Әділетсіздіктің құрбаны болған Азаттың жанайқайын кім естиді?

 ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың назарына!

ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиевтың назарына!

Еліміздегі құқық қорғау саласы төңірегінде жағымды-жағымсыз пікірлердің қатар айтылып жататындығын көзі қарақты қауым жақсы білсе керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта құзырлы мекемелердің әділетсіз шешімдерінен жапа шегіп жүрміз деп шағымданатын адамдар көбейіп бара жатыр. Әрине, туындап жатқан даулы мәселелер мен сипаты алуан түрлі істердің барлығына сот тарапынан әділетсіз шешімдер шығарылды деуден аулақпыз. Дегенмен әділдікті қоғамнан іздеп, қолдау күтіп жүрген адамдардың жанайқайы қатысты мекемелерді қаншалықты толғандырып отыр?

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын жария еткенде шынымен де саяси модернизациялаудың басталғандығына сенген едік. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысының ортаға қойған аса маңызды бастамасы, халықтың көңілінен шыққан саясаты, қоғамнан қолдау тапса да, атқарушы биліктен қолдау таппай тұрғандай… Өйткені науқаншылдыққа әбден үйренген төбедегі төрелеріміз ескі әдеттерінен, «өнеге етіп» қабылдаған дәстүрлерінен айнығысы жоқ. Аталмыш Тұжырымдама жарияланған тұста, қоғаммен байланысты тереңдетіп, халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түретін болып әлеуметтік желіден парақшалар ашып, пікірлерге аздап жауап бергенсіп жүрген атқарушы билік пен сот, прокуратура, ІІМ сынды құзырлы органдардың буындары тез босап қалды.  Осыларды ойлағанда көңілді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасы сынды әдемі бастама да соңына жетпей жолда қалған сан реткі сәтсіз реформалардың бірі ретінде тарихта қала ма деген алаңдаушылық билейтіні бар.

 

ТҮРМЕДЕН ЖАЗЫЛҒАН АЗАТТЫҢ АШЫҚ ХАТЫ

Жақыннан бері әлеуметтік желіде таралып жүрген бұл хат бастапқыда біздің қолымызға жеткен еді. Аманатқа адалдық таныту ниетімен хаттың негізгі мазмұнын өзгертпей беруді жөн көрдік.

Бәрі 2014 жылдың соңында Серік Кененбайдың Қазақстанда бизнес істегісі келеді деп Jing Honglin, Miao Jianling, Liu Jun, Tang Qing атты Қытай азаматтарымен таныстыруынан басталды. Аталған шетелдік азаматтар менің фирмамның құрылыс заттарын сатумен айналысатынын, қолымда техникаларым бар, жағдайымның жақсы екеніне көз жеткізген соң, Астанадан бірлесіп газоблок зауытын салуды ұсынды. Қытай тарапы 90%, Қазақстан тарапы 10% үлеспен бірлесіп кәсіп бастаймыз деп уағдаластық. Инвестициялық лицензияны ҚХР-дан алған соң, Қазақстандағы жұмыстарды бастадық.

26.05.2015 ж. Астанада «Rongshun Astana Building Materials CO.LTD»  атты фирманы «Бөгенбай батыр даңғылы, 28-үй» мекенжайындағы менің офисіме тіркедік. Осы ретте ерекше ескерте кететін жәйт: Фирма құрғанда өзге қытайлық азаматтар Астанада болмағандықтан, олардың сенімді өкілі ретінде, кейін қайтарып беретін болып, Қытай тарапына тиеселі 90% үлес Лю Жуннің (Liu Jun) атына жазылды. Жаңа фирма құрмас бұрын қытайлық серіктестермен бірлесіп зауыт салатын жер іздеп, «Тараз жол құрылысы» ЖШС-ның №101 көшедегі ескі өндіріс базасын барлық жағынан қолайлы деп сатып алып, оны «Кахан Сервис» ЖШС-ның балансына тіркеген болатынбыз. Бұл тіркеуді Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында қайтадан тіркеткенбіз.

27.05.2015ж. «Nantong Rongshun Building Materials.CO,LTD», «Rongshun Astana Building Materials CO.LTD» және  «Кахан Сервис» ЖШС арасында №1/05-15 келісімшарты жасалып, зауыт салу жұмыстары ресми басталды.

