Әділ әрі қуатты мемлекет құру – баршамыздың міндетіміз!

Ардагерлердің Президент Тоқаевтың Жолдауына қолдау білдірген көшпелі кеңесі ұлағатты ұрпақ мәселесі мен елдің келешегін де назардан тыс қалдырмады

Жиын басталардан бұрын әр өңірден жиналған Ардагерлер ұйымы өкілдері «Жеңіс» саябағындағы қан майданда қаза болғандар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Оларды үнсіздікпен еске алды. Тарихи деректерге сүйенсек, сұрапыл майданға облыстан 73500 жерлесіміз аттанып, 24 мыңнан астам жауынгер Отан үшін опат болып, 16 мыңға жуығы із-түзсіз кетсе, 29900-і майдан даласынан аман-есен оралған. Өкінішке қарай, әлемге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары күн санап сиреп барады. Қазіргі таңда облыс аумағында осы қанды майданның тірі куәгерлері – 30-ға жуық ардагер қалыпты.

 

Қостанайда өткен республикалық ардагерлер Орталық кеңесігің көшпелі семинарынан соң қос . Өмірзақ -ақсақалдар ризашылықпен пікір бөлісуде.

Кеңесте көтерілген мәселелер өте өзекті

Айта кетер жайт, көшпелі кеңесте көтерілген мәселелер өте өзектілігімен есте қалды. Айтпақшы, осы жиыннан екі-үш күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Республика күні қарсаңында үш адам «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды. Соның бірі «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің мүшесі және төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов болатын. Оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық-саяси қызметтегі аса үздік еңбегі үшін және еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін берілгенін айрықша айтуға тиіспіз.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы 18 жасқа дейінгі балаларға беріле бастайтыны белгілі. Бұл қадам балалар кәмелеттік жасқа толған кезде өмірге жолдама беретін бастапқы капитал іспетті қосымша қолдау болмақ. Мемлекет басшысы аудандар мен облыстық қала деңгейіндегі әкімдердің сайлауын тағайындап отыр. Бұдан былай әкімдер бюджетті өздері жасақтай алады. Бұл әр әкімнің іскерлігіне байланысты дүние. Әкімдер салалық шешімдерді орындауда және дайындауда біршама тәуелсіздікке қол жеткізеді осылайша. Жасаған жұмыстарының нәтижесі үшін тікелей жауапты болатыны айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысының бастамалары, ең бірінші кезекте, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды әртараптандыруға бағытталғаны қуантады.
Соңғы кезде маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруда шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Бұл да жақсы бастама. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту үшін, Президент «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қойды. Бұл заң ресми жарияланған күннен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енбек. Заңда көрсетілген талаптарға сәйкес, ардагерлеріміз жергілікті жерлерде Мемлекет басшысының тапсырмаларының, яғни мектеп, балабақша, газ, су құбырларын жүргізу, жол салу құрылыстарына, басқа да жұмыстардың орындалу барысында қоғамдық бақылаушы ретінде қатыса алады. Жолдаудағы толғақты мәселенің бірі АЭС салу туралы болды. Президентіміздің «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі еліміздің болашағына қатысты аса маңызды. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз» дегені де ел есінде. Осындай түйткілді мәселелер ел ағаларының қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түсуде.
Қостанайда өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық қеңесінің көшпелі семинар-кеңесіне Астанадан және Қазақстанның әр облысынан келген ардагерлер ұйымдары басшылары қатысты. Семинарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ардагерлер ұйымының алдында тұрған міндеттер қаралды. Кеңеске облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Ол алқалы жиында сөз сөйлеп, өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші жайлы қысқаша баяндады.

