ҚЫЗЫЛӘУІТТЕ ҚАЙНАҒАН ТІРЛІК КӨП

Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылдық округі бір кездері «Ильич» атындағы кеңшар болып тұрғанда қойдың қаракөл тұқымын өсіріп, елтірі дайындаумен атағы кеңге жайылған елді мекен еді. Еліміз тәуелсіздік алып, қаржы дағдарысы қыспаққа алғанда да мұнда жұмыссыз жүргендер некен-саяқ болатын.
Өйткені аталған кеңшар таратылмай, акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, мемлекетімізді жаппай жұмыссыздық жайлаған кезде «Көктал» акционерлік қоғамының сол кездегі президенті Керімбек Оязбеков біліктілігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында отар-отар уақ малдан бір тұяқ шашау шығармады, малшаруашылығын ырғақты дамыта білді. Техникалар да қаңтарылып тұрмай, шопандарды мезгіл сайын күздеуге, қыстауға, жайлауға көшіріп, малшылардың отын-суын тасу, егін егу, ору, түсімді қамбаға жинау секілді шаруаларға жұмылдырылды. Сол кездері ауылдықтардың кез келгені 5 гектар суармалы жерді жалға алып, жылма-жыл жоғары сұрыпты бидай егілген алқаптан еңбегіне қарай астық алып отырды. Ауылдан сол кезде Орынбасар Әлжаппаров заманауи үлгіде диірмен салып, қызыләуіттіктер ет пен нан өніміне келгенде сыртқа тәуелді болмады. Шаруашылықта еңбек етіп жүргендердің бірі диқаншылықпен айналысса, бірі мал қырқумен, тағы бірі малшылардың қора-жайын бүтіндеумен айналысты. Механизаторлардың да тақымы жыл он екі ай техникадан босамады. Бүгінде аталған шаруашылық жеке қолға өткенімен жалпы ауылдық округте қайнаған тіршілік, қаймағы бұзылмаған қазақы салт пен үзігі үзілмеген үрдіс әлі де сақталған. Өткенді тілге тиек етуіміздің басты себебі – мұндағы тұрғындардың қазіргі тіршілігі мен жұртшылықтың жұмыспен қамтылу деңгейі қандай екенін білу.
Құрамында екі елді мекен бар аталған ауылдық округте қазір 325 түтін болса, халық саны – 2 219. Қызыләуіт ауылында – 300 үй (2101 тұрғын), Ақтөбе ауылында 25 аула (118 тұрғын) бар. Мұндағы тұрғындар негізінен ауылшаруашылық саласынан нәпақасын айырып отыр. Жұртшылықтың дені К.Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, тағы бірі өзге де шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлікте еңбек ету арқылы табыс табуда. Бұдан бөлек мектеп, балабақша, медициналық ұйым секілді әлеуметтік нысандар арқылы отбасын асырап отырғандар жетерлік.
– Халықтың тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 5 бағыт бойынша 2 ауылдың 110 ауласына 440 миллион теңге қарастырылып отыр. Ауылдың жер жағдайы, халықтың бейімділігі малшаруашылығына жақын болғандықтан 109 отбасы мал алуға ниет білдіріп отыр. Пилоттық жоба аясында орын алған проблемалық сұрақтар да жоқ емес. Мысалы, ауыл тұрғындарының кепілге қоятын жылжымайтын мүлік құжаттарын жаңарту және кооператив құру бойынша бірқатар мәселе туындап отыр. Қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындарының «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында көзқарасы оң, толық қолдау көрсетілуде. Ауылда 2023-2024 жылы жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған жағдайда наубайхана ашпақшы, – дейді Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Ғарифулла Тоғайбекұлы.
Жалпы ауылдықтар арасында түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ауылшаруашылығы немесе кәсіпкерлік бағыты бойынша жаңадан іс бастаймын, кәсіп аясын кеңейтемін, еңбек етемін деген азаматтарға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, ауыл тұрғыны Нұрлан Назарбеков «Эко чикен» бағдарламасы бойынша балапан өсіруге ниет білдіріпті. Ауылдық округте «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 3 азаматқа 32 700 миллион теңге несие рәсімделіп, 37 жылқы сатып алынды. «Алшын» шаруа қожалығы 6 700 000 теңгеге қылқұйрықтың сегізін сатып алса, «Ғалымжан» шаруа қожалығы 12 000 000 теңгеге 13 жылқы әкелген. Қамбар ата малының тұяғын көбейтуге атсалысып жатқан «Найзақызыл» шаруа қожалығы 16 жылқыны 14 000 000
теңгеге сатып алып, енді «Беларус МТЗ-80» тракторын алуға әрекет етіп жатса керек. «Мирас» шаруа қожалығы
12 000 000 теңгені 240 қойға жұмсаған. «Рауан» шаруа қожалығы 3 500 000 теңгеге 8 жылқы алған.