Қытайлық кәсіпкерлермен жұмыс істегендер біледі, олардың көбі жұмысты барынша тез істейді, қаржыны барынша үнемдеуге тырысады. Менің қытайлық серіктестерім де сондай болды. Төрт қытайлық серіктесім Астанада алмакезек тұрып, әрбір тиынды қадағалап қана қоймай, құрылыс жұмыстарын тездетуді қузап отырды. Біз өз тарапымыздан құрылыс, құжат, салық, қаржы және өзге де ұйымдастыру жұмыстарын барынша жылдамдатып шешіп отырдық. Шын мәнінде жұмыстың барлық ауырлығы бізге түсті.  Басында $22.050.000 (жиырма екі миллион елу мың АҚШ доллары) қаржы саламыз деп инвестициялық лицензияны Қытайда регистрациядан өткізген соң, Қытай тарапы 06.2015- 08.2017 жж. аралығында зауыт салынып болғанша 429.282.063,36 тг (төрт жүз жиырма тоғыз миллион екі жүз сексен екі мың алпыс үш теңге отыз алты тиын) ғана жіберді. Сондықтан құрылысқа қажетті қаржы жетіспей қиындықтар туындады. Қосалқы мердігерлерге қарыз болдық. Өзіміздің техникаларымыздың жұмыс ақыларын тіпті есептемедік. Қаржы жетпегендіктен, достарым мен туыстарымнан қарыз да алдым, тіпті кредит ресімдеу үшін өз басымдағы пәтерімді банкке кепілге қойдым («Форте банктегі» ол кредитті әлі күнге дейін төлеп келемін). Менің бар ойым зауытты тезірек өндіріске қосу болды. Құрылысқа қажетті қаржы жетіспегендіктен, арамызда түрлі келіспеушіліктер де орын алды. Әсіресе А.Оразбаев оларға «Келісімшартты орындамай жатырсыңдар» деп үнемі ескертумен болды. Қытайлық серіктестерім осыдан бастап ішіне кек сақтады деп ойлаймын. Тырысып-тырмысып істеп, 2017 ж. күзге қарай зауытты өндіріске қостық.

Мәселенің үлкені осы кезде басталды. Лю Жун Қажымқан Мәсімовті (Кәрім Мәсімовтің әкесі) «жаңа серіктесіміз, бізге көмектеседі» деп алып келді. Олар:  «Көмектесіп қаржы саламыз, өндірістеріңді кеңейтеміз, бірақ бізге кепілдікке «Кахан Сервис» ЖШС-ның 51% үлесін жазып берулерің керек» деп шарт қойды. Қанша қарсы болсақ та, Лю Жун жабысып тұрғандықтан, Үкімет басындағы ықпалды адамның әкесінің айтқанынан аса алмадық. Қорқытып-үркітіп, алдап-арбаумен 51% үлесті жазып алған соң, сыртымыздан жалған құжаттар жасап, «Кахан Сервис» компаниясына тиесілі жерді Қытай тарапына толық өткізіп жіберді.

 

 

Лю Жун мен олардың арасында қандай құпия келісім болғанын білмеймін, бірақ Лю Жун содан бастап қалған қытайлық үлескерлерді де, мені де алдай бастады. Нотариалды түрде қайтарып берген «Rongshun Astana Building Materials Co.LTD» фирмасының әуелден маған тиесілі 10% үлесін тіркеуден өткізуге асықпады. Қ. Мәсімовтің көмекшісі Сапаргүл Жабағайлықызы тіркеп беремін деп уәде беріп еді, ол да сөзінде тұрмады. Осы туралы тергеуші А.К.Ибраевқа беттестіру жаса деп талап қойып едік, ол да орындалған жоқ. Бұл әділетсіздікке төзе алмай, 2017 жылдың соңында сотқа жүгіне бастадық. Алғашында мен «жәбірленуші», ал Лю Жун «жауапкер» ретінде соттасып жүрдік. Көптеген сот отырыстары өтті.  Әуелден «Зауытты кім салды? Қандай ақшаға салынды? Өндіріс іске қосылғаннан соң пайдасын кім көріп отыр?» деген сұрақтардың мән-жайына қаныққан соң сот аяқталар, мүдделер бөлінісі анықталып, бәрі орнына келер» деп ойладым. Алайда менің ойлағанымдай болмады. Әркім өз мүддесін көздеп жан-жаққа тартқылай бастады. Маңайымның Абай айтатын «дарул харап» екенін білдім. Сонда да әділетке деген сенімімді жоғалтпай, қытайлық серіктестен үлесімді, есемді қалай да қайтарып аламын деп жүрдім. Өкініштісі түрлі келеңсіздіктер, сорақылықтар көбейе берді… Соның бірі – 2023 жылы 20 сәуірде Қытайдан іссапардан қайтып келе жатып «Қорғас» кеден бекетінен кіргенде тұтқындалғаным болды. 1 сәуірде Астанадан Бейжіңге ұшардың алдында тергеуші А.К. Ибраевқа Қытайға іссапармен баратынымды, ондағы қытайлық үлескерлермен кездесетінімді айтқан болатынмын. Өзі «бара бер» деген еді. Енді ойласам, «Қорғастан» қайтпай Астанаға ұшып келгенімде 30 қараша емес, сол 20 сәуір түрмеге қамалар ма едім?!

