Ұ.Байжанов: IT-білімді белсенді енгізуге күш салудамыз

Күні кеше Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кеңейтілген жедел кеңесі өтті. Отырыста 2016 жылдың қорытындысы жасалды. Талқылау барысында ғылыми-білім беру қызметінің нәтижелеріне талдау жасалды, бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді, алдағы уақытқа арналған басым міндеттер белгіленді.

Академия ректоры Ұлан Байжанов атап өткендей, былтырғы жыл Академияның қалыптасу жылы болды. Академияның тиімді әрі нәтижелі жұмысқа бағытталған алға қойған міндеттерін тиімді шешу жолының негізі қаланды. Институционалдық реформаларды жүзеге асыру аясында құрылымдық өзгерістер өткізілді, жұмыс тәжірибесіне жобалық менеджмент қағидалары, жаңа әдіс-тәсілдер мен алдыңғы қатарлы оқыту инновациялары енгізілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін тұрақты түрде оқыту жүйесі ретке келтірілді.

Ұлт жоспарындағы стратегиялық мақсаттардың логикалық жалғасы Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы болды. Президент маңызды басымдақтырдың бірі ретінде адами капиталдың сапасын жақсартуды белгіледі. Оны іске асырудың басты шарты ретінде білім беру жүйесін сапалы өзгертуді атап өтті. 

Басты назарды білім беру мәселесіне аудару Академияның алдына түбегейлі жаңа міндеттерді қойып отыр. Оқыту бағдарламаларының басты бағдары оқу процесіне IT-білімді белсенді енгізу, сыни ойлау қабілетін және ақпаратты өз бетімен іздестіру, жаңашылдықтарды қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталуы тиіс. Бұл жұмыстың ажырамас бөлігі құқық қорғау органдары қызметкерінің этикалық бейнесін қалыптастыру, адамгершілік қасиеттері жоғары үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеп шығару. Бізде бұған қажетті әлеует пен ресурстар бар, — деп атап өтті Ұ.Байжанов.

Отырыстың қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелерге қойылған міндеттерді тиісінше орындау, ғылыми-білім беру қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру бойынша шұғыл ұйымдастырушылық-практикалық шараларды қабылдау тапсырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ Бас Прокурор қойған міндеттерді сәтті орындау, ең басты мәселеге – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуды көздейтін реформаларды іске асыруға қолдау көрсетуге бағытталуы тиіс.

Бас прокуратураның жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясының

баспасөз қызметі