Ұлттық комиссия халықтың уәжіне құлақ асады

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Жер реформасы жөнінде құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр. Жиынға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етіп, жұмыс тобының регламенті бекітілді. Ұлт келешегі жолында маңызды шешім қабылдауы тиіс комиссия мүшелерін сабырлыққа шақырған вице-премьер:

-Осында келген әрбір азаматымыз 17 миллионнан астам халықтың атынан келіп отыр. Сондықтан көптеген пікірімізді саралап, сараптап айтып, ынтымақтастықпен тиімді шешім қабылдауға шақырамын,-деді.
Сондай-ақ, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым комиссия мүшелері арасынан редакциялық жұмыс тобын құруды ұсынса, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан халықтың пікірімен санасуға шақырды. Оның ойынша, комиссия мүшелері еліміздің барлық аймағындағы тұрғындармен кездесіп, олардың да үніне құлақ асу маңызды. Айта кетейік, ойлары бір жерден шыққан қос азаматтың да ұсынысын Б.Сағынтаев та, жиынға қатысушылар да бірден мақұлдады. Ал, отырыста белгілі болғандай жаңадан құрылған комиссия еліміздегі халықпен санасатын бірден-бір жоба болмақ.

«ЕлАна»