Ұнға аунаған әйел немесе қасиетті нанды аяқ асты ететіндер неге көбейіп барады?

 «Время» газетінің бірінші бетінен аппақ ұнды шашып, үстіне жартылай жалаңаш күйде аунап, секіріп, билеп шоу көрсетіп жатқан әйелдің суреті басылған мақаланы көргенде төбе шашымыз тік тұрды. О заман да бұ заман қасиетті ас атасы нанды қорлаған талай оқиғаларды білуші едік. Ал мынау… Масқара! Атам қазақ әркез баласына: «нанды ысырап қылып төгіп-шашпа, жерге қоқымы түссе жинап ал, жеп қойсаң бай боласың» деп ескертпейтін бе еді? «Тамағы тоқтық аздырар адам баласын» дегендей адамдар ерігіп не істерлерін білмей бара жатыр ма деген күдік ой келеді осындайда. Өз басымнан өткен тағы бір көңілсіз оқиғаны айта кетейін. Туысымыздың қызы тұрмысқа шықты. Той болған жерде ағайындар арасында бір нәрсеге көңіл толмаушылық сияқты жағдайлардың аяғы ұрыс-керіске әкелетіні бар кейде. Бір келініміз «Саған неге алтын жүзік салды, маған неге жоқ?» деп өзінен-өзі туласын кеп! Той біткен соң ертесі жұмыстан келсем көршім алдымнан шығып: «Сені манадан бері келінің күтіп бізде отыр» деді.7PgFzQQooN0

Тойда мінез көрсеткен келін сазарып отыр. Қолындағы пакеттегі затын тарс еткізіп үстелдің үстіне тастай салды да: «Мә, мынау кешегі тойдан алынған тамақтар! Ішіндегі бауырсақ, тоқаш, кәмпит-сәмпиттеріңнің бәрін өздерің жеңдер. Мен аш жүрген жоқпын, құдайға шүкір, тоңазытқышым түрлі тағамға толып тұр. Менің балаларым бұндай нәрселерді жемейді де!» деді зіркілдей сөйлеп. Мен сасқалақтап тұрып қалдым да: «Ау, келінжан, ренжісең бізге ренжігін, ал мына тамақтардың не кінәсі бар?» дедім. «Жоқ, біз бұларды аузымызға салған да жоқпыз, итіңе бересің бе, әлде көршілеріңе таратып бересің бе, өзің біл!» деп ашуланған кесір келін үйден атып шығып кетті. Ішімнен: «Астапыралла! Мынаның астамсығаны соншама тіпті нан кепиеті ұрады деп те қорықпайды ғой» деп қала бердім. Енді дағдарыс заманы қыспаққа алып, кешегі қарны тойып, нанды менсінбей тұрған келін баланың жағдайы қазір мүшкіл боп қалды. Баяғыдай ас та төк тамақ асып, үйлеріне қонақ шақырмақ түгіл, өздері жұмыссыз қалып бала-шағаларына тамақ таппай қиналып отырғанға ұқсайды. «Бір тоқтықтың бір аштығы болады» деген де осы шығар. Бәлкім, нан кепиеті ұрды ма? Осы «Время» газетінің баспайтын бәлесі жоқ, бірде қарап отырсам тағы да ас атасын қорлап наннан түрлі ойыншықтар жасап, өзінше оны кәсіп еткен әйел жөніндегі мақаланы басыпты. Ол қамырды илеп, ит, сусиыр, шошқаның мүсіндерін жасайды екен. Содан тәтті тоқаштар пісіріп сататын көрінеді. Баяғыда кеңес үкіметі кезінде дүкендерде «Зоология» печеньесі сатылушы еді ғой. Онда да ит, мысық, шошқа, қолтырауын, үйрек-қаз сияқты аң-құстардың бейнелері пісірілетін. Әкем марқұм көзі тірісінде имам боп істеген, дініне берік адам еді. «Нанды қастерлемей, одан әртүрлі хайуандардың бейнесін жасауға болмайды» деп сөгіп отыратын.

Қазір нанның қадір-қасиетін ұқпайтындардың саны көбейіп кеткен сияқты. Көшеде, қоқыс салғыштың, стадионның, балабақшаның, әсіресе мектептің қасынан өтіп бара жатсаң бір тістеп жолдың жиегіне тастай салған бәліш, самсаларды жиі кездестіреміз. Көбіне мұны жас балалар, мектеп оқушылары білместікпен істейтін сияқты. Осындайда үйлерінде ата-аналары, мектепте ұстаздары нанның қасиеті мен обал-сауабы жайында тәрбиелік сөздерін үнемі айтып, сынып сағаттарында ашық әңгімелер қозғап тұрса деймін. Мұндай ұлағатты ақыл-кеңестерді, тиымдарды құлағына құйып өскен иманды жастар ешқашан жаңағыдай теріс әрекеттерге бармас еді. Ендеше ас атасы нанды әрқашан қадірлеп, әрбір адам обал-сауап дегенді ұмытпасақ екен.

   Шаргүл Қасымханқызы