылдар өте күнделікті қолданбағандықтан  неміс тілін ұмытып  қалыпты. Десе де, қала әкімі қазір ағылшын тілінен тәлім алып жүрген көрінеді. Және шет мемлекеттерге шыққанда ағылшынша сөйлесіп, аудармашысыз-ақ келіссөздер жүргізеді  екен.

Міне, бұл әулиеталық әкімдердің «Үш тұғырлы тіл» саясатын дамытуға қосып жатқан үлестері мен ағылшын тілін меңгеру деңгейі. Бірлері бұл бағыттағы жұмыстардың бағдарын тауып, тілді еркін меңгергендерін айтып отырса, енді екіншілері бұл шаруаны енді қолға алып жатыр екен. Осы орайда, шет тілін қанша уақытта оқып, ауызекі сөйлеу дәрежесіне жетуге болатынын  мамандардан білген  едік.

-Жалпы облыста кейінгі жылдары ағылшын тілін үйренуге ниет білдіріп жатқандардың қарасы қалың. Мәселен, өткен жылы Тараз қаласында 341, аудандарда 775 азамат шет тілі курстарынан өтті. Оның ішінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселері басқармасының бұрынғы басшысы Еркебұлан Құралбаев пен басқарманың 17 маманы бар. Осылайша олар ұжымдық түрде тіл үйренді.

Ал, биылғы жылдың бір айының өзінде ағылшын тілін үйренуге Тараз қаласындағы мекемелердің  222 маманы өтініш  білдірді.Оның ішінде Байзақ ауданы Дихан ауылдық округінің әкімі де бар.

Өткен жылы біз мемлекеттік қызметшілерді ғана тегін оқытсақ, биыл бюджеттік мекемелерді де ақысыз оқыту туралы шешім қабылдадық. Соның нәтижесінде тіл үйренушілердің қатары артып келеді.

Бұдан бөлек, облыс көлеміндегі 8 ауданда біздің орталықтың бөлімшелі жұмыс жасауда. Міне, осы жерлерден ауылдық жердің мамандары да тегін оқи алады. Оқу курстары бес деңгейге бөлінген. Әр курс 2 айдан тұрады.  Бірінші деңгейде ағылшынша әріп танитын болсаңыз, екінші деңгейде ауызекі сөлеу деңгейіне жетесіз. Ал, үшінші, төртінші, бесінші деңгейлерден өтетін болсаңыздар, ағылшынша еркін сөйлеп, хат танитындықтарыңызға кепілдік береміз, — дейді облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығының оқу әдіскері Хафиза Ахметова.

Иә, байқап тұрсақ шет тілін шетке шықпай-ақ, өз қаламызда, қала берді ауылымызда тегін оқуға бар мүмкіндік бар екен. Тек, тіл үйренуге деген ниет қажет. Тағы бір айта кетерлігі, Жуалы ауданы әкімі Бахтияр Көпбосынов «ауданда тіл курстары болмауына байланысты, тіл үйрене алмай жүрміз»  деп қиналып еді. Алайда тілдерді оқыту орталығының бір бөлімшесі Жуалы ауданында алдыңғы жылдан бері жұмыс жасап жатқанын әкім мырзаға құлағдар еткіміз келеді.

Әрине, шет тілдерін үйрену, әлде үйренбеу әркімнің жеке қалауы. Алайда заман талабы соны талап етіп тұрған бүгінгі таңда тіл білу биікке жетелейтіні белгілі. Және биылғы жылы ауылдық округ әкімдері де ағылшын тілін оқуға ниет танытып жатқаны қуантады. Егер  осы бағыттан таймай, тіл үйренуге бәріміз құлық танытсақ, бұдан ұтпасақ,ұтылмайтынымыз анық. Әрі бұл облысымызды «Үш тұғырлы тіл» саясатының түтітін тіктеген бірден-бір өңір ретінде көпке танытатыны сөзсіз.

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы