Қыздың арын қызғыштай қорымасақ, құрдымға кетеміз

Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады. Сауалда көтерілген мәселе өте өзекті. Соңғы уақыттары қоғамда қыз баланың кәмелеттік жасқа толмай жатып жүкті болуы кең етек алып барады. Бұл ұл мен қыз өсіріп отырған ата-аналарды бей-жай қалдырмасы анық. Осы тақырыпқа орай депутатпен тілдесудің сәті түсті.

— Бақтияр  Мәкенұлы, қоғамда белең алып бара жатқан ұлттық менталитетімізге жат қылықтар жан шошытады. Соның ең өзектісі — жас қыздардың арды аттап, түсік жасатуы. Сіз депутаттық сауалыңызда  қозғаған жүрек ауыртар мәліметтерді қайдан алдыңыз?

— ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен. Олардың мәліметінше, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33051 жүктілік фактісі тіркелген, оған қоса 15-18 жасар қыздар арасында 9906 жасанды түсік жасалған. Бұл мәлімет пайыздық көрсеткіш бойынша Батыс Еуропамен салыстырғанда екі-үш есеге артық. 15-18 жасар қыздар арасында аборт жасау көрсеткіштері әлі күнге дейін жоғарғы дәрежеде, нақтырақ айтатын болсақ, бір жылда жасалатын аборт саны 2 мыңға дейін жетеді. Масқара ғой!

 — Түсік жасатудың көпшілігі  мектеп жасындағы қыздарға  тиесілі болып тұр. Бұл үшін кімді кінәлаймыз, мектепті ме, ата-аналарды ма?

— Расын айту керек, мектептер мен медициналық мекемелердегі жыныстық тәрбиенің  осал тұстары өте көп, ал аталған мәселелер бойынша көмек көрсетуге тиісті қызметтер (психологиялық, отбасы мен балаларды қолдау орталықтары) іс жүзінде жұмыс атқармайды. Соның нәтижесі бәрі. Сосын ата-аналардың көпшілігі жұмыста. Қолдары қалт еткендері балаларының тәрбиелерімен айналысуға құлықсыз. Қыз анасына жоламайды, анасы қызым не істеп жүр деп бас қатырмайды. Соның зардабын тартып жатырмыз.  Жауапкершілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламторға жүктегеннен тапқанымыз осы. Балаларға кітаптар мен контрацепциялық құралдарды әперу ерте жүктіліктің қаупін азайтпайтынын түсінетін кез жетті ғой. Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік көбінесе жыныстық тәрбиенің дұрыс жүргізілмеуі салдарынан.

— Кейбір сарапшылардың сөзіне сенсек, қыз баланың ерте жүкті болуы отбасылық жағдайға байланысты деп жатады. Расымен солай ма?

— Өкінішке орай, ерте жүктілік  көбіне жағдайы төмен отбасыларда орын алады деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен  қазіргі  таңда олай емес. Бүгінгі күні әлеуметтік дисбаланс байқалуда, сол себепті материалдық жетістік балалардың қорғалуын қамтамасыз етпейді. Керісінше, оларға ата-аналарының тарапынан тиісті назар аударылмаған жағдайда материалдық мүмкіндіктеріне байланысты балалардың саналылығы төмендейді.

— Біз қит етсе жеткен жетістігімізбен мақтанып, кемшілігімізді көршілерімізбен салыстырып жатамыз. Қыздарымыздың бүгінгі лас тірлігі ТМД көлемінде көш бастап тұр деген сөз рас болды ғой?..

— ТМД мемлекеттерінде жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің көп таралғандығы сондай, оны олар індет деп те атайды. Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің пайызы Ресей және Украинамен салыстырғанда біршама аздау, бірақ бұл мәселе қатты алаңдатып, қалың ойға қалдырады. Біз мұсылман халықпыз. Қызының арын жоғары бағалаған ұлтпыз. Сондықтан діні бөлек жұртпен бұл мәселеде бір сапта болудың өзі үлкен күнә деп білемін.

— Қыз балалардың ерте жүктілігі қоғам үшін де, ұлтымыз үшін де қасірет! Осы жерде  демографиялық мәселенің құлдырап бара жатқанын да ескеруіміз керек сияқты?

