Нокаутсыз жеңсе де ұпайы түгел Қанат Ислам

Сонымен, «Алматы-Аренадағы» көптен күткен бокс бәсекесі де қазақтың тойы секілді өте шықты. Он екі мың көрермен сыятын су жаңа спорт кешенінде өткен бұл айтулы спорт кешіне жиналған жанкүйердің қарасы көп. 2008 жылы Бейжің төрінде Қытай атынан бәйгеге қосылған Қанат Ислам «Қазағым» деп жарыс жолына шықты. Оның бокстағы стилі, техникасы, басқадан өзгерек соққылары өз алдына қарапайымдылығын бағаламайтын жан жоқ шығар. Кәсіпқой рингке ауысқалы «Қазақ» деген бүркеншік есіммен жүрген Қанат батыр бүгінде әлемді аузына қаратқан сайыпқыран.

                             %d0%b6%d0%b0%d2%a3%d2%9b%d0%be%d1%88  %d0%b6%d3%99%d0%bd%d1%96%d0%b1%d0%b5%d0%ba

Сол мақтаулы батырымыз бүгін елінің ортасында өзінің 22-ші кездесуін өткізді. Алдымен, өзінің бауырларының рингте атой салуына мүмкіндік берген Қанат шаршы алаң сыртында Жұман, Айдар, Әли, Руслан, Жаңқош және Жәнібек бауырларының тілеуін тіледі. Аталмыш былғары қолғап шеберлерінің алғашқы төртеуінің жарқын жеңісін бұған дейін атап кеттік. Жаңқош Тұраров ганалық Айсек Ариенің үшінші раундқа дейін әуселесін байқап, қадамын сақтықпен басты. Сөйтіп, бұған дейінгі жеңісті жолын жалғастырып, 20-шы рет, 14-ші рет нокаутпен қарсыласын ұтып, ел мерейін үстем етті. Айтпақшы, осы айқаста айқын жеңілген Айсек салмақ өлшеу барысында тентектігін көрсетіп, көкірегіне нан піскен болатын. Тәубесіне түскен ганалықтан кейін рингте тағы бір нокаут орын алды. Бұл жолы Колумбиядан келген Милтон Нуньес кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне шыққан Жәнібек Әлімханұлының тегеурініне шыдас бере алмады. Рио-де-Жанейрода тасы өрге домаламаған әуесқой бокстан әлем чемпионы Ж.Әлімханұлы отандастарының алдында тұсаукесер кездесуін сәтті бастап, мұхиттың ар жағынан келген «қонақты» бірінші раундта тізе бүктірді.

%d2%9b%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82%d0%b0

Бокс кешінің басты бәсекесі Қанат Ислам мен ганалық Патрик Аллотей жекпе-жегі көпшілік күткендей болмады деуге негіз бар. Өйткені, Қанаттан нокаут күткеніміз рас. Алайда, Аллотей өзін «Улы жебе» деп бекер атамағанын дәлелдеп бақты. Алма-кезек шабуыл, сәтті қорғаныспен кездесу соңынан бір шыққан қос боксшы төрешілердің шешіміне сүйенді. Өз елінің шаршы алаңында еркін көсілген Қанат Ислам белсенділігімен көзге түсіп, 22-ші кездесуін жеңіспен аяқтады. Сөйтіп, ол бүгінгі жеңісінің арқасында WBA Fedelatin және WBO Intercontinental алтын белбеуін иеленіп, Қазақ елін бір қуантты. Көрермендер арасында мың жылдық тарихы бар қаланың әкімі Бауыржан Байбектің, меценат Бауыржан Оспанов сынды азаматтардың болғанын айта кетейік. Жеңіс құтты болсын, берекелі болсын, Қазақ елі!

«ЕлАна»