К.Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірнеше трактор тіркемесін алуды жоспарлап отыр. Биыл көпбалалы отбасындағы бір адам қайтарымсыз грант алса, екі адам жастарға беріліп жатқан 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті.
Сондай-ақ осы жылы «Бастау бизнес» оқу курсын аяқтап, сертификатын алған округтегі 6 тұрғын құжаттарын тиісті жерге өткізіп, комиссияның шешімін күтіп отырса, 1 адам комиссияның мақұлдауымен 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант алып, малшаруашылығымен айналысуға ден қойды. Жарас Үсіпбеков 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз қаржы есебінен жылыжайда көкөніс өсіріп, алдағы уақытта оны үлкейтуді көздеп отыр. Дархан Тәттібаев та осы мөлшердегі қайтарымсыз қаржы арқылы жылыжай құрылысын қолға алыпты. Серік Алпысбаевтың грант алу арқылы және Самат Төребековтің өз қаражатын жұмсап өндірген «Биогомусына» ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары.
– 21 мен 35 жас аралығын­да­ғы жұмыссыз жастарға арналған 2,5 пайыздық несие бағдарламасы бойынша 1 азамат 4 миллион 500 мың теңге несие алып, мал санын өсіруге бекінсе, екінші бір ауыл тұрғыны құжаттарын өткізіп, қаржыландыруды күтіп отырған жайы бар. «Мирас» шаруа қожалығы «Әулие-Ата» несие серіктестігінен 240 уақ мал өсіру үшін 12 000 000 теңге несие алды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Нұрбақыт» жеке кәсіпкерлігі 3 миллион 500 мың теңге несиеге қол жеткізіп,
8 жылқы алып, оны өсіруге білек сыбана кірісті. «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша өткен жылы «Рахат» шаруа қожалығы «Беларус МТЗ-82» тракторын және шөп тайлағыш тіркемесін алған болса, биыл 1 миллион 400 мың теңгеге «Роторный косилка» трактор тіркемесін алды, инвестициялық субсидияға құжатын өткізді, – деді ауыл әкімі.
Ауылшаруашылық саласын субсидиялау жұмыстары бойынша былтыр 78,1 миллион теңгенің 34 жобасы игерілген екен. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 19 миллион 495 мың теңгенің 10 жобасы мақсатты жұмсалған. Оның ішінде 17 миллион 440 мың теңге – асылтұқымды уақ мал сатып алу бойынша, 1 миллион 425 мың теңге – асылтұқымды аналық сиырдың селекциялық жұмыстары үшін, 610 мың теңге тауарлы аналық сиырдың селекциялық жұмыстары үшін субсидияланған. Тарқата айтқанда, 101 асылтұқымды аналық сиырға – 1 515 миллион теңге, 133 тауарлық аналық сиырды асылдандыру жұмыстары үшін 1 330 миллион теңгеге, 7 516 асылтұқымды саулыққа 30,064 миллион теңге, 7 489 уақ малды асылдандыру жұмыстары үшін 18,722 миллион теңге, отандық асылтұқымды 19 қошқар үшін 285 мың теңге субсидияланып, шаруалар игілігіне беріліпті. 7 605 қозы етке өткізіліп, 22,815 миллион теңгеге субсидияланған. Бір шаруа қожалық 70 жылқы малын бордақылап жатса, тағы бір тұрғын 55 бұқа бордақылайтын алаңның құрылысын жүргізіп жатыр екен.
– Қызыләуіт ауылдық округінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба тұрғындардың табысты болуына өз септігін тигізуде. Мәселен, осы ұлттық жоба аясында 2022-2023 жылдары жұмысқа бірқатар тұрғын жолданды. Атап айтқанда, «Қоғамдық жұмысқа» –
20, «Жастар тәжірибесіне» – 5, «Алғашқы жұмыс орнына» – 1, «Әлеуметтік жұмысқа» – 13 және «Күміс жас» жобасына 10 адам жіберілсе, тұрақты жұмыс орындары бойынша 27 адам жұмысқа орналасты. Бүгінде өңірлік «Даму» жоспары аясында Ақтөбе ауылына тартылып жатқан газ құбырына 5 адам жұмысқа жіберілген болатын. Олар сол құрылыс нысаны ел игілігіне ұсынылғанша еңбек ететін болады.
Ауыл жастарының ішінде 18-20 жасқа толатындардың жай-күйі, жалпы жастардың жұмыспен қамтылуы назардан тыс қалған емес. Қызыләуіт ауылдық округі бойынша 621 жас бар. Оның ішінде 18-20 жас аралығында – 71, 16-29 жас аралығында – 290, мектепте білім алып жатқан 14-17 жас аралығындағы 184 оқушы бар. Студенттердің саны – 93, ал әскер қатарына алынған 5 азамат Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүр. Жастардың арасында 115 адам жұмыспен қамтылған. Жеке негізде және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 161. 7 өрен жұмыссыздар есебінде болса, NEET санатына жататын 2 адам бар. 6 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, екі адам «Жастар тәжірибесінен» өтіп жатыр, – дейді ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Серәлі Құрманбек.