Қанша сорақылық, заңсыздықтар болса да тергеушілердің әділетке көздері жетпей жүр ғой деп ойлап, барлық шынымды айтып, уақыт бөліп барып жүрдім. Кейде орыс тілінде жазғандарын жете түсінбесем де, еш қастығы болмас деп, қол қойып бере бердім. Тура сондай бір шақыртуды 2023 жылы 30 қараша сағ. 20:00 белгіледі. Қаперімде түк жоқ, айтылған уақытта зауытқа қатысты құжаттарды алып бардым, бірақ бұл жолы тергеуші А.К.Ибраев пен Д.Құнанбаев өздерінің жазған қаулысын көрсетіп «күдікті-айыпталушы ретінде тұтқындалдың! Қол қой!» – деді. Мен аң-таң болдым.  Жақындарыма хабарласып тұтқындалғанымды айтайын, жұмыстарымды орналастырайын дегеніме көнбей сумкамды (портфель), екі телефонымды, жеке куәлігімді, банк карталарым мен әмиянымды тәркілеп, қолыма кісен салды да, алды-артыма қаратпай уақытша ұстау изоляторына (түрмеге) тоғытты. Содан бері конституциялық бостандығым шектеліп, ар-ожданым тапталып, қорлық көріп келемін.

Адвокат алғашында «48 сағат ішінде босатады» деп еді, олай болмады. Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.И.Исаева «Қолымда маған қарап отырған 4 балам, қарт анам бар, сөзсіз аяқтауға тиісті жұмыстарым бар, пәтерім бар, керек болса кепілдікке қоятын мүлкім де бар, отаншыл жүрегім бар. Мені үйқамаққа шығарыңыз» деген өтінішіме құлақ аспады. Тергеуші А.К.Ибраевтың «Шетелге қашып кетуі мүмкін. Тергеуге кедергі келтіруі мүмкін» деген уәжімен екі айға түрмеге отырғызуға шешім шығарды.

2017 жылдан бері соттасып жүрсем, қайда қашамын? Елім-жерім деп Қытайдан келгеніме, қандай жұмыстар істегеніме қарамай ма? Полицияға қандай кедергі жасай аламын? Абсурд. Мұндай сорақы шешім не үшін жасалды?

Түрмедегі ар-ождан тапталуын, қорлықты айтпай-ақ қояйын! Бірақ, мен секілді алғашында екі айға кіріп, жылдап тергеліп, әлі сотқа жете алмай жүргендердің мынадай сөздерінің маған өте ауыр ой салғанын айтпауыма болмайды. «Мұнда кірдің бе, енді шығармауға тырысады. Қылмысың болмаса да, қашан «жаңа қылмыс» тапқанша түрмеде отыруыңды бір ай, екі айдан ұзарта береді…» Олар «адам болса қылмыс табылады» деген қасаң принципке сенеді. Қазір оларға статистика керек, шендерін өсіру керек… Сенің «қылмыстық құрамы жоқ» деп жабылып қалған ісіңді қайта-қайта қолға ала бергенінің сыры осы. Саған жала жабушы Лю Жун деген қытай өзге қытайлардың ақшасын да иеленіп кетсе, оның үстіне 6 жылдан бері газоблок өнімінің пайдасын бір өзі көріп, қомақты  ақшасы болса, жағдайың тіпті   қиын болады…» –  дейді олар.

Айтқандай-ақ  сот Г. Ибрашева 2024 жылы 25 қаңтарда түрмеде ұстау мерзімін бір айға, ал 21 ақпанда тағы бір айға соза салды. «Мына жерде мен ешкімге керексізбін, екі айда бірде-бір тергеуші келген жоқ. Үкіметтің бюджетін орынсыз шығындамай мені үйге шығарыңдар, онда балаларыма, қарт анама керекпін. Шығынға кетіп жатқан жұмыстарым бар, ертең бала-шағамды кім бағады? Жұмыскерлеріме еңбекақыны кім таратады?» деген уәжіме де, адвокаттың мені тұтқындаудың өзі мүлде заңсыз екенін дәлелдегеніне де қарамады.

 

 

Ойлана келе барлығын көпке ашық айтуды шештім. Көптің бір аты – Құдай. Әділет сіздерден келер.