 

ардагерлер ұйымы төрағасы Б. Ізмұхамбетов пен облыс әкімі Қ. Ақсақалов

Семинарға қатысушыларды Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жақсы көңіл күймен қарсы алғанын айта кетуіміз керек. Ел мүддесі жолында аянбай еңбек ету, ынтымақтаса іс қылу үлкен жетістік бастау болатынын ешкім жоққа шығармас.
Көшпелі кеңесте сөз алған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов: «Бүгінгі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр. Реформа Әділетті Қазақстан құру қағидасына сай қолға алынды. Егемендік алған кезден бастап, еліміздің саясаты азаматтық қоғамды дамытуға бағытталды. Еліміздің тарихында жаңа дәуірді бастайтын Конституциялық реформа жүргізілді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті. Соған сәйкес біз өңдеу секторына басты назар аударылатын қуатты экономикалық серпіліс жасайтын боламыз. Жалпы, облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға артты. Былтыр облыс бюджеті 441 млрд теңге болса, биыл 644 млрд теңгеге жетті. Астықты өңірде шикізатты қайта өңдеуге бағытталатын 2 ірі жоба пысықталып жатыр. Бұл қуаттылығы 4 млн тонна болатын ыстық брикетті темір өндіретін зауыттың құрылысы және жылына 1 млн тоннаға дейін шойын өндіретін болат балқыту зауыты салынады, мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Облыс темір кендерінің әлемдік қорының 4%-на ие және қара металлургия орталықтарының біріне айналатын болады. Мен облысымыздың экономикалық және әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралардың кейбіреулеріне ғана тоқталып өттім. Алға қойған мақсат-міндетіміз айқын. Осы міндетті атқаруда Қостанай облысының Ардагерлер ұйымы да белсенді қолдау білдіретініне сеніміміз мол. Қазақ халқында ежелден қалыптасқан жақсы дәсүрлердің бірі – үлкенді сыйлау. Бұл – қазақтың қанына сіңген қасиет. Ардақты ардагерлеріміздің өмірі өнеге, еңбегі орасан. Тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды етуде аға ұрпақтың орны ерекше. Сіздердің қоғамдық өмірге белсене араласып, жас ұрпаққа үлгі болып жүргендеріңіз бізді қуантады», – деді.
Баяндамадан кейін облыс әкімі Президент атынан Жамбыл облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаевқа және Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптесі Ескендір Елеусізовке жоғары мемлекеттік наградалар – «Парасат» орденін табыс етті.

 

Ардагерлерді ауқымды істер күтіп тұр

Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, су жаңа «Еңбек ері» Бақтықожа Ізмұхамбетовтың баяндамасынан көңілге түйгеніміз мыналар: «Өңірлердегі ардагерлер ұйымдарының жұмысы тиісті деңгейде қойылды. Жаңа облыстардың – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының пайда болуымен тиісті облыстық ардагерлер кеңестері де пайда болды. Біздің басты мақсатымыз – президенттік реформаларды жүзеге асыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік векторға көп көңіл бөле отырып, дамудың бірнеше бағытын белгіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы, әділетті қоғам қағидасы секілді ұғымдарды жиі айтып келеді. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде: Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек… – десе, өткен Жолдауда «біз жаңа кезеңге қадам бастық» деп, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тұжырымдамасын ұсынды. Құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Биылғы Жолдауда «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» туралы айтылды. Президентіміз әділ әрі озық мемлекет құруды көздейді. Өзгерістер де аз емес. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асып келеді.

 

Парасат орденін иеленген Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Солтыбаев ортада

Бірінші. Біз әділетті қоғам құру үшін Мемлекеттің ішкі мәселелеріне қолдау көрсетіп, белсене араласуымыз керек. Президентіміздің бастамаларын жұртшылыққа түсінікті жеткізе алатын, жалпы әлемдегі ахуалдан хабары мол, елге беделді, айтары бар ардагерлерден мобильді топтар құруға болады. Дана халқымыз «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, бейбіт өмір сүруді армандайды. Кей елдер соғыстың зардабын шегуде. Бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын көріп отырмыз. Ел ішінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге әрқайсысымыз атсалысуымыз керек.
Екінші: Аға буын ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруі керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Жастарды дер кезінде дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, кейін зардабы ауыр болуы мүмкін. Кейбір басқа діни бағыттағы тәрбиенің құрығына түскен жастар бары жасырын емес. Алдағы жұмыс жоспарларыңызда жастар тәрбиесіне ықпал ететін шараларға арнайы көңіл бөлуді тапсырамын.
Үшінші: Ұлттық дәстүрімізді, мәдени-рухани құндылықтарымызды дәріптейтін шараларға көбірек атсалысуымыз керек. Жастардың бойына патриоттық сезімін оятатын, рухани дүниелерді көптеп насихаттауға көңіл бөлуді сұраймын. Осы бағытта Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында өте жақсы «әкелер мектебі», «аналар мектебі» жұмысы жүріп жатқанын білеміз. Басқа облыстарда осы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын.
Төртінші: Соңғы жылдары діни тақырып күн тәртібінен түспеуде. Өкінішке қарай, түрлі ағым өкілдері дін жайында әңгіме айтамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып, өзінің теріс идеологиясын тықпалағысы келеді. Дін мен дәстүрді еш уақытта бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген.

