Үш тілді білім жүйесі еріккеннің ермегі ме?

 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 79-шы қадамында жоғары сыныптар мен ЖОО-да кезең-кезеңімен ағылшын тілінде оқытуға көшу көзделген. Басты мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Жалпы халықты дәл қазіргі уақытта, 5 күндік оқу жүйесі мен білім беру процессіне енгізілетін 3 тілдік норма қатты алаңдатып отыр. Жалпы білім беру саласындағы сансыз реформалардан шаршаған халық, бұл жолы да қолын сілтеді. Неге? Енгізілгелі отырған жаңалықтың жағымды жағы қандай, жағымсызы не? Осы мәселелерге ой жүгіртіп, барымыз бен қол созған биігімізді саралап көрелік.

Жуырда бір топ журналист пен блоггер ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлымен кездесті. Басты күйіп тұрған мәселе — үш тілді оқытудың жайы. Министрдің айтуына қарағанда, ағылшын тілінде оқытылатын жаратылыстану пәндері — информатика, химия, биология және физика екен. Оның өзінде де әзірге 10-11 сыныптарда ғана. Демек, ағылшынша оқытудың үлесі келешекте арта бермек. Қазақ тілінде оқытылатын пәндер қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы. Ал, орыс тілі мен әдебиеті жуық келешекте біріктіріліп, орыс тілінде оқытылады. Демек, орыс әдебиеті делінген бөлек пән болмайтын көрінеді. Орыс тілінде және дүниежүзі тарихы пәні оқытылмақ. Ағылшынша оқытатын мұғалімдерді қайдан аламыз? деген аса көкейкесті сауалға министр ұстаздарды онлайн-оқыту жүзеге асатынын мәлімдеді. Ол үшін қазіргі таңда 5000 жуық мектепті интернетпен жабдықтау көзделіп отыр. Мектептердегі педагогтарды ғаламтор арқылы оқыту арнайы бағдарлама аясында жүзеге аспақ. Одан қалды, педагогикалық оқу орындарында ағылшын тілін білетін ұстаздарды оқытуға күш салынады, дейді министрлік өкілдері. Бұл шаруа сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқытылып жатқан мұғалімдердің күшімен де жүзеге асырылмақ екен. Бұл өзгерістер бір күн, бір жылдың шаруасы емес, әлбетте кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тіліне өтеді. Қалған пәндер болса, 2020 жылға дейін бірте-бірте көшіріледі. Кадр мәселесіне келсек, ниет білдірген, әрі бейімі бар мұғалімдерге жазғы демалыста ағылшын тілін үйренуіне мүмкіндік жасалады. Қазірдің өзінде ҚТЛ, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушы, оқушылары волонтерлік негізде жұмыс жасауға тілек білдіріп отыр, — деді Ерлан Кенжеғалиұлы. Сабақтарды үш тілде жүргізуде әсіресе, ҚТЛ және Назарбаев мектептерінің тәжірибесі құнды. Қазақ-түрік лицейлерінде тіпті, оқушылар түрік тілін де меңгеріп, төрт тілде емін-еркін сөйлеу мүмкіндігіне ие болып жүргені белгілі.

Министр мырзаның сөзіне сүйенсек, орта мектептерде сабақтар бастан-аяқ тек ағылшынша жүруі шарт емес. Ең бастысы, ұғымдық аппарат (понятийный аппарат) ағылшынша болады. Яки, ұстаз сол ұғымдарды жиірек қолданса болғаны.   Бұл салада бүгінде экономикасы әлдеқайда алда кеткен Сингапур, Малайзия елдерінің білім беру саласының мол тәжірибесі ескеріліпті. Мәселен, малай, ағылшын және қытай тіліне басымдық беретін Малайзия мектептерінде жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады. Тиісінше,  тарих пен әдебиет тек малай тілінде оқытылады. Нәтижесінде, малайлық білімпаз қауым қазірде екі немесе үш тілді. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша,  үш тілді мектепті қазірден жасақтамайынша кері кеткеніміз кеткен. Онсыз да қазір біздің 8 сыныптың оқушысының білімі Ресейдің 7, ал батыс елдерінің 6 сынып оқушысының білімімен теңесіп, төмен түсіпті. Демек, оқушылар 2 жылға білім деңгейімен қалып қойған. Бұл PISA (Programme for International Student Assessment) мектеп оқушыларының білім деңгейін бағалайтын халықаралық бағдарлама қорытындысы. Тек математикалық білім деңгейінде қазақстандық оқушылар күллі әлем елдері ішінде 49 орында екен. Бұған әсер ететін факторлар әрине көп, бірақ бастысы тіл екені бесенеден белгілі. Ғылым өресі қазір күн сайын қарыштап дамып жатыр. Бастысы, ғылым тілі ағылшын тілі болып отыр. Малайзия сияқты Қазақстанның ағылшын тіліне басымдық беріп отырғанының сыры неде? Ағылшын тілінде бүгінде бүкіл әлемде 1 жарым миллиардттан астам халық сөйлейді. Одан өзге, бұл тілді 1 миллиардқа жуық халық үйреніп жүр. Демек, 2 жарым миллиардттай адамзат баласы ағылшын тілінде еркін сөйлейді немесе тым құрығанда түсінісе алады деген сөз. Жаһандық желі интернеттегі ақпараттардың тең жарымына жуық, яки 50% ағылшын тілінде, қалған бөлігі әртүрлі тілде жарияланған. Ағылшын тіліндегі жарияланымдар саны орыс тіліндегісіне қарағанда 6 есе көп. Билингвалды халық бүгінде көптеген дамыған мемлекеттерде қалыптасып үлгерді. Мысалға келтірілген Малайзиядан өзге, Бельгияда балалар 3 тіл, Нидерландыда 4 тілді біліп өсіп-өнеді. Ал, енді мұны қазақ тіліндегі ақпаратпен салыстырып көрейікші. Нақты санайғақты келтірмей-ақ, көңіл көншітпейтін жәйт алдымыздан кесе көлденең шығады. Ағылшын тіліндегі миллиондаған ақпаратты қазақ тіліне іріктеп тәржімалағанның өзінде сандаған жыл керек екенін аңғару қиын емес.

