Ұлан Қонысбаев: Мен футболдағы соңғы сөзімді айтқан жоқпын

Қазақ футболының жарық жұлдызы Ұлан Қонысбаевпен сұхбаттасқан едік.

— Ұлан, Қытай құрамасымен болған кездесуде ауыр жарақат алып, күрделі отаны бастан кешіргеніңізді ел жақсы біледі. Сегіз айға созылған емнен кейінгі қазіргі жағдайыңыз қалай?

— Аллаға шүкір, қазір денсаулығым бір қалыпты. Қытайда жасалған ота сәтті шықпаған соң, Италияда аяғыма қайта ота жасатуға тура келді. Сол себепті футболдан көп уақыт қол үзіп қалдым. Алайда қазір өздігімнен жаттығу жасап, денсаулығымды шыңдаудамын. Бұйыртса, екі-үш айда алаңға қайта ораламын деген үміттемін. Менің «Астана» клубым қазір оқу-жаттығу жиындарына аттанып кетті. Мен денсаулығыма байланысты бара алмадым. Десе де, клубтың негізгі құрамына қайта оралу үшін барымды салып, аяғымды шыңдап жатырмын. Егер бапкерлер мүмкіндік берсе, осы маусымда ойнасам деймін. Ол үшін, әрине, өзімнің дайындығымды дәлелдеуім қажет. Мүмкін, жазға қарай «Астана» клубы сапында алғашқы ойынға шығатын шығармын. Қазір аяғым толықтай қалпына келіп қалды. Сондықтан ұлттық құрама сапында да өнер көрсете алатыныма сенімдімін.

— Жарақат алғаныңызда еліміздің футбол федерациясы тарапынан қандай көмектер жасалды?

%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d0%bd— Шындықты айту керек, футбол федерациясының денсаулығымның тәуір болуына қосқан үлесі мен қолдауы шексіз. Қытай мен Италияда жасалған оталар мен емделуімді федерация толықтай мойнына алды. Қажетті нәрсенің барлығымен қамтамасыз етіп, шығындарымды төлеп берді. Сондықтан федерация басшылығына айтар алғысым шексіз. Қытайда жарақат алуым тек жазым. Егер Құдайдың қалауы болса, быламыққа да тіс сынып жатады ғой. Сондықтан менің жарақатыма қатысты ешкімді кінәлауға болмайды. Мұндай жағдай спортта кез келген адамның басында болуы мүмкін.

— Егер «Тараз» футбол клубы шақырса келесіз бе?

— Шақырту болса, келемін. Өзімнің түлеп ұшқан клубым болғаннан кейін, «Тараз» жейдесін киіп ойнау мен үшін әрдайым құрмет. Тек, жалға алу жүйесі арқылы емес, нақты келісімшарт бекітілсе.

— Қалай ойлайсыз, соңғы жылдары жергілікті құрама не себепті жақсы ойын көрсете алмай жүр?

— Ең бірінші футболшыларға жағдай жасау керек. Клуб соған басты назарды аударғаны жөн. Екіншіден, жергілікті жердің жігіттеріне ойнауға мүмкіндік берілсе, ойын түзелетініне сенімдімін. Біздің «Тараздың» қанына сіңген жаман қасиет, жаңа бапкер келсе болды, өңкей аннан қашқан, мыннан қашқан легионерлерді жинап алады. Нақтырақ айтсақ, өзге мемлекеттердегі клубтардың екінші сортты ойыншыларын қыруар қаржыға шақырып, шашылып отырғандарына мәз. Бұл дұрыс емес. Өзіміздің Жамбыл да жақсы ойнайтын жігіттер жетерлік. Тек олардың бетін қақпай, белін буу керек. Сонда ғана ақшаны емес, намысты ойлаған жігіттер жүйелі ойын көрсетеді.

%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d0%bd2

— «Тараздың» жаңа бапкері Ваит Талгаевқа қатысты пікіріңіз қандай?

— Талгаев — өте білікті бапкер. Қазақстандық клубтарда көп жұмыс жасады. Өзімнің де одан үйренгенім аз емес. «Терек» клубында үлкен жетістіктерге жеткізді. Сондықтан бұл бапкерден мен тек жақсы дүние күтемін. Әрі, биылғы маусымда «Таразды» жаңа қырынан танытады деп сенемін.

— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

— Менің қазіргі алға қойған басты мақсатым — үлкен футболға қайта оралу. Мен әлі футболдағы соңғы сөзімді айтқан жоқпын.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Саятхан Сатылғанов