 

парасат орденін иеленген Солтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов

Жаңа оқу жылында мектепке «хиджабпен» бару мәселесі біраз шу болғанын білесіздер. Жалпы дін мәселесі – өте нәзік тақырып. Барлық өңірлік филиалдарға осы жұмыстарға ерекше мән беріп, белсенді араласуды тапсырамын. Жасыратыны жоқ, бір-екі жылдың көлеміндегі республиканың әр жерінде қылаң берген қақтығыстардың астарын дінмен байланыстыруда. Өкінішке орай, қоғамдық орындарда бүркеніп, қара жамылған қыздарымыз, сақалды, шолақ шалбарлы ұлдарымыз жиі кездеседі.
Құрметті әріптестер, ел іргесінің беріктігіне атсалысу біздің басты міндетіміздің мызғымас бөлігі болып қала береді. Мемлекет басшысының бағдарламаларында көрсетілген, шараларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырамын».
Бұдан кейін бірқатар облыстың ардагерлер ұйымының төрағалары сөз алып, Президент Жолдауында атап көрсетілген міндеттерге сәйкес жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы айтып берді.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Солтыбаев: «Президент осы Жолдауында елдегі экономиканың, әлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциялық дамуын айқындап берді. Халықтың тұрмыс сапасы, берекелі өмір сүруі экономикалық дамумен тікелей байланысты, экономика дегеніміз – тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Халыққа керегі де осы. Президент қазіргі күрделі жағдайда елдің экономикалық моделін қайта құруды ұсынды. Біздің экономикамыз тиімді болу керек. Сапалы өнімдермен өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етуіміз керек. Экономиканы әртараптандыру оны қаржыландыру, өсімді кемінде 6-7 пайызға жеткізу мақсаты қойылып отыр. Ең алдымен мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуі керек. Ол үлгінің, яғни мемлекет пен бизнестің арасындағы шарттың мәні мынада. Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу. Қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды деді Президент. Сондай-ақ Президент халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін шараларды атап өтті. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. «Жайлы мектеп» жобасында 400-ге жуық мектеп салынады, 300-ден аса денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Ұлттық қор балаларға жобасы бойынша жаңа жылдан бастап балалардың есеп шотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бізге қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету.

 

Қостанай облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Сәуле Мешітбайқызы

Президент Жолдауында азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі деп аталды, яғни адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді екен, жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы 74 жастан асты, ал азаматтарымыздың орташа жасы 32 жаста, тұрғындардың үштен бірі – жастар. Түркістанда II Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алты мәселенің ішінде ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту жайлы, өскелең ұрпақтың жақсы тәрбие алуын атады. Жастардың бойынан тек ізгі қасиеттерді көру үшін аға буынның мойнында тәрбие парызы тұрғанын да атап өтті».

 