1. Астана қаласының Байқоңыр ауданы ПБ тергеушісі А.К.Ибраевтың алаяқ, жалақор Лю Жуннің арызын қабылдап тіркеуінің өзі заңсыз. Себебі: Қытайдың «Nantong Shuntu International Trade Co.LTD» компаниясы арқылы Қазақстанға жиыны 429 282 063,36 теңге (төрт жүз жиырма тоғыз миллион екі жүз сексен екі мың алпыс үш теңге отыз алты тиын) инвест сома кірді. Ол компанияның иесі – Jing Hongling. Оның өзі Лю Жун алдап кетті деп соттасып жүр. Сонда мен қалай Лю Жуннің 440.041.750 теңге (төрт жүз қырық миллион қырық бір мың жеті жүз елу теңге) ақшасын жымқырған боламын? Керісінше Лю Жуннің өзі өзгелердің ақшасына салынған зауытты иеленіп, серіктестерін сан соқтырған, оларға жала жапқан күдікті қылмыскер болып шықпай ма?

2. «Кахан Сервис» ЖШС атынан салынған газоблок зауытын 29.12.2017 ж. мемлекеттік реестрден өткізіп (реестр №2412П) тіркегенде құрылыс-монтаж жұмыстарына 411.589.967,96 теңге (төрт жүз он бір миллион бес жүз сексен тоғыз мың тоғыз жүз алпыс жеті теңге тоқсан алты тиын) жұмсалды деп жазылған. Сол кезде бәрі тексерілген. Қажымқан Мәсімовтің адамдары да болған. Бағалап-есептеу (оценка) фирмасы базар бағасы 1.117.593.796 теңге (бір миллиард бір жүз он жеті миллион бес жүз тоқсан үш мың жеті жүз тоқсан алты теңге) тұрады деп анықтама берген, ол да бар. Осы зауытты алаяқ Лю Жун 2017 жылдан  бері иеленіп, өндірген газоблокты сатып пайдасын көріп келеді. Сонда қалай мен 189-бап бойынша бөтеннің мүлкін жымқырған болып айыпталуға тиіспін? Парадокс!

3. Серіктестік басталған күннен бері қытайлық үлескерлердің біреуі болмаса, біреуі үнемі Астанада жанымызда жүрді.  Әрбір тиынның шешіміне араласып отырды. Сонда бізге қандай ақшаны сеніп тапсырған болады? Біз өз ақшамызды қосқаннан басқа олардың қандай ақшасын жымқырыппыз? Әуелі бізге сеніп көріп пе өздері?

2023 жылы 30 қарашада түнде мені асығыс тұтқындап түрмеге қамаудың енді бір сыры былай деп ойлаймын: қалған қытайлық үлескерлер «2023 жылы 6 желтоқсанда Астанаға келеміз» деп маған қоңырау шалған. Олар осы жолы келгенде Лю Жуннен газоблок зауытындағы өздеріне тиесілі үлестерін жаздырып алмақшы еді. Үлестерін бермей, бұрынғыдай түрлі сылтау айтып алдаусыратса, сотқа беруді ұйғарған. Ал үлестерін жаздырып берсе, толық аудит жасап, 7 жылдан бері газоблок сатудан түскен пайданы сұрамақшы болған. Алаяқ Лю Жун олардың менімен бірлесіп кетуінен қорқып, мені қаматып отыр. Сонда мені қаралап, оларды алдап тіл табысу оңайырақ болмақ. Менің осы болжамым рас болса, біздің полицейлер кім үшін жұмыс істеп отыр? Осы арадан сыбайлас жемқорлық көрініп тұрған жоқ па? Біздің құқық қорғау саласындағылар, ҰҚҚ, Лю Жуннің маңындағы қандастардың кімге қанша пара бергені туралы айтылып жүрген ақпараттар неге тексерілмейді? Өзі шошқа бола тұрып, өзгені итке балап, сүйек-саяқпен алдамақ болған, «барлығын сатып аламын» деп ашық айтып жүрген, қазақ қыздарын қолжаулық етіп, әлеуметтік ортаны бүлдіріп жүрген Лю Жунді неге тексермейді? Біздің дауымыз себепті 2021 жылдан бері жалпы құрылыс-монтаж сараптамасын жүргіземін деген тергеуші А.К. Ибраев не үшін сараптама жүргізуге асықпай отыр? Біз өзіміз сараптама жүргізейік десек, «Қытай зауытқа кіргізбейді» деп, алаяқ Лю Жуннің алдында неге дәрменсіздік танытып бейшара болады? Керісінше мені қаралаған 02.12.2023ж. сорақы қаулысында қытайлық серіктестермен жұмыс бастаған 2015 жылы «ақша жымқыру жоспарын жасаған» деп қалай ғана Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай жала жабады? Екі жылдан астам уақыт жұмсап, қарызға белшеден батып жүріп зауыт салғанымызды, ол зауытқа Лю Жуннің ие болып, пайдасын көріп отырғанын біле тұра, банк шотынан өткен барлық ақшаны «жеп қойды» деген сорақы жаланы қалай оңай жаба салады?

