ӘЛІ БАР ЕКЕН…

Қонақ келгенде дастарханға қоямыз деп тығып қойған кәмпитті ұрлап жеп қою деген әлі бар екен. Құдай біледі, қандай молшылық заман болса да бұл ұрлық қалмайды-ау деймін…
Бірақ қазіргі балалар қу болып алған. Таңдап жүріп тек қымбатын жейді. Әйтпесе арзан кәмпиттер әр үйдің күнделікті дастарханында тұрады емес пе?
Осыдан бір апта бұрын ғой деймін, үйге бір қонақ келіп, келіншегім дастарханға кәмпит қояйын деп сандығын ашса, қымбат кәмпиттерден түк те қалмапты. Сол кезде қатты ашуланып балаларды бір қуырғаны бар.
Соның артынша келіншегім «Тәттілерді ешкім білмейтін жерге тығып тастадым» деп мәз боп отырған. Одан «Әр кәмпитті бөліп-бөліп әр жаққа тығып тастадым, енді таппайды» деп айтқаны тағы есімде…
Одан кейін екі-үш күн өтті ме, жоқ па?.. Кеше кешке тамаққа тойып алғаннан кейін неге екенін қайдам, тәтті жегім келді. Және мен де анау-мынау емес, қымбаттауын жегім келді…
Келіншегім залда телевизор көріп, киносына беріліп отыр. Жан-жағыма бір қарадым да кітап оқып отырған балама ақырын ғана:
— Кәмпит бар ма? – дедім.
Ол дастарханның үстіндегі арзан кәмпиттерді көрсетті.
— Жоқ, маған басқасы керек…
Енді балам жан-жағына ұрлана қарады.
— Мамаға айтпайсыз ба?
— Жоқ, қайдан айтамын… Мен де сендермен біргемін ғой.
Соңғы сөзім сенімді шықты ғой деймін.
— Кеттік, жүріңіз… – деді балам.
— Қайда?
— Балконға…
— Онда не бар?
— Мамам кәмпиттің бәрін сол жаққа тығып тастаған.
Жымың етіп баламның соңынан ердім.
Сөйтсем алға түскен балам бір кезде:
— Сізге қандайы керек? – деді сыбырлап.
— Қандайы бар?
— Сникерстер балкондағы шкафта… Ирис, карамельдер сіздердің бөлмедегі шкафтың ішіндегі көрпелердің ең астында…
Мына сөзден кейін құладым ғой…
Құдай біледі, мыналарың тәттілерді швейцарский сейфтің ішіне тықсаң да ебін тауып бір күні ашатын сияқты ғой… Машқара!
Айналайындар-ау, біз оларды қатырдық деп жүрсек, оларды бізді қатырып жүр екен ғой…

Оралхан Дәуіттің ф б парақшасынан