Ел ішінде жақсы қариялар көп…

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, публицист: «Қостанай қаласында өткен «Ардагерлер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі Орталық кеңесінің «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыруда Ардагерлер ұйымының алдағы міндеттері туралы» республикалық көшпелі кеңеске түгелдей қатыстым. Өте ұнады. Кеше ғана «Еңбек ері» атанған «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің мүшесі және төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың шебер ұйымдастырушы, ел болашағына қатты алаңдайтын ардагер-тұлға екеніне тағы да көзім жетті. Елімізде жоғары лауазымды қызметтер атқарған осындай білікті, білімді, тәжірибесі көл-көсір азаматтың ардагерлер ұйымына төраға болуы жайдан-жай емес деп ойлаймын. Президентіміз Тоқаев үлкен сенім артып отырғаны белгілі. Олай болса бұл игі шара, көшпелі кеңес әлі жалғасын табарына, елге пайдасын әкелеріне кәміл сенемін. Ел іші болғасын аузы дуалы, жақсы қартайған қариялар жоқ емес, бар. «Әттең, тонның келтесі-ай!» дегізетіні: олар тым аз. Қазақ секілді дана халықтың даралығына күйе жағатындармен күресіп келе жатқан ақсақалдық, абыздық жастағы Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Совет-хан Ғаббасов т.б. көптеген ағаларымыздың орны бөлек мен үшін. Еліміздің түкпір- түкпірінде және ауыл-аймағына сүйкімді, сыйлы қарттар жоқ деп кім айта алар? Батыстың ақсақалдары бір төбе. Маңғыстау облысына Наурыз мерекесі қарсаңында «Көрісуге» барғанымызда ынтымағы жарасқан, бірлігі көкпен таласқан, тілектері көл-көсір дария небір қарияларды көрдік. Тіпті өз үстеріндегі шапанын алыстан келген ағайындарына шешіп беріп жатты. СҚО оралмандарға арнайы салынған Бәйтерек ауылындағы Сүлеймен ағаның ақсақалдық тұлғасы қандай керемет еді! Өзіне магниттей тартатын шешендігі, мырзалығы, елге деген қамқорлығына жұрты риза үнемі. Оңтүстік пен Шығыстағы ақсақалдар қатары да көңіл қуанышы. Осындай ел-жұртқа танымал, халқына сыйлы қарттарды дәріптеп, келешекте Ардагерлер кеңесі олардың бастарын қосып, ақыл-кеңестеріне құлақ қойып отырса, қандай жарасымды болар еді…»

 

Қазақстан халқы өзгерістерден оңды жемістер күтуде

Жетісу облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Е.Ә.Келемсейіт: «Өткен жыл саяси өзгерістерге толы жыл болғаны бәрімізге аян. Әділетті Қазақстан құру жолында шынымен оң өзгерістер мен түбегейлі реформаларды жүргізу керектігін өмірдің өзі талап етті.
Яғни осы бағытта Конституцияның 30-бабына өзгерістер енгізіліп, Сайлау жөніндегі Заң қайта қаралып, Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып өзгертіліп, адам құқығын қорғау жөнінде омбудсмендердің дәрежесі көтерілді. Осы жаңа Заң негізінде Парламент Мәжілісінің депутаттары сайланып, тың бағытта құрылған жаңа құрамы бекітілді. Бұл бағыттың дұрыс жолға қойылғанын жаңа құрамдағы депутаттардың өз пікірлерін батыл түрде айта отырып, Үкімет пен министрліктердің алдына проблемалық мәселелерді тікелей жеткізіп жүргенін байқап отырмыз. Оның ішінде, Бақтықожа Салахатдинұлы, өзіңіз де барсыз. Біздер, әріптестеріңіз, Сізге білдірген сенімді бүкіл ардагерлерге көрсетілген сенім деп білеміз. Президенттің өзі де жаңашылдық бастамасымен қайта сайланып, нәтижелі еңбек етуде. Қазақстан халқы осы өзгерістерден оңды жемістер күтуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауының басым бөлігі экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың әлеуметтік тұрмысы, жұмыссыздық мәселесі, су ресурстары және оны үнемдейтін технологияларды енгізу, газдандыру, инфрақұрылымдық нысандардың сапалы болуы бірінші кезекте орындалуы тиіс мәселелер екендігін атап өтті. «Адал азамат» концепциясының негізінде қоғамдағы кеңінен тамыр жайған жемқорлықты түбегейлі жою, қауіпсіз мектептерде білім беру, оқушыларды тегін тамақтандыру, ауруханалардың санын арттырып, ондағы емдеу шараларын жоғары деңгейге жеткізу бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі екенін айта кету керек. Сондай-ақ, «Әділетті Қазақстан» құру жолында әрбір жастың бойында әділеттік пен адалдық сезімдерінің болуы керек. Ал бұл мінезді жастарға дарыту біздің аға буын өкілдері, ардагерлердің қасиетті борышы екенін біз білеміз.
Облыс ардагерлері Президентіміздің саясатын бірауыздан қолдап, алдымызда тұрған міндеттер айқындалып, облыстық кеңес өзінің іс-жоспарына жолдау талаптарына сай жаңа міндеттер туралы өзгертулер енгізіліп, жұмыс жасауда.
Құрметті әріптестер! Сіздер мен біздер күні кеше ғана 25 қазанда Республика күнін атап өттік. Оның халыққа маңызды екенін Президент өткен бірінші Құрылтайда түсіндіріп өткен еді. Биылғы жылдан бастап бұл халықтық мереке қайта жанданып, арада талай жыл бойы аталып өтпесе де үлкен мерекелердің тізіміне қайта енгізілгенін Қазақстан халқы үлкен қуанышпен қарсы алды. Әрине, бұл ерекше назар аударатын жағдай. Қуаныштарымыз құтты болсын, ағайын!