«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дейді. Лю Жуннің иесі кім екені белгілі. Менің тәңірім – халық. Халықтың бір аты – Құдай! Сондықтан көптен көмек, араша, әділет сұрап отырмын. Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін, құқығымыз үшін, әділет үшін күреспесек жаңа, әділетті Қазақстан ешқашан орнамайды. Қазақстанымыз кедей, мәдениетсіз елге айналады. Ұрпағымыз келімсектердің қолына қарайтын жалтақ, әлжуаз болады. Хәкім Абай айтқан «Өлім барда қорлық жоқ». Мен заңсыз, орынсыз, әділетсіз қорлыққа төзе алмаймын. Еркін өмірдегі туған-туыс, дос-жарандарым, Қазақстанның болашағына бей-жай қарай алмайтын, әділетті Қазақстан құруды сөз жүзінде ғана емес, шынайы өмірде көргісі келетін әрбір азамат мені қолдайды деп сенемін!

Алыптың күші – халықта,

Халықтың күші – бірлікте.

 

МӘСЕЛЕНІҢ БАЙЫБЫНА БОЙЛАСАҚ…

Жоғарыда назарларыңызға ұсынылып отырған Ашық хат Азат Кәрімұлының алғашқы жанайқайы емес. 2023 жылы қараша айының соңында астаналық кәсіпкер Facebook-тегі парақшасында «Әділетті Қазақстанда сорақы әділетсіздік болмауы керек» атты постын жариялады. (https://www.facebook.com/share/p/8mjN7AXapBBrDjUc/?mibextid=oFDknk). Бұл жанайқайында ол жоғарыдағы Ашық хатта айтылған мазмұндарды қысқаша баяндай келіп, өзіне «қылмыстық іс» қозғалып жатқандығын айтып, қоғамнан көмек сұраған болатын. Ал біздің қолымызға қалам алуымызға түрткі болған мына хат, өкінішке қарай, түрмеден жазылып отыр… Екіншіден, Азатты жақыннан танығандықтан да, оны әділетсіздіктің құрбаны етуге қимадық. Анығы адамдық арым, аналық жүрегім жібермеді.

Сүтпен бітіп, сүйекке сіңген мінезіміз бен алған өнегеміз бізді әділетсіздікке үнсіз қалмауға баулыды. Кейінгі өмір жолында талай сынақтардан сүрінбей өтуіме де осы қағида көп әсер етіп еді. Ал «Qazaqstan dauiri» сынды қабырғалы басылымға басшы болып келіп, қоғаммен тіпті де тереңдеп араласқалы, әділетсіздік атаулыға үнсіз қалмауды мойнымыздағы парызымыз ретінде қабылдадық. Міне, өмірдің өзі үнсіз ғана арқалатқан осы міндетімізді адал атқарып шығу жолында қазірге дейін жаны күйген талай адамның әділдікке жетуіне тамшыдай болсын септігімізді тигізуге тырысып, көз майымызды тауысып мақалалар жазып, билік пен халықтың арасындағы «Алтын көпір» болып жүрген газетіміз арқылы қоғамға үндеу тастауды әдетке айналдырғанымыз бар.

2021-2022 жылдары жазықсыз сотталған Әліби туралы журналистік зерттеулер жасап, Ақтөбе мен Астананың арасында сан мәрте сапар шегіппіз. «Әліби Өтепберген – жауапсыздық пен сауатсыздық құрбаны» екендігін айтып жазған мақалаларымызды ҚР Жоғарғы соты, ҚР  Бас прокуратурасы қатарлы құзырлы мекемелерге дейін жеткіздік. Осы тұста Астана қаласында ғимараттан секіріп мерт болған Сымбат Құлжағарованың өліміне «күдікті» ретінде қосақ арасында кете жаздаған күйеуі Абай Әбдіғаниевқа араша түстік. «Ақиқат иіледі, сынбайды» деген рас екен. Сот орындары мұқият зерделеу арқылы екі баланың анасы болған, 29 жастағы жас келіншектің өліміне оның күйеуінің еш қатысы жоқ екендігіне көз жеткізді. Бұл, әрине, құзырлы мекемелердің еңбегі еді. Дегенмен біреудің қайғысынан хайп жасауды сәнге айналдырған бәтуәсіз блогерлер мен шындыққа көздері жетпей тұрып аттан салған «НеМолчи» қоғамдық қоры қатарлы «жанашырлармен» ақпараттық айқаста, қалың халыққа шынайы ақпарат жеткізуді азаматтық парызымыз деп санап, соңына дейін шыдап бақтық. Бұлар кейінгі жылдары араласқан оқиғаларымыз болғандықтан, сөз орайында еске алып жатырмыз. Сондықтан да  мына ақпарат та бізді толғандырмай қоймады.