Мемлекет халықтарының ағылшын тілін меңгеру деңгейін айқындайтын «Education First» атты халықаралық рейтинг бар. Рейтинг өлшемі аясына ағылшын тілін жақсы білетін немесе азаматтары шамалы болса да меңгерген 70 ел мысалға алынған. Халқы ағылшын тілін өте жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттердің алдыңғы ондығында Швеция, Нидерланд, Дания, Норвегия, Финляндия, Словения, Эстония, Люксембург, Польша және Аустрия тұр. Назар аударатыны, бұрынғы Кеңес елдерінің ішінде халқы  ағылшын тілін өте жақсы меңгерген елдің қатарында Эстонияның тұрғаны. Кеңес Одағынан ірге ажыратқан 26 жыл ішінде Эстония өз азаматтарына ағылшын тілін жоғары деңгейде үйреткені таң қалдырады. Бұл бір тараптан Балтық елінің ертебастан еуропалық қауымдастыққа қосылуға талпынысының нәтижесі болса керек. Қазақстан 70 мемлекеттің ішінде бұл тізімде әзірге 54 орында. Көңіл көншітер көрсеткіш емес әрине. Қазақ елінің алдына Латвия, Литва, Украина тіпті, Ресей де шығып кетіпті. Әлбетте, бұл елдердің еуропа құрлығымен шектесіп жатқаны да ағылшын тілінің   тез таралуына ықпал етсе керек. Біз мысалға келтірген Эстонияда халықтың басымы қазірде үш тілде – эстон, ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлей алады екен.

Неліктен ағылшын тілінде оқытатын пәндер ретінде нақты арифметика, химия, биология, физика пәндері алынды? деген сауал да маңызды. ҚР білім және ғылым министрлігінің ұстанымына сәйкес, бұл саладағы терминдердің дені көне латын тілінен алынғандықтан оларды ағылшынша оқыту біртараптан алғанда жеңіл. Екінші тараптан, халықаралық олимпиадаларға шыққан қазақстандық оқушылар осы пәндер бойынша бәрібір ағылшын тілінде сайысқа түседі.

Білім және ғылым министрімен кездесуде сала басшысы терминдерді аударуға қатысты да ойын ашып айтты: «Тіл өзгеріске ұшыраса ғана сақталады. Терминдерді түйдек-түйдегімен тәржімаламай бермей, сол күйінде енгізу керек. Аудара берсек, оны ешкім қолданбайтындықтан жойылып кету ықтималдығы жоғары. Тек тарихшылар ғана оқитын тіл кімге керек? Ендеше модернизация қажет. Тілге архаизация мен консервация қажет емес. Тіл мұражай экспонаты емес». Түсініксіз тәржімалаудан гөрі, түсінікті «кірме» сөздер, неологизмдер артық емес пе? Мысалы, медициналық оқулықтағы 30 мың сөздің аудармасы жоқ екен. Егер сол сөздерді түгелімен қазақшаға аударар болсақ, мен осы аударылған кітаппен оқыған дәрігерге қаралғанша, шетелде емделе берер едім, — деп қадап айтты министр. Шындап келгенде әлемде 250 миллионға жуық халық сөйлейтін орыс тілінің өзіне англицизмдер аударылмай, сол күйінде еніп жатқанын ескерсек, министр сөзінің жаны бар екенін ұғамыз. Әрине, дүниежүзінде ағылшыннан келген сөздерді өз тілдеріне сол күйінде енгізбей, тәржімалап алатын тілдер жоқ емес. Оған мысал ретінде қытай, түрік тілін айтуға болады. Түрік тілінде мәселен, тіпті, көп тілге ортақ компьютер сөзі «bilgisayar» деп аударылғанын естіп жүрміз. Алайда қытай және түрік тілдері әлемде кең қолданылатын тіл екенін қаперге алсақ, қолданыс аясы салыстырмалы түрде көп есе тар қазақ тіліне термин сөздерді аудара берсек, ұтарымыз шамалы болатынын аңғарамыз.