 

Тобыл – Торғай өңірінде елеулі істер атқарылуда

Өз кезегінде Қостанай облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Ахметов Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерді саралап берді. «Өз Жолдауында ел Президенті Қ.К.Тоқаев «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз» деген болатын. Жолдауда атқарылып жатқан істерге баға беріліп, алдағы бағыт-бағдарлар айқындалды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесін де көріп отырмыз. Мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Сонымен бірге жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану миллиондаған халықтың тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болуына көмектесті. «Жайлы мектеп» жобасының аясында 400-ге жуық мектеп салынатын болды. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 300-ден аса денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жұмыс істеп, жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды, – деп атап көрсетті ол. Батырбек Ахметов облыстағы ардагерлер ұйымының жұмысы туралы кеңінен тоқталып, қарттарға жасалып жатқан қамқорлық туралы да баяндап берді.
«Егеменді еліміздің даласы кең, қойнауы құт Қостанай облысы Тобыл – Торғай өңірінің Қостанай қаласына қош келдіңіздер! Заманымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды, қуанышты күндеріміз көп болсын! Аса қадірлі Бақтықожа Салахатдинұлы, маған берілген мінбердің өкілеттігін пайдаланып, тәуелсіз еліміздің дамуына жоғары үлес қосқаныңыз үшін Сізге жақында ғана берілген ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағыңызбен кеңеске қатысушы қонақтар және жеке өз атымнан шын жүректен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілейміз!
Жолдауда атқарылып жатқан істерге баға беріліп, алдағы бағыт-бағдарлар айқындалды. Халық арасында көп әңгіме болған жайылымдық жер мәселесі де шешімін тауып, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектарға жуық жер қайтарылды, – деді.
Жалпы облыстық Ардагерлер ұйымының жұмысының басым бөлігі жастардың бойында патриоттық сананы қалыптастырып, белсенді азаматтық ұстанымдарын арттыруға, рухани-адамгершілікке үйретуге бағытталған. Аға буын ардагерлер жастармен тығыз қарым-қатынаста болуы, олардың тәрбиесіне атсалысуы оқулықтардан алуға болмайтын баға жетпес тәрбие деп санаймын. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында облыста «Ардагер, қалай өмір сүріп жатырсыз?», «Ардагерге барамыз!», «Ұрпақтар жадында» атты акциялар орын алды. Бұл акциялар барысында соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерінің өмір сүру жағдайларын зерттеумен қатар, олардың өтініштері бойынша еріктілер мен оқушылар үй учаскелерін тазалап, коқыстарды жинап және тағы басқа жағдайларда да көмек көрсетті.
Облыстағы қалалық және аудандық ардагерлер ұйымдарының бастамасы бойынша сенбіліктер өткізіліп, зираттар қоқыстан тазартылып, ескерткіштер, обелискілер, ескерткіш тақталар, ардагерлердің жерленген орындары зерттеліп, ретке келтірілді. Бұл бастама жыл бойы жалғасуда. Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінде зейнеткерлерге кеңірек көңіл бөлу үшін «Қоғамдық қабылдау» бөлімі ашылды. Мұнда қала зейнеткерлері аптасына 2 рет мемлекеттік қызметкерлерден, заңгерлерден, педагогтерден, дәрігерлерден кеңес ала алады…».
Жиын соңында Атырау облысы ардагерлер төрағасы Сәуле Мешітбайқызы бастаған бірнеше ардагерге Махамбет батыр атындағы медальді табыс етті.

