Әйелдердің қоғамдағы беделі биіктеуде

Елімізде ұлттық гендерлік саясаттың негізі қаланып, жұмыс істеп келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Гендерлік саясат – бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы.

Біздің ел гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында айтарлықтай қадамдар жасады. Себебі бұл – ең алдымен мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Егер саяси және қоғамдық өмірде, соның ішінде шешім қабылдау деңгейінде әйелдерді қатыстыруды арттыру туралы айтсақ, бұл сұрақ гендерлік теңдік стратегиясында өз жауабын тапты. Қазіргі уақытта Қазақстан – адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында тең құқылықты қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған 20-дан астам әртүрлі шарттар мен конвенциялардың қатысушысы.
Тұңғыш Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың стратегиясы билік пен қоғамның әрекет етуінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне бағытталған.
Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Яғни осы арқылы әйелдердің саяси-экономикалық ілгері жылжуы үшін еліміздегі гендерлік саясаттың үлттық моделі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа белесін ашты деуге болады.
Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру.
Қазір таным-түсінік, өмірлік ұстаным еркектер мен әйелдердің өмір сүру салты мен қоғамның дамуына қосатын үлесін теңестірді. Демек, әйелдер мен ерлер мемлекеттің дамуы мен өркендеп, гүлденуі жолында әртүрлі салада тең дәрежеде еңбек етуде.
Гендерлік саясаттың стратегиясын жүзеге асырудың маңызды сатысы – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылғандай, уақыт талабына сай әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене араластырып, олардың бизнес ашып, кәсіпкерлікпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу арқылы жаңа кезеңдегі қазақстандық әйел бейнесін қалыптастыруға болады.
Әрине, еліміздің гендерлік саясатқа көңіл бөлуі өте құптарлық. Осының арқасында әйелдер өздерінің жеке басының және адами әлеуетін іске асыра отырып, әлеуметтік дамудың барлық процестеріне тең дәрежеде қатысатын болады. Мұның бәрі елдегі азаматтық қоғамның одан әрі жетілуіне ықпал етеді.

Жұмаш Жолболды