Қызыләуіт ауылдық округінде «Жастар тәжірибесінен» өтіп жатқан жастың бірі – Жанерке Жүрсінбек осы ауылдағы жас келіннің бірі. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін аудит және салық мамандығы бойынша бітірген Жанерке Қайнарбекқызы Талас аудандық жұмыспен қамту орталығына жыл басында жұмыс сұрап барғанын, ондағы мамандар «Жастар тәжірибесі» арқылы өз ауылына жолдама бергенін айтады.
– 2018 жылдың шілде айында Қызыләуіт ауылына келін болып түстім. Екі жылдан кейін Алматыдағы оқуымды бітірдім. Биыл «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысып отырмын. Қазіргі уақытта Қызыләуіт ауылдық округі әкімдік аппаратында жұмыс істеп жатырмын. Еңбекақы мөлшері 87 000 теңгені құрайды. Тәжірибеден өту уақыты – 8 ай. Осында келгелі бірқатар құжат түрлерімен таныстым. «1С» бағдарламасындағы негізгі жұмыстарды, яғни айлықақы аудару, салықтық түсімдерді есептеу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру түсімдерін аударуға қатысты жұмыстарды меңгердім. Одан бөлек тәлімгерім құжаттарды рәсімдеуді көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Ж.Жүрсінбек.
Округ бойынша 318 түтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған есебінде болса, табысы жоқ аула саны жетеу екен. Дегенмен табысы аз отбасылар үшін әркез қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Ғ.Байкенжеевтің айтуы бойынша, биыл ауыл кәсіпкерлері мен жастардың демеушілігі арқылы ауылдық округ бойынша жалпы
1 миллион 250 мың теңгені құрайтын қаржыға жалғызбасты, көпбалалы, мүгедектігі бар, тұрмысы төмен 33 отбасыға 50 мың теңге көлемінде азық-түлік таратылған. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жерлестері жалғызбасты ана Айнагүл Үсіпбековаға өткен жылы ауылдықтардың көмегімен баспана салып берген. Осы жылы әлеуметтік жағдайы төмен Елдос Мейірбекұлының жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, ауылдың жеке кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындарының демеушілігімен үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында қолданысқа беру ойларында бар.
«Мейірім» жобасының тұжырымдамасы бойынша аудандағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде ауылдық округ әкімі аппаратына 1 бала бекітілген екен. Оның «Отбасы банкінде» жеке есепшоты ашылып, тиісті аударымдар жасалыпты. Кәсіпкер Шахзада Жәмішов жағдайы төмен 12 отбасыға 50 000 теңге ақшалай көмек беріпті. Қаражат құны –
600 000 теңге. Жарқынбек Тойлыбаев көпбалалы, жалғызбасты, тұрмысы төмен 40 отбасыға 40 қап ұн таратқан екен. Жарылқасын Тәттібаев демеушілер арқылы тұрғызылған спортзалдың ішіне 1 миллион 500 мың теңгеге заман талабына сай бокс рингін алып беріпті. Ауыл жастары 10 аз қамтылған отбасыға 150 мың теңгеге азық-түлік сатып алып берген.
«Ауылым – алтын бесігім» жобасы бойынша 1986 жылы туған азаматтар былтыр ауыл мешітіне 1 миллион теңгеге заманауи пешті бастырмасымен бірге салып берсе, биыл 1995 жылғы ауыл жастары «Шұқырәуіт» көлінің каналына көпір салып, 800 мың теңге жұмсапты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына 2 қазан-ошақ, 2 титан самаурын, 1 қол жуатын құрылғы алып берді. Ерхан Қыдыров көпбалалы 10 отбасыға аяқкиім таратқан.
Негізінде ауылдық округ тұрғындары ішінде жұмыссыздықты сылтау етіп, өзгеге масыл болып отырғандар жоқтың қасы. Осы көктемде қолының қары бар жігіттер бірқатар шаруа қожалықтағы уақ малдың әрқайсысының жүнін 370 теңгеден қырқып беріпті. Сол секілді жұртшылықтың бірі шөп орып сатса, екіншісі ырзығын құрылыс істеу арқылы айыруда. Дегенмен ел іші болғаннан кейін бірен-саран тұрмыстық жағдайы төмен отбасы болатыны белгілі. Мұндайда қызыләуіттіктер қайырымды іс ретінде бірін-бірі демеп, бірінің жоқ-жітігін бірі түгендеп беруді көптен бері үрдіске айналдырған. Біз түтіні түзу, тірлігі тиянақты ауыл тіршілігін бер жақтан ғана сөз еттік. Әйтпесе кез келген ауыл тұрғыны қашанда қайнаған тірлік пен қызу еңбектің бел ортасында жүретіні әмбеге аян.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Талас ауданы