 

 

С. Мешітбайқызы студенттермен кездесуде

С. Мешітбайқызы студенттермен кездесті

Қостанай қаласында өткен «Ардагерлер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі Орталық кеңесінің «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыруда Ардагерлер ұйымының алдағы міндеттері туралы» республикалық көшпелі кеңесі қарсаңында «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің оқу залында журналистика кафедрасының 1-3 курс студенттерімен «Қазақ тілін нығайту және оның маңыздылығы» тақырыбында кездесу өткізді. Шара барысында Сәуле Мешітбайқызы қазіргі қоғамдағы маңызды бірнеше өзекті мәселелерді көтерді. Айта кетсек, жастардың есірткіге деген тәуелділігі, отбасындағы тәлім-тәрбие, балалар өміріндегі смартфонның теріс әсері. Барынша түсінікті тілмен айта отырып, студенттердің осы тақырыптарға деген қызығушылықтарын оята білді. Сұрақ-жауап болып, студенттер өз ойларын ортаға салды.
Болашақ журналистерге мотивация ретінде Сәуле Мешітбайқызы белсенді студенттердің болашақта өзімен жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар екенін айта кетті. Ол үшін тіпті өзімен байланысатын нөмірлерін қалдырды. Жиын соңында университет кітапханасына өзінің кітабын сыйлап, студенттермен естелікке фотоға түсті.

Қостанайдағы машина зауытында

Машина зауыты 30 мың темір тұлпарды шығаруға қауқарлы

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің екі күндік көшпелі отырысының алғашқы күнінің соңында Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Салахаддинұлы Ізмұхамбетов бастаған еліміздің әр өңірінен келген қонақтар Қостанай қаласындағы Allur машина шығаратын зауытқа ат шалдырып, кейін облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрына барып, кезекті қойылымдарын көріп, тамашалады.
Отандық автоөндірістегі көшбасшылардың бірі — Allur компаниялар тобы машина құрылысына мамандар дайындаумен айналысып жатыр екен. Өндіріс орны Қостанай облысындағы кәсіптік оқу орындарының бірін қамқорлығына алған. Қазір Автокөлік колледжінде 1300 студент білім алуда. Компания бірнеше жылдан бері өздері құрған Корпоративтік университетте өздеріне қажет мамандарды оқытып шығаруда.
Allur компаниялар тобы Қостанайдағы автокөлік колледжін жөндеуден өткізіп, техникалық базаны жаңартты. Дуальді оқытуды ұйымдастырды. Яғни, студенттер зауытта тәжірибеден өтеді. Кейін осында жұмысқа орналасады.
«Allur» зауытында жылына 30 мыңға жуық темір тұлпар конвейерден шығады. Бұл жоба Өзбекстан, Қазақстан және Әзірбайжан аутомобиль өнеркәсібін біріктіру шешімі аясында жүзеге асырылып отыр. Еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз етуге қабілетті бағыттың бірі де бірегейі – машина жасау саласы. Олай деуімізге негіз көп. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгеден асып түскен. Бұл – 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 35,1 пайызға артық. Әрине, түйіні тарқатылмаған мәселелер де жоқ емес. Алайда соңғы уақытта бұл сектордағы жұмыстың қыза бастауы, Үкіметтің айрықша көңіл бөлуі машина жасаушыларды ынталандыра түскендей.
Машина заводының ішін аралап жүріп, жүзеге асырылып жатқан 3 жоба мен болашақта қолға алынатын басқа да инвестициялық бастамалар туралы ақпарат алдық.
Орындалып жатқан жобалардың алғашқысы – темір құю цехының құрылысы. Биыл іске қосылатын кәсіпорында 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның құны – 78,2 миллиард теңге. Жылына 45 мың тонна құйма құятын жоба инновациялық өнім көлемін 8 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүзеге асырылып жатқан екінші жоба – жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы. Кәсіпорын 2 жылдан соң іске қосылады. 360 адамға тұрақты жұмыс орын ұсынатын жобаның құны – 82,5 миллиард теңге.
Бізді тағы бір қуантқан жаңалық «KAMLIT KZ» зауытында тек қана жергілікті мамандар еңбек істейтіні. Олар автомобиль көлігі колледжінде даярланады. Осы мақсатта жаңадан қара металдар металлургиясы деген мамандық ашылған. Мұнда 450 адам білім алады. біз тілдескен Никита Тунгусов соңғы курста оқиды екен. Бітіруші топ үшін қазір жұмыс орындары сақадай сай дайын тұр.
Никита Тунгусов, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің 4 курс студенті: — «Биыл осы мамандық бойынша алғашқы түлек атанамыз. Мамандықтың болашағы зор. Әр кезең, тақырып бойынша сапалы білім алып жатырмыз. Оқытушылар құрамының біліктілігі жоғары. Зауыт іске қосылса, мыңдаған адам жұмысқа қабылданады. Машина жасау саласының дамуымен бейінді колледж жаңадан тағы бірнеше мамандық ашуды қолға алады» дейді.
Сөз соңында айтарымыз, 6 мыңнан астам отандасымыз еңбек етіп жатқан өндіріс орындары мен компанияның перспективті жобалары дайын. Қостанай қаласында оңтүстіккореялық Kia корпорациясымен бірлесіп, Kia автомобильдерін шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталады. Демек, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мамандарды да өзіміз даярлайтын күн жақын.

