Үкімет назарына! Оңтүстіктен көш келеді, Солтүстіктер қош көре ме?  

   Бүгінде оңтүстік облыстар  халқының тығыздығы жағынан көш басында  тұрғаны  жасырын емес. Соның салдарынан жұмыссыздық пен баспана жайы қос бүйірден қысып жататыны рас. Осыған орай, Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін облыстарға ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін баса тапсырды. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына арнайы тармақ енгiзiп, бұл мәселенi шешудiң оңтайлы жолдарын белгiледi. Міне, осы бастама негізінде бүгінде Жамбыл облысынан солтүстікке қоныс аударып, құт тауып отырған отбасылар аз емес.

    Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бастапқыда 2014 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы  шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің арасында  меморандумға қол қойылған  екен. Нәтижесінде 2014 жылы 2 отбасы, 2015 жылы 5 отбасы шығысқа қарай бет алып,  Риддер қаласынан  қоныс тапқан. Олар мемлекеттік қолдау шараларымен  толық қамтылып,  жұмысқа орналастырылған. Ал  өткен жылы осы бағдарлама аясында Жамбыл облысынан  Солтүстік Қазақстан облысына 3 отбасы  көш түзеген. Олар да  тұрғын-үй, жұмыспен қамтылып, балалары мектеп және балабақшаларға орналастырылған. Сонымен қатар, барлық отбасыға субсидия төленген. Осылайша  2014-2016 жылдар аралығында барлығы 10 отбасыдан құралған  41 адам өзге өңірлерден қоныс тапқан.

Ал ағымдағы жылы қолға алынған  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» 3-ші бағыты бойынша  жоба  одан әрі жемісті жалғасын тауып отыр. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Сейдахмет Сейітбековтың айтуынша,  есепті кезеңде 31 отбасынан құралған 128 адам Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған екен.

-Жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының арқасында бағдарламаға қатысушылардың саны биыл айтарлықтай өсті. Атап айтсақ, Қордай ауданынан 17 отбасы бірден көшсе, Шу ауданынан – 6, Тараз қаласынан – 4 және Жамбыл мен Т.Рысқұлов аудандарынан 2 жанұядан қоныс аудару туралы өтініш түсті. Қазір жерлестеріміз Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют,Аққайын, Есіл, Тайынша, Айыртау, Тимирязев, Шал ақын және  Ш.Уәлиханов атындағы аудандарда  тұрып жатыр. Көшіп барған қандастарымыздың басым бөлігі  шаруашылықпен  айналысып жатса, жеке серіктестіктерге, аудандық емханаға,балабақша,  мектеп, әуежайға жұмысқа тұрғандары бар. Сондай-ақ, жеке тігін цехын ашып, кәсіпкерліктің де көкжиегін кеңейтуде.       

 Қазірде Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Қостанай, Павлодар облыстарына қоныс аударту бойынша тұрғындардың арасында кең көлемде насихат жұмыстары жүргізілуде. Қала және ауыл халқы арасында 6000-ға жуық бағдарламаны жан-жақты түсіндірген парақшалар таратылды.

      Бұдан бөлек, шілде айында Солтүстік Қазақстан облысынан екі топ делегация келіп, ерікті қоныс аударушылармен еркін форматта әңгімелесті. Ал қыркүйек айының басында Тараз қаласында солтүстік өңірлердің өкілдерінің қатысуымен «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, оған 1000-ана аса адам қатысып, қазір 80 отбасы қоныс аударуға ниет білдіріп отыр. Міне, осы азаматтармен біз жіті жұмыс жүргізіп жатырмыз,-дейді басқарма басшысының орынбасары.

Иә, бұл жанға жылу беретін жаңалық екен. Бір жылдары «Серпін» бағдарламасы бойынша жастар өзге өңірлерге арман арқалап, білім қуып барғанын ел жақсы біледі. Алайда өткен жылдан бастап бұл бағдарлама тек Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асатын болып шешіліп, көрші облыстармен байланысымыз үзілгендей көрінген. Алайда  биыл жаңаша түрленіп жанданған жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Көшіп барған Жанна неге жылады?

Осы орайда, өзге өңірлерге қоныс аударған жерлестеріміздің жағдайын білмек мақсатта көш аттандырған аудандарға хабарласып, өзге өңірлердегі бауырларымызбен қандай байланыс барын білген едік.

Солтүстікке 17 отбасын көшірген Қордай ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, олар жерлестерінің жағдайларын  күнделікті бақылауда ұстап отыр екен.

-Өзге өңірге қоныс аударған 17 отбасының 14-і дүңгендер болса, қалғандары орыс ұлтты азаматтар. Олармен күнделікті байланыстамыз. Және қоныс аударып барған аудандарының әкімдерімен де қарым-қатынастамыз.