Тағы бір толғақты мәселе, бүгінде ауыл және қала баласының білім деңгейінде зор алшақтық бары жасырын емес. Министр осы орайда: «Қазір ауылдарға интернетті соншама шығын шығарып, еріккеннен  тартып жатқанымыз жоқ. Уақытты тек ойынмен, қызықты өткізу үшін десек қателесеміз. Бұл шара қала балаларымен салыстырмалы түрде ауыл баласының да тең мүмкіндігі болсын деген жанашырлықтан туып отыр. Интернетпен қамтылу жөнінен әлгінде мысалға келтірген Эстонияда бұл көрсеткіш бақандай 80%. Ал Қазақстанда ғаламтормен қамту деңгейі әзірге 54% ғана екен.  Мектептерде бұған қоса ағылшын тілі тереңдей енгізілсе, оқушыларымыздың өрісі кеңейіп, танымы арта түсері сөзсіз. Ауыл мектептерінің түлегіне неге Кембридж, Оксфорд, Гарвард, Стэнфорд университеттерінде оқымасқа? Мәселен, француз тілі 16 мемлекеттің ресми тілі бола тұра, Франция мемлекеті мәселен, 1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін оқу бағдарламасына енгізуге мәжбүр. Бұл француз ұлтының тілін кемсіту емес, болашағын ойлағандықтан туындаған мәжбүрлі қадам десе болады». Расында да қазірде көптеген елдердің университеттері бәсекеге қабілетті болып, оқу орындарының рейтингінде жақсы көрсеткішке ие болу үшін оқу бағдарламасын сол мемлекеттің тілімен қатар, ағылшын тіліне көшіріп жатқаны шындық. Шетелден студент тартуға бейіл Польша, Чехия, Венгрия, Қытай, Түркия мемлекеттері әсіресе, дәрістерін ағылшынша оқытуға көшірген.

Бүгінде «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясы қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім негіздеріне құрылған. Өкінішке орай, Қазақстан қоғамы тілдік қағидат бойынша қазақ тілді және орыс тілді болып екіге жарылғаны жасырын емес. Екі тілді қауым бір қоғамда өмір сүріп жатқанымен бірі  қазақ, екіншісі тек орыс тілінде сөйлейтін топтарға бөлініп, салдарынан олардың өзара түсінісуінде кедергілер туындап жатыр. Үш тұғырлы тілдің басты мақсаты да сол — қоғамның барлық қауымын біріктіріп, бірін-бірі түсінетін ортақ ақпараттық кеңістік құру. Министрдің айтуынша, осылайша біз бір тараптан қазақ тілінің өріс кеңейтуіне жол ашсақ, әрі ағылшын, орыс тілін меңгерген қазақстандықтарға ғаламдық ақпараттың қолжетімді болуына мүмкіндік ашамыз. Демек, ағылшын тілін дамыту арқылы қазақ тілінің де мәртебесін өсіру басты назардағы іс болмақ. Қазақ тілін үйретуге қатысты министр: «Осы күнге дейінгі мемлекеттік тілді оқыту әдістемелері тиімсіз болғанын уақыт көрсетті, деді.  Сол себептен біз қазір «DuaLingua» аталған әдістеме бойынша мобильді қосымша әзірлеп жатырмыз. Оған қоса, мектеп бағдарламасына қазақ тілі қосымша сағаттары енгізіледі».

Расында да министр сөзінің жаны бар. Бүгінде орыс мектептерінде көп жыл бойы қазақ тілі оқытылып келсе де, оқушылардың қазақ тілін меңгеріп шығуы некен-саяқ. Қазақ тілін білмесе де мектепте аттестатында қазақ тілі делінген графада бестік тұруын қалай түсінеміз?! Ал, мемлекеттік тілді білмесе де «алтын белгі» алып, үздік оқығандар ше?! Мұны келешекте болдырмау үшін министрліктің орыс мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін өзгертіп, қосымша тіл сағаттарын енгізуі құптарлық.

Қанат ӘУЕСБАЙ