Ұлы ақынның аманаты

Биыл ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 131 жыл. Алаш қайраткері сол замандағы басты мәселелерді, ел теңдігі, табиғат көркемдігі, қиыншылықтар мен жақсылықтарды өз өлең- жырларына арқау еткен болатын.

Мағжан Жұмабаев әдебиетіміздің алтын қорынан ойып тұрып орын алған тұлға. Оның өлеңдері қазақ қоғамын, әсіресе жастарды білімге, өнерге, Отанын сүюге тәрбиелеуде үлкен маңызға ие. Ол өлең жазудан бөлек, ұрпақ тәрбиесіне арнап «Педагогика» деген ағартушылық бағытта кітап жазған болатын.

Сонымен қатар, Мағжан – сыршыл ақын. Шығармалары философияға құрылған. Яғни, шығармада ақынның ой тебіренісі, сезгені, жүректің қайғыруы, жанның күйзелуі сияқты сезімдер туындыдан анық көрініп тұр. Мағжанның кез келген шығармасына көз жүгіртсек, оқырманды мұңайтады, оятады, жылатады, жігерлікті, күш-қуаттылықты асқақтатады. Осындай асыл құндылықтарға ие, керемет шығармаларының бірі – «Мен жастарға сенемін».

Мағжан Жұмабаевтың бұл көркем туындысы болашақтың жарқын өркендеуі, асқақтай дамуы тек жастардың қолында екенін ұғындыруды мақсат етті. Ақын саналы ғұмырында туған халқының жағдайын ойлап, қазақ балаларының өзгелер секілді білім мен ғылымды тең меңгеру және ұғындыру жолында тер төкті. Өзге қазақтың ұлы зиялыларымен бірге жала жабылып абақтыға қамалды, жер аударылды. Бірақ, қанша қиындық көрсе де болашақтан, жастардан үмітін үзген жоқ. Ол ел болашағына сенді, олардың ғасырлар бойы армандаған арманы бір күні шындыққа айналып, орындалатынын білді. Ақынның ерекше бұл сезімін мына өлең жолдардан байқауға болады:

«Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін»…

Жанынан арды қымбат санаған қайраткер, сыршыл ақынның үміті ақталды. Сөзімнің соңында Мағжан ақын айтқандай, қазақ халқының болашағы тек саналы, қайратты ұрпақтың қолында.

Жанерке БЕЙШЕНҚҰЛОВА,

Төле би атындағы №8 гимназиясының 10 «Ә» сынып оқушысы.

Тараз қаласы.

Elana.kz