Абақтыда жатып, әділдік іздеп аласұрған азаматтың үнін ең алдымен ана жүрегі сезеді. Біз үшін Алаштың әрбір ұланы қадірлі. Алаштың әрбір ұлы бір-бір тұлға! Ал мына жағдай тіптен бөлек. Елім деп келген есіл ердің еңбегі еш кетіп, жаны күйіп жатқанда үнсіз қалу тіпті мүмкін емес еді. Арғы бетте қалған ағайынның басындағы қиын жағдайларды қазір күллі әлем біліп отыр. Қаны бір қазақ десек те, «қараған ханы бөлек» ел болғандықтан да іштен тынып отырғанымызға талай жылдың жүзі болып еді. Енді мынау «Аяңдап келер жұртыңа, балды май жағар ұртыңа» дегеннің кебін киген қытай кәсіпкері өз елімізде, өз жерімізде тұрып, жалғанды жалпағынан басып, өктемсіп тұрғандай ма, қалай? Бұған қоса жекемізге шығып, газет арқылы араша түсуімізді өтінген ағайындардың аманаты да журналистік зерттеулер жасауымызға итермелеп отырғандықтан, осы мақалаға кіріскенімізді айта кеткіміз келеді.

 

«КҮДІКТІ» МЕН «ЖӘБІРЛЕНУШІ»

Оқырманға түсінікті болуы үшін қажетті деталдарға айрықша тоқтала кетуді жөн көрдік. Мұнда ең әуелі соттасып жатқан екі азамат туралы қысқаша мағлұмат бере кетейік. Азат Кәрімұлы өзінің алғашқы жанайқайында «Менің өмірбаяныммен, том-том қыртымбақай тергеу жазбаларымен танысқан адам осы алаяқ, оқымаған  Лю Жунмен «теңестіргеніне» жаны ашыр еді…» деп жазыпты. Ендеше Азат кім деген сұрақ туындары сөзсіз. Азат Кәрімұлы 1968 жылы ҚХР-дың Шыңжаң автономиялы өңіріндегі Шәуешек қаласында дүниеге келген. Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің түлегі. Мамандығы – филолог. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Қытай астанасындағы Орталық халық радиосының қазақ бөлімінде қызмет істеген. 1995 жылы атажұртқа оралған Азат сонан бері, осындағы ел-жұртпен бірге түрлі қиындықтарды өткеріп, бірге дамып келе жатқан азамат. Сауда-саттықпен айналысып жүрсе де, өзінің мамандығына, ана тіліне деген құрметі мен қолдауын аяған емес. Оның оқырманға ой салатын талай мақалалары мен сұхбаттары мерзімді басылымдарда үзбей жарияланып тұрушы еді. Айналасына қол ұшын соза жүретін жомарттығы өз алдына бір төбе.

Азаттың әлеуметтік желіде таралып жатқан жанайқайына пікір білдірушілердің барлығы осы айтылғандарды растайды деп білеміз. Сондай пікірлердің бірінде көрнекті ақын, ТүрікСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов Азаттың жас қаламгерлер мен кейбір зерттеушілердің кітаптарының баспадан шығуына қолдау көрсеткендігін еске алыпты.

Енді соттасып жатқан қарсы тарапқа тоқталайық. Азат Кәрімұлының жазбасындағы мәліметтер мен өзіміздің журналистік зерттеулеріміз бойынша 8-9 жылдан бері қарай Астана қаласында тұрып жатқан ҚХР азаматы Лю Жун (Liu Jun) туралы біраз деректерге қанықтық. 1971 жылы 8 қаңтарда ҚХР-дың Жияң Су провинциясында дүниеге келген Лю көбінде сауда-саттықпен айналысып жүрген. Отбасылы, бір ұлы бар. 2014 жылы Қазақстанға іскерлік байланыстар үшін келген Лю Жун  кейін Астанада қалып, кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Қазір газоблок өндірумен айналысатын «Rongshun Astana Building Moterials co. Ltd» компаниясының өкілі. Азаматтық некедегі әйелдерінен қазірге дейін 2 баласы бар. Оның жанында 2017 жылдары аудармашы әрі көмекші етіп алған Қ. Мұқанова есімді қазақ қызы болған. Мұқанова Қытайдан университет бітірген, қытай тілін едәуір меңгерген қыз болыпты. Олар көп өтпей «ерлі-зайыптыға» айналған. Дегенмен арада бірнеше жыл өтіп, Қ. екі баланы өмірге әкелгеннен кейін орталарында дау туындайды. Әңгіме «қазақ жерінде туылған қытай балалардың үлесінен» басталады. Зауыттан түсетін пайданың белгілі бір бөлігін осы балалардың атына жаздыру туралы ұсыныс ортаға шыққан кезде, Лю мырза басқаша мінез көрсетсе керек. Ақыры сотқа жүгінуге тура келеді. «Бұлар менің балаларым емес» деген сөзіне бола, Қ. амалсыз ДНК сараптамасын жасатуға мәжбүр болған дейді. Ақыры «өзара татуласуға» келіскен екі жақ «бір мезеттік түсініспеушіліктен» кейін қайта тіл табысады. Людың жанында жүрген бір жігіт оның Қ.Мұқановадан өзге үш қазақ әйелі бар екендігін айтып отыр.