— Өте дұрыс айтасыз, ерте жүкті болу жас қыздың денсаулығына орасан зиян келтіріп қана қоймай, оның соңы қайғылы жағдайларға соқтырып жатады. 15-18 жас аралығында жүкті болу кезінде болатын қиындықтар көбінесе өлімге алып келеді, мысалы, тек дамыған мемлекеттердің өзінде жыл сайын 70 000 жасөспірім қыз көз жұмады. Сондықтан да жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынастар, ерте жүкті болу мен кәмелеттік жасқа толмаған некелер, ерте жастағы түсік тастаулар, аналардың өзінің жаңа туған нәрестелерінен бас тартуы, ана мен бала өлімінің көптігі, кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың патологиялық дамуымен нәрестелерді дүниеге әкелуі, қыздар арасында суицидтердің көбеюі — осының барлығы еліміздегі демографиялық жағдайға кері әсерін тигізуде. 

— Алдыңғы парламентте сіздің бір әріптесіңіз бұндай жамандықтан құтылудың бірден-бір жолы төсек қатынасын мектеп бағдарламасына енгізіп оқыту деген ой айтып еді. Сіздің кей ой орамыңыздан соның сарыны ескендей көрінеді маған. Бұған не айтасыз?

— Мен мектеп жасындағы қыздарға төсек қатынасы жайлы сабақ жүрсін деп жатқан жоқпын. Мектептерде қыздардың денсаулығына қатысты  Валеология деген сабақ бар. Онда бәрі тайға таңба басқандай жазылған. Менің айтпағым елге танымал жақсы аналар, белгілі қайраткерлер  бар, солар мектептерге келіп, қыздармен жиі кездесулер өткізіп отырса несі жаман деген ой. Факультатив есебінде сабақ жүргізсе де болар еді. Қыз тәрбиесі үшін ақша аяудың өзі қиянат. Біздің басты мақсатымыз — Үкімет тарапындағы екі министрліктің (Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі) назарын аудару. Содан кейін профилактикалық жұмыстарды жүргізу. Қазіргі таңда бұл мәселенің қандай тенденцияға ұласып отырғанын халық көріп отыр. Қазақстанда жылына 7 мың  түсік жасалады.  Бұл — өте күрделі мәселе. Ұлттық трагедия! 

— «Ойнап жүріп от басқан» қыздардың сәбилерін кез келген жерге тастап кетуі кездесіп жатады . Оларды күйзелістен шығару, ортаға тарту, әлеуметтік көмек көрсету жағын зерделеп көрдіңіз бе?

 — Иә, қиын жағдайға тап болған жас қыздар әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Соңғы уақытта біздің қоғамда үлкен резонанстар туғызған жантүршігерлік оқиғалар орын алуда. Бұған жаңа туған сәбилердің Тараз, Ақтөбе және Жезқазған қалаларында дәретханалардың шұқыры мен қоқыс үйінділеріне лақтырылып тасталуын айтсақ жеткілікті. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан жасөспірімдердің жүктілігін, аборт жасауын, кәмелеттік жасқа толмаған аналардың өз нәрестелерінен бас тартуын болдырмауға бағытталған бірде-бір тиімді бағдарламалар жоқ. Қазақстанда балалары 18 айға толмаған немесе аяғы ауыр кәмелеттік жасқа толмаған әйелдерге көмек көрсету үшін кәсіпкерлердің қолдауымен 2013 жылдан бастап аймақтарда «Аналар үйі» атты дағдарыс орталықтарының жүйесін құруға бағытталған әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Алайда олардың толықтай қызмет етуін құқықтық реттеу қарастырылмаған. Бұл да қиындық тудыруда. Осы ретте айтқым келгені: ерте жүктіліктің жауапкершілігін тек жас қыздарға ғана жүктеп қоюға болмайды. Оған не себеп? Ата-ана қайда қарап отыр?  Мұғалімдер не бітіріп жүр? Біз қайда бара жатырмыз? Осыларды саралаған келешек әкелер, ата-аналар, мұғалімдер болған жағдайды толықтай түсінуі және сезінуі қажет. Қыздың арын қызғыштай қорымасақ, құрдымға кетеміз.

— Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Нағашыбай Қабылбек