Үш жылда 50 миллион ағаш отырғызылды

Облысымызда тал-дарақ отырғызу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жалпы, соңғы үш жыл көлемінде облыста 50 миллион ағаш көшеті отырғызылған. Бұл көрсеткіш биылғы күз айларында отырғызылды және тұқымнан себілетін ағаш отырғызу жұмыстарын қосқанда 65,5 миллионға жеткізілмек. Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев орман шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баян етті.

Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар алқапты құраса, оның ішінде орман ағаштары көмкерген жерлер 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Облыста 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, аймақта 140 миллион ағаш отырғызу тиіс болатын. Жоспар аясында өткен жылдың көктем айларында 5190 гектар алқапқа 15,3 миллион ағаш көшеті отырғызылып, 250 гектарға орман толықтыру жұмыстары атқарылған.

– Осы жылдың көктем айларында 5670 гектар алқапқа 16,6 миллион ағаш көшетін отырғызу және 350 гектарға 345 мың дана тал-дарақпен орман толықтыру жұмыстары орындалу қажет болған. Алайда, вегетациялық кезеңнің басталуына байланысты тек 5330 гектарға 15,6 миллион көшет отырғызылды. Осылайша жоспар 94 пайызға орындалды, қалған 340 гектар алқапта егу жұмыстары күз айларында толық орындалатын болады, – дейді Олжас Баққараев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы орманды қорғау бойынша қолға алынған жұмыстарды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, орман қорындағы орманшылықтарда 34 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылған.

Облыстың орман қорын өрт қауіптілігі жоғары маусым бойы Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК 1 ұшақ пен 1 тікұшақ арқылы әуеден бақылау- мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

– Мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 557 адам және 1-ші, 2-ші орман өртін сөндіру станцияларында 258 өрт жасақшылары құрылған. Өрт сөндіру жасақшылары нысаналы формалармен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өткізілген. Орман қорын күзетуге 72 бірлік жеңіл автокөлік орман шаруашылығы мекемелерінде кезекшіліктерге қойылған, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, биыл орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында 280 миллион теңге қаражат қарастырылып тиісті техникалар мен агрегаттар алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қажетті техникамен қамтылу көрсеткіші 78 пайызға жетіп отыр.

Жалпы, соңғы үш жылда облыстық бю джеттен 583 миллион теңге бөлініп, 21 трактор, 14 автокөлік және 183 дана агрегат алынған.

Облыс әкімі тиісті басқармаға Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, дала және орман өрттерін болдырмау мақсатында тиісті шараларды қабылдау керектігін, «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидаларына» енгізілген өзгерістерді шаруашылықтарға кеңінен түсіндіру маңыздылығын атап өтіп, нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жауаптыларға орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасын жаңарту жұмыстарын жалғастыруға бюджеттік өтінім беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Aq jol»-Aqparat.