Қызай Қараменді батыр туралы

Қаңтардың 11-і күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Астана мен Ақмола облыстарының «Қасиетті нысандары» туралы есебін тыңдаймыз деген соң бір мәселе есіме түсіп отыр. Астанадан Атбасарға шыға берісте Максимовка, Семеновка, Покровка аталатын ауылдар бар. Есілдің бойындағы тамаша жерлерге орын тепкен. Ескі переселен қоныстары. Кейін 1930-шы жылдардың аштығы келді, одан 1937, одан 1941-1945 жылдардағы соғыс, одан «Тың көтеру»- бұл жерде жергілікті қазақ қалмаған. Қазір бірді-екілі қазақтар бар, көпшілігі Торғай-Арқалық құлағанда келгендер. Бірталай адамдармен сөйлестім -дым білмейді. Жоғарыда орыс атауларының орнында қазақ қонысы, оның қазақша атаулары болды ма екен деп ескі карталардан қарадым. Бар екен ! Басқасын кейін жазармын Семеновкадан бастайын, оның байырғы атауы Қарменді батыр !
Қазақта Қараменді аталатын батырлар мен билер көп. Солардың қайсысы десем Қызай Қарменді батыр болып шықты. Қазіргі Астанадан Атбасарға шығар ауыздағы Семеновка ауылы сол заманда Қызай Қараменді батырдың қыстауы. Қараменді қырағы, қасиетті адам еді дейді. Бірде Есенгелді батыр екеуі Құттымбеттің ауылында түстеніп отырса, бата бере көріңіздер деп аяғы ауыр келіншекті алдарына әкеліпті. Қараменді батыр ақкөңіл адам екен, бата беріп сыртқа шыққан уақытта, Есенкелді «батаны бекер бердің-ау, енді Құттымбет өсіп, сенің ұрпағың өспей қалады» деген- мыс. Қалмақпен соғыстың кезінде жаудың қарауыл қарайтын қырағы қызына ғашық болып, жұрттың «екі қырағыдан су қараңғы туады» дегеніне қарамастан, соны алып баласы суқараңғы болған екен деседі.
Тағы бір анықтағаным 1922 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан тұста қараөткелдік қазақ азаматтары Қараменді батырдың бейіті маңында Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына арнап ас беріп, ат шаптырып үлкен жиын өткізген екен. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты. Ас соңында қазақ азаматтары Ақмоланың сол кездегі көрнекті Үлкен Базар көшесін Кенесары-Наурызбай көшесі деп атаған екен. Кейін Кеңес өкіметі есін жиып, қазақты бұғауға салған уақытта бұл көше К.Маркс көшесі атанып кетті. Бірақ қазақ маңдайында бағы бар халық, ақыры өлдік-тірілдік дегенде аталарымыз армандаған, басын бәйгеге тіккен, тізеден қан кешкен тәуелсіздікке де жеттік. Сол тәуелсіздіктің бір көрінісі К.Маркс көшесі қайтадан Кенесары атына берілді. Ал ежелден хандар мен батырлар жайлаған Қараөткел өңірінде жаңа Астана бой көтерді. Өз атын да жоғалтпаған, Кенесары атына да иелік еткен Қараменді батыр расында да қасиеті мол батыр, ертеңгі күні басына белгі қойып, дұға оқығанымыз жөн болады-ау деп отырмын.