   Дәл қазір, көшіп барған азаматтарға 5 сотық жерден берілді. Алайда биыл олар техниканың болмауына байланысты  жерді игере алмады. Бірақ, ондағы жергілікті билік  лизинг арқылы бұл мәселені шешіп беруге уәде етіп отыр. Бұдан бөлек, әрбір отбасына коммуналдық төлем ғана міндеттелген тұрғын үйлер 5 жылға жалға берілді.Және субсидия ретінде әр отбасы мүшесіне 79 400 теңгеден төленді. Енді бағдарлама талабы бойынша, көшіп барған жерлестеріміз онда 5 жыл тұруға міндетті. Одан кейін үйлерін жекеменшікке аударып, облысқа қайтып келсе де болады. Бір сөзбен айтқанда көшіп барған азаматтарымыздың жағдайы жақсы, -дейді бөлімнің маманы Гүлшат Ешмұхаметқызы.

Маман бізге осындай ақпарат берді. Және Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданына қоныс аударған Жанна Құрақбаева есімді азаматшаның  ұялы телефонының нөмірін  қосымша жіберіп, хабарласуымызға болатындығын айтты. Хабарлама арқылы келген нөмірге қоңырау шалған едік, тұтқаның арғы жағынан көтерген Жанна қуаныштан гөрі, көз жасын төгіп салды. Оның айтуынша, келгендеріне екі айға жуықтаса да, әлі не баспанаға, не көтерме жәрдемақыға, не жерге жарымай отырған  көрінеді.

-Солтүстік Қазақстан облысына келгенге дейін бағдарлама барлық жағынан жарылқайды деп мамандар сендірген еді. Алайда келерімізді келіп алып, не үйсіз, не күйсіз қалдық. Абырой болып, жолдасым екеуміз бір шаруашылыққа жұмысқа орналастық. Қожайынымыз  бір лашық үйін берді. Бірақ, ондағы жағдай өте нашар. Мамлют ауданының әкімін іздеп барып, субсидия мен жер мәселесін сұрап едік, «шешіледі» деп шығарып салды. Келіп қалған қыс мынау. Жамбыл облысынан хабарласып, жағдайымызды сұрап жатқан адам да жоқ. Енді отбасыммен не істерімді білмей отырмын, — дейді Жанна жанайқайын білдіріп.

Жерлестеріміздің мұндай күй кешіп жатқанын естігенде аң-таң күйде қалдық. Сонда Қордай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Гүлшат Ешмұхаметқызының «бәрі жақсы» деген сөзі қайда? Бұл сауалды Гүлшат ханымға қайта хабарласып, өзіне  қойдық. Алайда ол «Аталған отбасыға   комиссияның шешімі енді шығып жатыр. Көп нәрсені білмегеннен кейін сөйлеп жатқандары  ғой. Солтүстікке олар  жуырда ғана көшті. Мәселелері шешіледі» деп бір-ақ ауыз сөзбен қайырды.

Әрине, тырнақ астынан кір іздеуден аулақпыз. Алайда жерлестерімізді өзге өңірде зар жылатып қоюда жөн болмас. Бұны облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудандық  бөлім жіті түсініп,  біріге бір шешімін табады деп сенеміз.     

Ал Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева ауданнан алты бірдей отбасы солтүстікке қоныс аударғаны туралы білмейтін болып шықты. Басқарма берген мәліметті алға тартып, сөзімізді дәлелдегеннен кейін барып, «Бұл отбасылар біздің бөлімге тіркелмеген. Яғни, өзге өңірге бағдарлама аясында көшпеген. Сондықтан біздің қолымызда мәлімет жоқ. Негізі тұрғындардың  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркелмей-ақ, басқа облысқа қоныс аударуларына құқығы бар. Және сол жақтағы комиссияға өтініш беріп, жеңілдіктер ала алады. Шу ауданынан кеткен азаматтар осылайша қоныс аударған. Бірақ, біз бұл мәселені елеусіз қалдырмай,  Солтүстік Қазақстан облысымен хабарласып, жерлестеріміздің жағдайын бақылауға алатын боламыз», — деп уәде етті бөлім басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Роза Балтабаева болса, өзге өңірге қоныс аударған отбасылардың  арасында  кері қайтып келіп жатқандары барын жасырмады.  Оның сөзіне сүйенсек, биыл кеткен отбасылардың ішінде бір жанұя жуырда ғана облысқа қайта оралыпты. Сұрай барған бөлім мамандарына олар  солтүстікті жерсіне алмағандығын жеткізген көрінеді.

Міне, оңтүстіктен көш түзеп, солтүстікті бетке алған жерлестерімізге қатысты жағдай осы. Әрине, жоғарыда аталған келеңсіз жайттар барлық жанұялардың басынан өтіп жатыр деп айтудан аулақпыз. Алайда орын алған фактілерден тағы қаша  алмаймыз. Сондықтан көші-қонға жауапты мамандар, аудан әкімдері бұл мәселені жіті назарға алады деп сенеміз.  Ең бастысы  басы тәп-тәуір басталған бастаманың соңы сылдыр суға, одан әрі буға, ал жауапты адамдар қуға айналып жүрмесін деп тілейік.

 

Саятхан Сатылғанов

Жамбыл облысы