 

Шәмші рухымен «тілдескен» күн

Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың бір сәттік өміріне арналған Исрайл Сапарбайдың «Сыған серенадасы» қойылымын ұсынды. Жиналған көрермен Шәмші қайта тіріліп келгендей әсерге бөленді. Оның басынан өткен қуанышы мен қиындығын бірге кешкендей тебіренді көпшілік. 2000 жылдың 14 қыркүйегінде ресми ашылуы болған бұл театр қазір Қазақстандағы театр өнерін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан талантты өнер ұжымы.
Талантты актерлері мен талапшыл басшылығы бар театр соңғы жылдары өз көрермендерінің шынайы ықыласына бөленіп келе жатқандары анық. Бұған куә – өзіміз тамашалаған «Сыған серенадасының» қойылымы! Әсерлі де аса бір талғамды шеберлікпен қойылған бұл спектакль қостанайлық актерлердің ұдайы ізденісте екендіктерін айқын танытты.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Салахаддинұлы Ізмұхамбетов пен қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев қойылым соңында сахнаға шығып, өз ризашылықтарын білдірді. Актерлердің шеберлігіне сүйсінгендерін де жасырмады. Театр әртістеріне ақ баталарын берді. Көрермендер де құшарлана қол соқты.
«Биылғы жылы Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «театр мен кино өнерін және кітап басып шығару ісін дамытуымыз керек, бұл ұлтымыздың рухани жан дүниесін байытуға, мәдениетті де парасатты болуларына зор ықпал етеді» дегені бар еді, – дей келіп, Бақтықожа Ізмұхамбетов «театрдың басты қолдаушылары, ол – өзінің көрермендері» деді. Одан ары қарай әңгімесін былай өрбітті: «Бүгін Қостанай жеріне Қазақстанның әр облысынан келген біздер, ел ағалары, кезінде еліміз бен халқымызға адал қызмет еткен аға буын өкілдері Сіздердің өнерлеріңізді қолдайық деп келіп едік, шынын айтқанда, тамаша бір спектакль көріп, жанымыз жадырап қалды, атақты Шәмшінің өмірі де, әні де мәңгі жасайды. Тамаша ойнадыңыздар! Бек ризамыз! Алдағы уақытта осындай шаралардан кейін жергілікті театрлардың қойылымдарына барып тұру қажет. Бұл біздің дәстүрімізге айналуы керек. Бұл орайда ел ардагерлері жол бастап, өнеге көрсетіп отыр», – деді.
Расында да, кез келген облыс орталықтарында күн құрғатпай өтіп жататын түрлі шаралардан кейін сол жердің театрларына барып, көрермен ретінде қолдаушы болудың Қостанай жерінде тамаша үлгісін көрсетіп берген Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетовтың бастамасы өрісті болса, шіркін!