«Былтыр жыл соңына қарай Людың артта қалған серіктестері 6-7 жыл бойы ала алмаған үлестерін іздеп Астанаға келген. Олар бастапқыда сотқа жүгінуге талпынған. Алайда даулы мәселені өз орталарында шешіп алуды ортаға қойған Лю Жун оларды уәдемен тоқтатып тұр» дейді «Rongshun Astana Building Moterials co. Ltd» компаниясының аты-жөнін атамауды өтінген бір қызметкері. Қазір Людың Қытайда қалған заңды некедегі әйелі де Астана қаласында тұрып жатыр екен.

 

СОТ НЕГЕ «СЫР БІЛДІРМЕЙ» ОТЫР?

Жоғарыда Азат Кәрімұлының түрмеден жазған ашық хатынан біраз деректерді келтірдік. Ол 2023 жылы 30 қараша күні Байқоңыр ауданы ІІБ қызметкерлері жағынан тұтқындалған. Қазір Астана қаласындағы ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің  №64 Республикалық мемлекеттік мекемесінде қамауда отыр. 2023 жылы 3 желтоқсан күні Астана қалалық ауданаралық тергеу сотының қаулысымен 2024 жылы 30 қаңтарға дейін қамауға алу шарасы жүзеге асырылған. Сонан бері жалғасты 3-ші рет қамау мерзімі ұзартылып келеді. Осы аралықта бірнеше рет онлайн форматта сот отырысы өткізілген. Астана қаласының ПД «Байқоңыр» АПБ ТБ аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты А.К.Ибраев Азат Кәрімұлын «Күдікті» деп танып «ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша саралансын» деген қаулы шығарып, прокуратураға жолдапты. Бұған Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының прокурорының орынбасары Шәріпбай Д.О. 2023 жылы 2 желтоқсанда келісімін берген.

Қатысты деректерді ақтара отырып, аталған екі баптың екеуі де оңай емес екендігін аңғардық. Мұндағы 189-бап  «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» деген бап болып шықты. Онда «Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру» деген анықтама беріліпті. Ал 190-бап «Алаяқтық» деп көрсетіліп, оған «Бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» деген анықтама берілген.

Бұл іс туралы Азаттың алғашқы адвокаты Белгібай Сахариев 2023 жылы 6 қаңтарда Астана қалалық сотының Қылмыстық істер бойынша апелляциялық Алқасына «Жеке шағым» түсірген. Онда: «Тергеу сотының белгілеген бұлтартпау шарасы шектен тыс қатаң және негізсіз деп санаймын» дей келіп, Азаттың бала-шағасы мен қарт анасының оған мұқтаж екендігін назарға алмағандығына тоқталыпты. Бұдан бөлек «сот өз қаулысында тергеудің болжамдарын ғана басшылыққа алды» деп көрсеткен (яғни соңына дейін дәлелденбеген материалдарға арқа сүйеген).

«ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 жылғы №1 «Бұлтартпау шарасын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» нормативті қаулысының талаптарына сай аталған жағдай қамауға ұстауға негіз бола алмайды.

Сонымен қатар, соттың күдікті Кәрім Азат тергеуден немесе соттан бой тасалап, қашып кетеді, немесе тергеу әрекеттеріне кедергі келтіреді деген уәждері қандай да бір шындыққа негізделмеген болжам деп санаймын.

ҚР ҚПК-нің 148 бабы, 3 бөлігінде көрсетілгендей, күзетпен ұстауға санкция беруге байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жағдайларға қатысты іс материалдарын зерттеумен қатар адамға қылмыс жасады деп күдік келтірудің негізділігін  тексереді.

Алайда тергеу соты аталған заң талаптарын мүлдем қаперіне алмады және тиісті баға бермеді. Бұған дәлел – осыдан небары бір апта бұрын ғана тергеу орны Кәрім Азат аса ірі ақша қаражаттарын ұрлады деген күдігін анықтау мақсатында кешенді құрылыстық және экономикалық сараптама тағайындады. Аталған сараптаманың қорытындысы шықпай тұрып тергеу сотының күдікті А.Кәрімді «аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқырды» деген негізбен оны күзетпен ұстауға қабылдаған шешімі қаншалықты қисынды және әділетті?» – деп жазыпты.

