ӘЙЕЛ ДЕГЕН…..

Әйел – қу!
Еркек түгілі өзім таң қалам кейде әйелдердің қулығына.
Үн – түнсіз құтылудың тәсілін әйел сияқты ешкім білмейді!
Керек болсаң жеті қат жердің астына тығылсаң да, жеті қат көкке ұшып кетсең де тауып алады да, керек болмасаң жалғыз ауыз сөзбен сабаңа түсіріп, тізімнен сыза салады.
Ол аздай, кінәні моншақша тізіп, өз мойныңа тағып қояды.
Әйел – зұлым!
Олардың не ойлап тұрғанын сайтанның өзі де біле алмайды!
Ата жауын атпай құлатып, теспей сорып, жауламай жұтады.
Ай балтасын жалаңдатып, қылышын жарқылдатқандарды сұр жыландай арбап, сылқ еткізеді де, шыққан ініне қарай қайқайтып жібереді.
Үйдің ішінде отырып, оның сыртында түгілі, келесі ауылда, қалада, мекенде, ғаламда не болып жатқанын біліп, болжап отырады.
Кектенсе, улап өлтіреді!
Кешсе, көрден қазып алып, су бүркіп тірілтіп алады!
Әйел – дана!
Төрт құбылаңды теңестіріп, есіктегі басыңды төрге сүйрейді!
Өз күйеуін өзгелерден артық болса екен деп, киген киміңе, сөйлеген сөзіңе, жүрген жүрісіңе мән беріп, алдап – сұлдап, мысалдап жүріп тәрбиелейді!
Сосын, оның балаларына тәлім береді!
Ағайынның басын қосып, төркіні мен қайын жұртын тең ұстай алатын әулие!
Қос қанатымен ұшып, құйрығымен қонатын құс сияқты!
Ағайын – туыс, жора – жолдас, көрші – қолаң, қызметтес пен әскерлесіңнің сыйлап, құрметтеуі – өз ақылыңның асып – тасқандығынан деп ойлап жүрме!
Әйеліңнің даналығы – абыройлы болғаның!
Әйел – сұлулық!
Жүні жығылып, түгі бозарғанның өзі әйел сұлулығына тамсанғанда едірейіп, елегзіп шыға келеді!
Екі иығыңа екі арыстан отырғандай алып болсаң да, Қылышыңнан қан тамған батыр болсаң да сұлу жарың болмаса парқың жоқ!
Муза – ақынның жүрегіне тіл бітіріп, суретшінің қылқаламын билетеді!
Күн мен айға, аққу мен маралға, гүл мен желге теңеп, әспеттеп тауыса алмайды әйел сұлулығын!
Сұлулыққа, әйелдің көркіне жаратылыс атаулы басын иіп тұр емес пе?!
Жұлдыз – әйелдердің сұлулығының символы!
Әйел – сиқыршы!
Жоқтан – бар жасайды, бардан – бал жасайды, әйел!
Еркек – үйдің үш қабырғасы болса, әйел – жалғыз қабырғасы!
Бір қабырғасыз азынаған желден қорғанып, аязда жылынып, аптапта салқындай алмайсың!
Сүйсе – күңгірт әлеміңе күн күлімдетіп, гүл толқытып, бақшаңда құс сайратып қояды!
Сүйген әйелдің энергетикасы жолыңды болдырып, бағыңды жағады.
Тасың өрге домалап, ісің оңыңнан келіп, тіршілігің дөңгелеп кете береді!
Тірнектеп жинағаныңды үрлеп күл паршасын шығарып, желге ұшырып жіберу де түк қиын емес, оларға!
Әйел – жұп!
Жұпсыз бақыт жоқ екенін түсінбейтін пенде жоқ!
Еркектің қабырғасынан жаралған тіршілік иелері, еркексіз – қамалсыз, қорғансыз, әлсіз һәм жалғыз!
Әйел – еркектің киімі!
Әбүйірін жасырып, сырткөздің сынынан сақтап, сұқтан қорғайды!
Көз шіркін киіміңе алдымен түсетінін ұмытпаған жөн!
Киіміңнің таза, ұқыпты, сәнді болуы өз қолыңда!
Бірлесе,түсінесе іске асатын қағида!…
Ұрпағыңның анасы!
Күндіз – досың, түнде – ләззатың!
Бай бол, патша бол, би бол, сұлтан бол – жұпсыз,әйелсіз бақыттың дәмін татып, жұмақтың жұпарын иіскей алмайсың!
Құрандағы «Ниса»; » Мәриям» – сүресі әйелдер үшін түскен!
Барлық аруларға бақыт тілеймін!
Қыздар, бағымыз да, сорымыз да еркектердің алақанында!
Аялы алақан бұйырсын, қыз атаулыға!