Әулиеата өңірінде қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 65,9 миллиард теңгені құрады

Әулиеата өңірінің жыл басынан бергі екі айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне көңіл толады. Алайда, әлі де жүйелеуді қажет ететін жұмыстар да жеткілікті. Мәселен, көрсеткіштерді ілгері етудің жайы талқыланғанда құр есепті баяндаумен шектелу жеткіліксіз.

Мұнда салаға соны серпін берудің орынды ұсыныстарды ортаға салған абзал. Қалыптасқан жайттардың себебі мен салдары жан-жақты зерделеніп, мәселені шешуде мүдделі мекемелер мен жергілікті билік жұдырықтай жұмылып әрекет еткені жөн. Облыстың 2 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, тиісті индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және баға мәселелері жөніндегі жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов аталмыш жайттарды салалық басқарма жетекшілері мен аудан әкімдерінің есіне қайта салды. Күнтәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова сөз алды.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек өңірде қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 65,9 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіптің өсімі бірқатар өндірістік нысандардың қуаттылығын арттыру нәтижесінде Меркі, Қордай, Байзақ аудандарында байқалуда. Керісінше Шу ауданында бұл көрсеткіш 11,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, Жуалы және Мойынқұм аудандарында инвестиция тарту көлемінің ұлғаюы байқалған. Ал инвестиция тартуда Шу, Қордай және Сарысу аудандарындағы көрсеткіштерге көңіл көншітерлік деңгейде емес.

Сондай-ақ, өз сөзінде Гүлдана Жауынбекова аудан,қала әкімдерінің рейтингін қалыптастыру бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Аудан әкімдерінің рейтингі де индикаторларлық көрсеткіштерді орындау бойынша түзіліп, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет шығарылады. Жиын барысында, қаржы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының жетекшілері де сөз алып, өз салаларында есепті кезеңде атқарылған жұмысты баяндады. Алайда, өңір басшысы олардан жұмысты құр баяндаудан гөрі нәтижені ілгерілету етуде кері тартып отырған жайттар туралы толыққанды ақпарат ұсынуды талап етті. Осы тұста, салалар бойынша меженің үдесінен шығуда жұмысын жүйелей алмай жүрген аудандар аталды.

Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шараларын ұйымдастыруға Шу, Жуалы аудандары атүсті қараған. Сол секілді, Мойынқұм, Шу, Сарысу, Талас аудандарында құрылыс қарқыны төмен. Инвестиция тарту ісі Шу, Сарысу аудандарында кенжелеп тұр. Ал, Талас, Байзақ аудандарында негізгі азық-түлік тауарларының бағасы өскен. Аталған мәселелерге қатысты әр аудан әкімін жеке-жеке тыңдаған өңір басшысы оларға жұмысты ширату түсуді тапсырды.

Мұнан бөлек, инвестиция тарту ісіне айрықша назар аударған Асқар Исабекұлы алпауыт кәсіпорындары мен шағын және орта бизнес өкілдерінің мүмкіндігін жете зерделеу қажеттігіне тоқталды. Бұл орайда, өңірдегі барлық кәсіпорындардың төлқұжатын жасап, соған сай талдау жүргізу, база жасақтау ісі қолға алынады. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы басқармалардың аудан әкімдерінің сын-ескертпелері мен ұсыныстарына құлақ асып, межені орындауға бірлесіп күш салу қажеттігіне айрықша тоқталды.