Астана қаласы Байқоңыр аудандық соты бұл іске соңғы нүктесін қоя алған жоқ. Қазірге дейін өткен онлайн сот отырыстарының барлығында адвокаттар Азат Кәрімұлын қамауда ұстаудың қисынға келмейтіндігін айтып, оған тағылған 189-бап, 190-баптардың негізсіз екендігін дәлелдегендеріне қарамастан, қамауда ұстау шарасы өзгеріссіз қалып отыр. Соңғы рет жасалған апелляциялық шағым да қанағаттандырусыз қалған.

Екі тараптың сотқа жүгінуіне негіз болған газоблок зауытына қарата «кешенді құрылыстық және экономикалық сараптама жүргізу» туралы шешімнің нәтижесін (сараптама нәтижесі 2024 жылы 29 қаңтарда шыққандығын адвокаттар жақында ғана білгендерін айтады) неліктен бір ай бойы сот істеріне пайдаланбай, Азат Кәрімұлына ескертпей сақтап отырғандығы түсініксіз қалып отыр. Адвокаттың айтуынша, бұл сараптаманың дайын болғандығын судьяның өзі 2024 жылы 1 наурыз күні сағат 10:00-де онлайн форматта өткен сот кезінде ғана білген екен.

ТҮЙІН: Біз өз тарапымыздан Азаттың адвокаттарымен жиі байланысқа шығып, қатысты ақпараттарды назарда ұстап отырмыз. Өкінішке қарай, заңгерлердің ҚР Жоғарғы сотына, ҚР Бас прокуратурасына қарата жазған өтініштеріне мардымды жауап келмепті. Азат Кәрімұлын қамауда ұстап отырудың негізсіз әрі оған тағылған айыптардың тым үстірт шешім екендігін тайға таңба басқандай етіп анықтап көрсетіп отырған адвокаттардың пікіріне қарамастан, судья қамауда ұстап тұру мерзімін тағы да кейінге шегеріп, бір байламын жасамай созбақтап отырған жайы бар. Осы жерде басы ашық бір сұрақ тұр. Құзырлы орындар таққан екі түрлі айып қазір қамауда отырған Азат Кәрімұлына лайықты ма? Егер «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» сипаты бар десек, Азат Кәрімұлы өзі салған зауыттың есігінен сығалай алмай жүргеніне біраз жыл болған екен. Яғни «мүлікті иемденіп алған» ештеңесі жоқ, есесіне «өзіме тиесілі пайызымды ала алмай жүрмін» деп шағымданып отыр. Адамдарды күдікті ойға жетелейтін біраз сұрақтың жауабын Азат Кәрімұлы өзінің Ашық хатында баяндап шығыпты. Бұдан бөлек You Tube-тегі ORDA LIFE каналына берген сұхбатында да талай жайттың бетін ашыпты. (Сілтеме:  «https://www.youtube.com/watch?v=-8NfW93WJ-E»)

Соттың үнсіздігінен екіұдай күйге түскен Азаттың туыстары болса, «сот әділ шешім шығара алмаса, халықаралық соттарға жүгінеміз» дегенді айтып отыр. Егер іс шынымен де халықаралық соттардың алдына жететін болса, Президентіміздің «шетелден инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру керек» деген тапсырмалары мен инвестициялық саясатына, «Қазақстан – Орталық Азиядағы инвестиция салуға қолайлы аймақ» деген имиджіне қара күйе болып жағылмаса да, жақсы атымыздың шықпайтынын ұмытпаған жөн… Себебі «жемейтіндер жердің астында ғана» дейтін түсінікпен өмір сүретін қоғамға, өркениетті елдің өнегесін алып үйренген адамдардың жүрегі шыдамайды… Өкінішке қарай, 30 жылда әбден тамырланып, орнығып алған ұры жүйенің иектеген кәрі жыны еңсемізді көтертпей тұрған жайы бар. Сенбеуге, мойындамауға шараң қайсы? Күн сайын ұсталып жатқан жемқорлардың хабары тіпті құлаққа сіңісті болып кетті. Бала сату бизнесін тіпті әлдекімдер «ата кәсібіне» айналдырған сынды. Жерін сатуға орай таппай тұрған шенділердің еркетотай ұл-қыздары билікті ата-бабасынан қалған мұрадай еншілеп, кердеңдеп жүр. Халыққа жұмыс беріп, елдің еңсе көтеруіне аздап болса да үлестерін қосқысы келіп жанталасып жүрген іскер азаматтардың жағдайы болса мынадай…

Сөз соңында, аталған іс туралы журналистік зерттеулерімізді жалғастыра беретіндігімізді ескертеміз. Сондай-ақ осы іске қатысы бар делінген кейбір күдікті мәліметтер мен лауазымды тұлғаларға қатысты деректерді жолдайтын боламыз.

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

«Qazaqstan dauiri» газетінен алынды