Үлкен Ана рухына көрсетілген тағзым

Исі қазаққа аян Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың атындағы «Дулати» қоры, әруақтарға әрқашан ізгі ниетті «Бәйдібек баба» қорларынан бастап, үлкен Ана ұрпақтарының ұйымдастыруымен Алматы қаласынан шамалған бағытында Астана қаласына шығатын үлкен жолдың бойында тарихи тұлға Марау-Сарыбәйбіше үлкен анамыздың 9 ұлын жауға беріп, қайғы жұтса да «ұрпағына Жаратқаннан басыңа бақ, бауырыңа бала сұрама, бірінші еліңе бірлік сұра»  деп ешқашан қадірін жоймайтын өсиет қалдырған ана рухын ұлықтауға, биіктігі 7  метр көз ұшынан көрінетін, ақ шаршы кимешек киген, қолына сусын құйған ақ құты ұстаған, ақ жүзі нұр шашқан, әсем  өр тұлғалы үлкен ана ескерткіші тұрғызылды.

Үлкен анамыздың ұрпақтары осы аталы істің бастаушысы ұйымдастырушысы болған. «Дулати» қоғамдық қорының президенті Мүсілім Дайырбеков сынды абзал азаматтарға ата дәстүрге сай, жібек шапан жауып, сый-сыяпат көрсетілген. Жақында осы қуанышты хабарды естіген шымкенттік, тараздық, таластық, шулық ағайындар Марау-Сарыбәйбіше ескерткішіне арнайы іздеп барып, ескерткіш басында бірнеше мал сойып, Жәпек  батыр ауылындағы мешіттің есебінде тұратын  кембағалдарға үйді-үйіне сойылған малдың шикі етін таратып, мешіттегі құдайы тамақ тарату асханасына жиналған қауымға дастархан жайып ас-су беріп, ұлы әруақтарға құран бағыштап, қалың елдің ризашылығын алды. Дастархан басында алматылық қариялар Лев, Исақ, Майдан ат терлетіп аналарына құран бағыштап, құдайы тамақ беруге келген Шымкент, Тараз, Талас, Шулық азаматтарға:  «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Өліге өнер көрсеткен өрге баспас», «Әруақты сыйлаған ел азбайды» деген, сонша жерден аналарыңды ардақтап, ата жолын тәу етіп келгендеріңе рахмет. «Дәл қазір пайдасыз» деп, пасық ойлап, өздерінен-өздері қашатындарды да көріп жүрміз, әруақты ойлап, «құдай деген құр қалмайды»,-деп ақжарма тілектерін айтып, аталық батасын берді. Көп жыл басшылық қызметте болған Әмзе Исаев сынды ауылдың арқа сүйер азаматтары, Лев, Майдан, Исақ, Дәнебай  қариялар зор ризашылықтарын айтып, Әмзе ағамыз өз әулетінің атынан қонақтарға ата жолмен сый-сыяпат көрсетті.

1

Шу ауданынан барған Болат Садыров, Қайсар Қасымовтар  басқарған топ «Белаағаш әлие», «Сарытау құм», аймағындағы тарихи орындарды аралап, суретке түсіріп, шежірелі кітаптың шығуына көп көмек жасады. Осынау ұлағатты істерді істеген ақ жүрек ағайындар «Білмей қалдық мұндай іске бізде араласар едік» деп өкініп, сәлем айтқандар да болды. Мұндай елдігімізді сақтар аталы істерден алдағы уақытта хабардар болғысы келетіндер, намысы биік, патша көңіл ағайындарға хабарласып тұрар анықтама телефондар 87013010491, 87713328154.

Иә, адами жүрекпен айласақ:

Қиялап ұшқан құстың да,

Құлайтын жерге күні бар,

Жарық боп тұрған аспанның,

Қараңғы болар түні бар.

Өмірден өткен әруақтың, Рухына «тәу» етер,

Ұрпағы болмаса кімі бар?

Шіркін әмәнда, сезімің сергек намысың биік болғанға не жетсін?!

Жапар Сатылғанов,

этнограф-құсбегі, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты.

«Мойынқұм» ауданының Құрметті азаматы.