 

көшпелі кеңестен кейінгі естелік сурет

 

Көшпелі кеңес мемлекеттік тілдің де мерейін көтерді

PS: Көшпелі кеңестен көңілге түйгеніміз көп. Соның бірі аға буын өкілдері – ардагерлердің кеңесті мемлекеттік тілде өткізуі. Мұның өзі Президентіміздің мемлекеттік тілге деген оң саясатына білдірілген қолдау деп түсіндік. Аға буын қалыптастырған игі істі енді Үкіметіміз бен Парламентіміз іліп әкетсе кәнеки!
Бабаларымыз дәуірлеген, салт-санасы дүрілдеген, тілі мен діні тілінбеген, өзара жік-жікке бөлінбеген кезең, өкінішке орай, сағымдай бұлдырап, алыстан көзімізді арбап қояды. Өмір ағынды судай ағып барады. Ұлағатты ұрпақ өсіру – ұлтқа сын! Жаһандануға жұтылып, ізгі қасиеттерді бітіріп, өзге халықтарға есеміз кетіп, ұтылып қалмасақ жарар еді. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», – деп айта аламыз ба бүгінде? Ел ішін көп аралаймын, көптеген қарияларымыз арзандап, пәтуалы сөз айтпай, мылжыңдап кеткендей көрінеді. Сөзінің салмағы бар дейтін ақсақалдарымыздың үні бәсең. Шерхандай шерлі, Әбіштей абзал ағалар аз. Төлендей (Әбдік) төбелі, Амангелдідей (Айталы) марқұм айдарлы, Ақселеудей марқұм (Сейдімбек) кірпияз, әр сөзі алтынға пара-пар қариялардың артына қалдырған келісті, данагөй сөзіне құлақ асып жүрген кім бар? Жақсы қартайып, үйінде жантайып жатқандар да аз емес тізе берсек. Бірақ «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» секілді, қариялық дәрежеге жете алмай, шал болып кім көрінгенді шаужайдан алып жүргендерді кім деп атағанымыз дұрыс?! Жұмыс барысында ел аралап жүріп қариялардың қаусағанын, шал-шауқандардың қызыққа тоймай дүние-боқты «аңсағанын» көріп түңілеміз кейде. Әдемі қартая білу де Алланың пендесіне берген үлкен сыйы ма деймін.
Әріге бармай-ақ, «бабалардың баласы» деп Мұқағали ақын жырлаған қылышынан қан тамған кеңестік кезеңдегі қарияларды көзіміз көрді. Еңкіш тартып, жүздері жарқырап, ақ сақалдары омырауын жауып, ертелі-кеш бір үйлі жанның емес, дүйім бір ауылдың қамын жеп жүретін еді-ау, жарықтықтар. Бейнеттен бе (жоқ әлде салиқалы ойдың берген жемісі ме), бізге егде көрінетін қариялардың жас шамалары сол уақыттары елу-алпыстың о жақ, бұ жағында екен-ау! Жүздерінен иман төгіліп, тілдерінен дүниелік емес, тағылымға толы ғибратты, шежірелі әңгімелер құйылып, құлақ құрышын қандырып сөйлегенде балға үймелеген арадай бала-шаға төңіректеп шықпаушы еді сол маңнан. Міне, тәрбиенің тал бесігі!
«Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» соңғы жылдары елеулі еңбектерімен, елдің ынтымағы мен бірлігі жолындағы табыстарымен ерекшеленіп жүргенін ешкім жоққа шығармас. Оған Қостанайда өткен «Ардагерлер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі Орталық кеңесінің «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыруда Ардагерлер ұйымының алдағы міндеттері туралы» республикалық көшпелі кеңесте көзіміз тағы да жеткендей болды. Ардагерлері ардақты, жастары салмақты елдің болашағы қай кезде де жарқын! Олай болса ардагер ағаларымыз кейінгі ұрпаққа ізгі істерімен аманат қалдыра бергей!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК